Трамп тоқпағы өз маңдайына тиді
Трамп тоқпағы өз маңдайына тиді

АҚШ тарихындағы тұңғыш президент-бизнесмен, сон­дай-ақ ойын бизнесі, арулар байқауы, рестлинг кәсіби кү­ресі және жылжымайтын мү­лік бойынша маман Дональд Трамптың өз бақталасын күй­рететін қорқынышты «қар­уы» бар. Қарсыласына жуыл­мастай «коррупционер» де­ген қара күйе жағады. Бұл рет­те онысы шырқыраған шын­дық болмауы да мүмкін. Бірақ соның өзі бәсекелесінің «алақол саясаткер» квази­бей­несін түзіп, бәйгеде шаң қап­тыруға жетіп жатыр.

Бүгінде Құрама Штаттарда болып жатқан жағдай 2016 жылғы сайлау науқанын еске түсіреді. Сонда Трамп өзінің басты бәсе­келесі Хиллари Клинтонды жем­қор­лыққа айыптап, жеңсе, оны темір тордың ар жағына отырғызуға уәде еткен. Осыған орай Crooked Hillary («жемқор Хиллари») ұран­жазбасы ойлап табылып, бар жерде айтылып, сайлаушылардың санасына сіңдірілді.

Ешкім де оның байыбына бармады. Трамптың бар айтқан дәлелі – Хиллари ханымның жеке электронды поштасын жұмыс мақсаттарына пайдалануы және Уолл-стрит бизнесмендерімен байланысы айналасында ғана өрбіген. Мұнда жемқорлық ба­бына сәйкес қудалауға тұрарлық көріністер табылмаса да, 2016 жылы америкалықтардың 20%-ы Х.Клинтонды «адал емес», әрі «өтірікші» деп санады. Пси­холог­тардың талдауынша, әсі­ресе, Crooked Hillary сөзіндегі қос «о» әрпінің орнына полицей­лер кісенінің бейнеленуі сайлаушы­лар­ға қатты әсер еткен екен. Жұрт отыз екі тістің арасын жиі сығалаған жалған ұранға сеніп қалды. Оның үстіне Хиллари Клинтонның үлкен аудиториялар алдында сөз сөйлеуден қашқақтайтыны және тұйықтығы жағдайды ушықтырып жіберді. Нәтижесінде, ол прези­дент­тік додада жеңіліс тапты.

Қазір Трамп мырза қайтадан үйреншікті әдіске көшуде. Бірақ бұл жолы демократтар да аңтарылып қарап отырмақ емес. АҚШ-тың өкілдер палатасы АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты «тағынан тайдыру» рәсімін іске қосты. Бұл туралы алдымен палата спикері Нэнси Пелоси хабарлады.

«Өкілдер палатасы импичмент рәсімі аясында ресми тергеуді бастайтынын жариялаймын! Мен біздің 6 комитетке төл тергеулерін жүргізуге кірісу туралы нұсқау бе­ремін!» – деп мәлімдеді спикер.

Мұны ести сала, Трамп Twitter-дегі парақшасында: «Бұл президентке деген зорлық!» (Presidential Harassment!) деп байбалам салды.

Осының алдында АҚШ Кон­гресі өз мемлекет басшысының Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым жасағаны дә­лел­денсе, бұл импичментке соқ­тыруы ықтимал екенін ескерткен болатын. Өз кезегінде Дональд Трамп Конгресте басымдыққа ие демократтар тағып отырған барлық айыптарды «фейк-жаңалыққа» жатқызуға асықты.

Қалай болғанда, егер 2016 жыл­ғы АҚШ-тағы сайлау оған ресейлік күштердің араласуы ауанында өтсе, ал алдағы 2020 жылғы президенттік аламан айналасындағы әңгімелер «украиналық ізге» құрылатынға ұқсайды. «Президент сайлау жөнінде жат мемлекеттен көмек сұрады. Тағы да!» деп кекетті Twitter-де Хиллари Клинтон.

