Істің көзін білген адамға кәсіпкерліктің сан алуан түрі бар. Кейінгі жылдары ұлттық өнерге ден қойған жастардың қатары көбейіп келеді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы мемлекеттен көмек алып, өз ісін ары қарай дөңгелетіп әкеткендердің бірі – Эльвира Қажытаева.
2013 жылы «Даму» қорынан» 2,5 миллион теңге грант алған. Бұл қаражат жұмыстарының алға қарай жылжуына жақсы септігін тигізіп келеді. Тігін машиналары, жүн түткіш машиналар, басқа да ең қажет деген құрал-жабдықтар алып, осы күні жұмыс біршама жүйеленді. Эльвираның өнері бүгінде кәсібіне айналған. Ол жүннен киіз басып, түрлі бұйымдар тігуді қолға алғалы бірнеше жылдың жүзі болды. Оның дайындаған көйлек, желбегей, пальтолары тек ұлттық нақышта емес, заманауи әрі өсімдік тектес өрнектермен, жануарлардың суретімен бейнеленеді. Мұндай алуан түрлілік алушының қызығушылығын арттырады.
– Біз кәсіпкерлікпен 2011 жыл-дан бері айналысып келеміз. Сол жылы жеке кәсіпкерлік аштық, – дейді ісмер қыз. – Өзім тігін өндірісі және модельдеу мамандығы бойынша колледжде білім алдым. Сосын біліктілігімді арттыру мақсатында біржылдық дизайнерлік курсты тамамдадым. «Қасиет» деп аталатын шеберханаға жұмысқа тұрып, ұстазым Ұлбосын Дәуленовадан киіз басу өнерімен танысып, осы істің қыр-сырын үйрендім. Бұрын мән бермеген екенмін, осы шеберханаға келгенде, киіздің жазда ыстық тартпайтын, қыста суыққа ұрындырмайтын, яғни бірқалыпты температураны ұстайтын қасиеті, таза өнім екені мені қатты қызықтырды. Өз қолыңмен жұмыс істей отырып қандай идеяңыз, ойларыңыз болса, соның бәрін киіз арқылы шығаруға болады. Бұл іс өте қатты ұнағандықтан, мен осы салада қалдым. Бірнеше шебер бірлесіп, «Асыл мұра» деген бренд атауымен жұмысымызды жалғастырып келеміз, – дейді ол.
Жаңа істі бастағаннан кейін үнемі ізденісте болу – шарт. Сол үшін осы сала бойынша көрмелерге қатысып, өзгелердің жаңалығын қадағалап отыру, өз жетістіктерін басқа әріптестерімен бөлісу әдетке айналған. Осы күнге дейін Астана, Алматы, Шымкент, Атырау мен Ақтауда өткен көрмелерге қатысты. Бүгінде Instagram әлеуметтік желісі арқылы өнімдерін көпшілікке таныстырып, тіпті тапсырыс қабылдау да қалыптасты. Алушылары – қарапайым халық. Сондықтан да өнім бағасының қолжетімді болуы – басты назарда.
– Адам өзі айналысатын ісін жақсы көрсе, уақытпен санаспайды. Таңның атысы мен күннің батысына қарамай еңбек ете береді. Талмай еңбектену түбінде оң нәтижесін береді. Қазірше алты адам бірігіп жұмыс істеп келеміз. Алдағы уақытта адам санын көбейтіп, жұмысымызды қазіргіден де ауқымды ете түссек деген ниеттеміз. Ынта білдірген адамға жұмыс жетерлік. Қазір шикізатты Жамбыл, Түркістан облыстарынан аламыз. Өзіміз бояймыз, кейде үлгермей жатсақ, өзгелерге тапсырамыз. Алға қойған жоспарымыз ауқымды. Еліміздің барлық өңірінен шеберхана, дүкен ашқымыз келеді. Киіз басу өнерін үйрететін курс ашу да алдағы күннің еншісінде. Әзірге бізге бәсекелес болатындай ісмерлерді көріп тұрған жоқпын. Сондықтан бастаған ісімізді ары қарай дамыта түсу басты мақсатымыз. Ауылды жерлерде жұмыссыз қыз-келіншектер көп. Болашақта ауыл-ауылды аралап үйде отырған нәзікжандыларға өз білгенімізді үйретіп, жұмыс берсек деген ойымыз бар. Олар біздің ұсынысымызды қолдайды деген үміттемін. Өйткені туған ауылым Үшаралға барып, елге көрсеткенде осы өнерді үйренуге ниеттілердің көп екенін байқадым, – дейді Эльвира.
Отбасы қолдаса, қандай қиындықты да жеңуге болады. Ол – үш баланың анасы. Отбасы мен кәсіпкерліктің қиюын келтіріп, ұштастыра білген кәсіпкер келіншектің алар асуы әлі алда.