Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Нұр-Сұлтан қаласындағы №71 мектеп-лицейде ашылған инклюзияны қолдау кабинетіне арнайы барып, аталған бағыттағы жұмыстармен танысты.
Бұл бастаманы партияның қолдауымен «Болашақ» корпоративті қоры жүзеге асырып келеді. Басты мақсат – аутизм және басқа да ментальді ауытқушылықтарға шалдыққан балалардың үйден емес, балабақша, мектеп сияқты білім ошақтарында оқуына және құрбы-құрдастарымен қатар жүріп, ортаға бейімделуіне жағдай жасау.
«Әр бала мектепке баруға лайық» жобасы аясында 2015 жылдан бері елімізде 36 осындай кабинет ашылып, жұмыс істеп тұр. Жақын уақытта Nur Otan партиясының қолдауымен «Болашақ» қоры бірнеше қалада тағы 7 кабинет ашпақ.
«Болашақ» КҚ Қамқоршылар кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова дегенмен бұл бастама барлық өңірде бірдей қолдау тауып отырмағанын айтты. Мәселен, Ақтөбе қаласында екі кабинет ашу үшін қор барлық керек-жарақты сатып алып, дайындап қойған. Алайда әлі күнге дейін мектептер қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізбей, әлеуметтік педагог, психолог және дефектолог мамандарын бөлмей отыр. Бауыржан Байбек бұл мәселені жеке бақылауына алатынын айтып, партия тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
– Қазіргі таңда елімізде білім беруде ерекше қажеттікті талап ететін 150 мыңнан астам бала бар. Олардың әрқайсысын әлеуметтік ортаға бейімдеп, қоғамның толыққанды мүшесі болуына көмектесу – біздің ортақ міндетіміз. Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында мәслихаттардағы Nur Otan фракциясы арқылы ерекше қажеттіліктерді талап ететін балалармен жұмыс істейтін тәрбиешілерге қосымша қаражат бөлуді қамтамасыз етуді ұсындым, – деп Бауыржан Байбек өзінің Instagram-дағы парақшасында жазды.
Сонымен қатар ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында инклюзивті қоғам құру мәселесіне үлкен көңіл бөлінгенін және партияның 2013 жылы қабылданған доктринасында адамның қадір-қасиеті мен құқы, амандығы мен саулығы сияқты маңызды мәселелерге ерекше мән берілгенін атап өтті. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары бастапқы кезде бұл салада түрлі мәселелер болса, қазір қоғамның да көзқарасы өзгеріп, бір-біріне қолдау көрсетуге, қол ұшын созуға дайын жандардың көбейгеніне назар аударды.
– Қазіргі таңда мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып, тиісті заңдарға ондаған өзгертулер енгізілді. Нәтижесінде, заңнама базасын, қолжетімді орта және жүйелі қолдау көрсету ісін қалыптастыру қолға алынды. Ең бастысы, ерте әрекет етіп, дер кезінде жағдай жасауымыз керек. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар партияның жіті назарында болады, – деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде балалары осындай орталықтарда білім алатын ата-аналар мемлекет тарапынан жасалған жағдайға ризашылықтарын білдірді. Олар жалпы білім беретін мектептердің қолжетімсіз болуына байланысты бұрын балаларының үйден оқығанын айтып, арнайы кабинеттер ашылған кезде айрықша қуанғандарын жеткізді.
Айта кетейік, инклюзияны қолдау кабинеттерінің басты ерекшілігі әр оқушыға қажеттілігіне қарай жеке бағдарлама дайындалып, арнайы мамандар тарапынан әдістемелік қолдау көрсетіледі. Мұндай кабинеттердің жұмысы тәртіптің қолданбалы талдауы (Applied behavioral analysis) бойынша қазақстандық және американдық мамандардың басшылығымен жүргізіледі. Биылдан бастап инклюзияны қолдау кабинеттерін балабақшалардан да ашу ісі қолға алынып отыр. Ондай орталықтар әзірге Нұр-Сұлтан қаласындағы №34 және №89 балабақшаларда ашылады.
Ерке ЕРҚОҢЫР