SurveyUSA сауалнамасы бойынша өткен тамыз айының қорытындысында қазіргі АҚШ президентінің негізгі бәсекелесі, бұрынғы АҚШ вице-президенті Джозеф Байден Трамптан 8%-ға озық келеді. Осы айда бұл көрсеткіш артпаса, кемімеген. Республикалық партияның басты үміткерін демократ 10%-ға артқа тастады. Бұл әрине, Трамп мырзаға ұнамайды, ол АҚШ тарихында бір мерзім ғана мемлекет басқарған аз шоғыр абыройсыз көшбасшылар қатарынан орын алуды қаламайды. Содан ол сүйікті әдісіне салып, Байденнің «коррупционер» бей­несін сомдауды қызу қолға алды. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, бұл мақсатқа «украиналық кейс» жарай кетті. Негізгі күрес те енді соның айна­ла­сында өрбуде. Д.Трамп бақталасы Джозеф Байденді Украинадағы сот қудалауынан ұлын қорғап қалу үшін қызметін асыра пайдаланған жемқор ретінде көрсетуге күш салуда. Демократиялық партия да қол қусырып қарап отырған жоқ. Орайы келгенін сезген олар Д.Трампты саяси қарсыластарына компромат табу үшін президенттік өкілеттіктерін теріс қолданып, онсыз да жаулық пейілдегі алпауыт көршісінен зорлық-зомбылық көріп отырған жас демократия – Украинаға қысым жасауда деп күстәналауда.

Бұл жерде жанжалға «мистер Зенің» қатысы қандай? Егер әрідегі оқиғаларға шолу жасай кетсек, Барак Обама тұсында вице-президент лауазымын атқар­ғанда Джо Байден Украинамен байланысқа жауап береді. Сол кезде украиналық бас прокурор Виктор Шокин жергілікті газ кен орындарын игерумен шұғыл­данатын Burisma Holdings ком­паниясының қызметіне қатысты тергеу жұмыстарын бастайды. 2016 жылы Киевке сапары ба­рысында АҚШ вице-президенті үзілді-кесілді талап қояды: не ел басшылығы Шокинді жұмысынан қуады, не Украина миллиард доллар америкалық көмектен қағылады. Революция салдарынан біраз жерінен айырылып, экономикасы қатты зардап шеккен мемлекет бір тұлғаға бола қасарысып, әлемдік державаның достығынан айырылуға бара алмады: бас прокурорды лауазымынан айырды. Ал ақпарат құралдары Burisma Holdings директорлар кеңесіне Байденнің ұлы Хантер кіретінін анықтады.

Біраз жылдан бері бұл жайт АҚШ-та «жабулы қазан» күйінде жатқан. Алайда сайлау науқанының жақындауы әртүрлі сорттағы былықтарға деген сұраныс ту­дырды. 2019 жылдың тамызында америкалық барлаушылардың бірі қызметтік арналары бойынша шағым жолдайды. Онда тыңшы іс басындағы президент Д.Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен әңгімесі кезінде құпия ақпаратты жария еткенін мәлім етеді. Заң бойынша екі апта ішінде хабарлама заң шығарушы биліктің қолына тиюі тиіс болатын. Алайда сол тамыз айында ғана тағайындалған АҚШ Ұлттық бар­лау директоры (ODNI) Джозеф Магуайр құжатты Конгреске тапсыруға тыйым салады.

Ізінше америкалық белді ақпарат құралдарында «25 шілдедегі «мистер Земен» әңгімесінде Трамп Байденнің ұлына қатысты істі қайта қозғауды талап еткен-мыс» деген мәлімет таралды. Wall Street Journal жазуынша, Ақ үй басшысы Украина басшысын осы мәселеде өз адвокаты Рудольф Джулианимен ынтымақтасуға шақырған және украиналық тарапта бар барлық компроматты Вашингтонға табыстауды сұраған. Басылым В.Зеленскийдің кеңесшісі Андрей Ермактың Джулианимен бірнеше рет кездескенін алға тартады.

