Министрдің қабылдауы
Министрдің қабылдауы
200
оқылды

«Ұлы Хан» мобильді ойыны жуық арада жарыққа шығады. Жобаны жасаушылардың айтуынша, 3D анимация түріндегі ойын қазақ елінің тарихымен таныстыра отырып, Шыңғысхан дәуіріне бойлатып жібереді. Ойынға Қазақстан ғана емес, XIII-XIV ғасырдағы Қытай мен Ресей жері де кіреді.

150 кейіпкер, 80 қала мен 10-нан аса географиялық аумақты қамтитын ойында Қазақстанды қалай атаған жөн? Қалаларға Отырар, Түркістан, Сауран сияқ­ты атаулар береміз бе әлде, заманауи ат берген дұрыс па? Кейіпкерлерді, оның ішінде хандар мен ханшайымдарды, батырлар мен билерге, көпес­терге қандай есім береміз?

Бұл сауалдарды Nur Otan партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға «Ұлы Хан» мобильді ойынын жасау­шы компанияның Қазақстан­дағы ресми өкілдері қойды. Жоба Гонконгта, ағылшын ті­лінде жасалуда. Жобаның Қа­зақстандағы бренд-менеджері Әлібек Жабаевтың айтуынша, ойынды әлем бойынша 20 мил­лионға жуық адам ойнайды деп жоспарланып отыр. «Ұлы Хан­ның» продюсері әрі сценарий авторы Алдияр Жұмажанов осындай тың жоба жасау ар­қы­лы Қазақ елінің тарихын әлемге танытып, ұлттық бренд қалыптастыруды мақсат еткен.

Ақтоты Райымқұлова жоба­мен танысып, оның ресми өкіл­деріне жаһанға елімізді та­ныту және мәдени мұраларды наси­хаттау мақсатында жаса­ған жұмыстары үшін алғыс біл­дірді. Ол өз кезегінде кейіп­кер­лерге қазақша есім беруге, ойында қойнауына сан мың ға­сырлық сыр бүгіп жатқан та­­рихи орындарды көбейтуге ке­ңес берді. Сондай-ақ ми­нис­тр мобильді ойынның музы­ка­сына айрықша көңіл бөліп, ұлттық нақышта жасалса деген ұсынысын айтты. Ол үшін А.Райымқұлова жоба өкілдеріне тарихшылар мен композиторлар көмек беретінін жеткізді.

Nur Otan партиясының алаңында өткен Мәдениет және спорт министрінің қабылдауына бұдан басқа 10-нан аса тұрғын келді. Мәселен, суретші Айгүл Саитова туындыларының көр­ме­сін өткізу жайын, ал қараған­ды­лық Татьяна Акулова өзі жазған сценарий бойынша фильм тү­сірілуін сұрады. Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Достық Камелов «Алаш» қозғалысы белсенділерінің бірі болған Хайриддин Балғамбаев туралы де­ректі фильм дайындауды, сон­дай-ақ монографиялық кіта­бын шет тілге аудару туралы ұсы­ны­сын айтты. Бұдан басқа ішкі туризм­ді, қазақтың қолөнерін дамыту мәселелерін көтерген тұрғындарды да министр мұқият тыңдады.

Ведомство басшысы қабыл­дауға келгендердің барлығына байыппен жауап беріп, өтініштер бойынша Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты комитеттердің, Мәдениет және өнер істері департаментінің директорына тиісті тапсырмалар жүктеді. Ал азаматтарды қа­был­дау кезінде берілген тапсыр­ма­лардың орындалуы партия бақылауында болады.

Елбасы – Nur Otan пар­тиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халық­пен ті­ке­лей жұмыс істеп, аза­мат­тар­мен тұрақты диалог ор­нату тап­сыр­масына сәйкес, сала­лық ведомство басшылары мен орынбасарлары, халық қалау­лылары Республикалық қоғам­дық қабылдау бөлмесінде тұрақты түрде азаматтармен кездесу өткі­зіп келеді. Жалпы, жыл басы­нан бері Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі осындай 47 кездесу өткізді. 8 ай ішінде 500-ден астам азамат қабылдауға келіп, олар көтерген мәселелердің 45 пайызы оң шешімін тапты.


Клара НАҚЫП