Дональд Трамп мұндай «кү­нә­дан» ада екенін айтып, Украинаның жас лидерімен 25 шілдедегі әңгіме­сінің стенограммасын жария­лауға сөз берді. АҚШ лидерінің Жарлығымен құпиялығы жойыл­ған ол жазба 25 қыркүйекте Ақ үй сайтында орналастырылды. Онда Трамп расында Зеленскийден Байденнің ұлының іс-әрекеттерін тергеуді өтінеді.

«Байденнің ұлының соңынан көп сөз еруде, Байден қылмыстық қудалауды тоқтатқан дейді, көп­теген адамдар оның анық-қанығын білгісі келеді. Ендеше бас прокурормен бірге осыған қа­тыс­ты бірдеңе жасай алсаңыздар тамаша болар еді» дейді Д.Трамп (Түпнұсқасы: The other thing, there's a lot of talk about Biden's son, that Biden stopped the prosecution and a lot of people want to find out about that, so whatever you can do with the Attorney General would be great).

Оған жауап ретінде В.Зеленский жаңа бас прокурорды парламент бекіткесін, ол қыркүйек айында бұл істі қайта қарайтынын, басты мақсат – шындықты, онда аталған адамдардың ақ-қарасын анықтау болатынын жеткізеді.

Америкалық қоғамды өз прези­дентінің бөтен мемлекеттің бас­шысынан америкалық саясат­кердің беделіне дақ түсіретін деректер тауып беруін өтінгені де және стенограммада айтылғандай, Ақ үйдің қолғабысқа айырбас ретінде Украинаға 250 миллион доллар көлемінде жаңа әскери көмек беру мәселесін қарастырғаны да ұнамай отыр.

Бұған дейін Мюллер баянда­масына сәйкес, 2016 жылы Ресейдің әлеуметтік желілер арқылы АҚШ-тағы сайлауға араласу талабының Трампқа тек жанама ғана қатысты екені айқындалғаны мәлім. Ал енді Ақ үй басшысының өзге мемлекет басшысын тергей бастау арқылы америкалық президенттік додаға ықпал етуін сұрауы – әлдеқайда салмақты түйткіл, қауіпті заңбұзу­шылық.

Дегенмен, сарапшылар Дональд Трампқа қарсы дөңгелегі шыр ай­налып кеткен кезекті импичмент рәсімі оның мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатуына соқтырарына сенбейді. Себебі әңгіме барысында Трамптың АҚШ-тың мемлекеттік мүдделерін (биік лауазымды саясаткерлер жемқорлығымен күрес) емес, жеке (бәсекелесін жолда қалдыру) мүдделерін ілгерілеткенін дәлел­деу айыптаушыларға қиынға түспек. Бұған қоса, АҚШ Сенаты толығымен республикалық партия бақылауында және олар өз үміткері саналатын мемлекет басшысын биліктен күштеп айыру секілді ұятты іс бағытындағы кез келген қадамды бұғаттап тастайды. Ен­дігі мәселе тек америкалық сай­лаушылардың алдағы президенттік бәйгеде «Трамп–Байден» ықтимал жекпе-жегінде қай жаққа жанкүйер болатынында.

Қазақстандық оқырманға айтылған жайт несімен қызықты, нендей ұлағаты бар? Бұл қазіргі заманғы әлемде алпауыттардың тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласып, олардың төл тәртібіне өздеріне ұнаған өзгерістерді ен­гізуге, өз мүддесін таңуға ұмтылған өктем пиғылдары өршіп тұрғанын көрсетеді. Қазақтың мүддесін қазақтан басқа ешкім қорғамайды. Сырттан серіктес келіп, шешіп бермейді. Демек, ішкі мәселеде ішкі бірлігіміз керек.