АҚШ тарихындағы тұңғыш президент-бизнесмен, сондай-ақ ойын бизнесі, арулар байқауы, рестлинг кәсіби күресі және жылжымайтын мүлік бойынша маман Дональд Трамптың өз бақталасын күйрететін қорқынышты «қаруы» бар. Қарсыласына жуылмастай «коррупционер» деген қара күйе жағады. Бұл ретте онысы шырқыраған шындық болмауы да мүмкін. Бірақ соның өзі бәсекелесінің «алақол саясаткер» квазибейнесін түзіп, бәйгеде шаң қаптыруға жетіп жатыр.
Бүгінде Құрама Штаттарда болып жатқан жағдай 2016 жылғы сайлау науқанын еске түсіреді. Сонда Трамп өзінің басты бәсекелесі Хиллари Клинтонды жемқорлыққа айыптап, жеңсе, оны темір тордың ар жағына отырғызуға уәде еткен. Осыған орай Crooked Hillary («жемқор Хиллари») ұранжазбасы ойлап табылып, бар жерде айтылып, сайлаушылардың санасына сіңдірілді.
Ешкім де оның байыбына бармады. Трамптың бар айтқан дәлелі – Хиллари ханымның жеке электронды поштасын жұмыс мақсаттарына пайдалануы және Уолл-стрит бизнесмендерімен байланысы айналасында ғана өрбіген. Мұнда жемқорлық бабына сәйкес қудалауға тұрарлық көріністер табылмаса да, 2016 жылы америкалықтардың 20%-ы Х.Клинтонды «адал емес», әрі «өтірікші» деп санады. Психологтардың талдауынша, әсіресе, Crooked Hillary сөзіндегі қос «о» әрпінің орнына полицейлер кісенінің бейнеленуі сайлаушыларға қатты әсер еткен екен. Жұрт отыз екі тістің арасын жиі сығалаған жалған ұранға сеніп қалды. Оның үстіне Хиллари Клинтонның үлкен аудиториялар алдында сөз сөйлеуден қашқақтайтыны және тұйықтығы жағдайды ушықтырып жіберді. Нәтижесінде, ол президенттік додада жеңіліс тапты.
Қазір Трамп мырза қайтадан үйреншікті әдіске көшуде. Бірақ бұл жолы демократтар да аңтарылып қарап отырмақ емес. АҚШ-тың өкілдер палатасы АҚШ президенті Дональд Трампқа қатысты «тағынан тайдыру» рәсімін іске қосты. Бұл туралы алдымен палата спикері Нэнси Пелоси хабарлады.
«Өкілдер палатасы импичмент рәсімі аясында ресми тергеуді бастайтынын жариялаймын! Мен біздің 6 комитетке төл тергеулерін жүргізуге кірісу туралы нұсқау беремін!» – деп мәлімдеді спикер.
Мұны ести сала, Трамп Twitter-дегі парақшасында: «Бұл президентке деген зорлық!» (Presidential Harassment!) деп байбалам салды.
Осының алдында АҚШ Конгресі өз мемлекет басшысының Украина президенті Владимир Зеленскийге қысым жасағаны дәлелденсе, бұл импичментке соқтыруы ықтимал екенін ескерткен болатын. Өз кезегінде Дональд Трамп Конгресте басымдыққа ие демократтар тағып отырған барлық айыптарды «фейк-жаңалыққа» жатқызуға асықты.
Қалай болғанда, егер 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлау оған ресейлік күштердің араласуы ауанында өтсе, ал алдағы 2020 жылғы президенттік аламан айналасындағы әңгімелер «украиналық ізге» құрылатынға ұқсайды. «Президент сайлау жөнінде жат мемлекеттен көмек сұрады. Тағы да!» деп кекетті Twitter-де Хиллари Клинтон.
SurveyUSA сауалнамасы бойынша өткен тамыз айының қорытындысында қазіргі АҚШ президентінің негізгі бәсекелесі, бұрынғы АҚШ вице-президенті Джозеф Байден Трамптан 8%-ға озық келеді. Осы айда бұл көрсеткіш артпаса, кемімеген. Республикалық партияның басты үміткерін демократ 10%-ға артқа тастады. Бұл әрине, Трамп мырзаға ұнамайды, ол АҚШ тарихында бір мерзім ғана мемлекет басқарған аз шоғыр абыройсыз көшбасшылар қатарынан орын алуды қаламайды. Содан ол сүйікті әдісіне салып, Байденнің «коррупционер» бейнесін сомдауды қызу қолға алды. «Құланның қасуына мылтықтың басуы» дегендей, бұл мақсатқа «украиналық кейс» жарай кетті. Негізгі күрес те енді соның айналасында өрбуде. Д.Трамп бақталасы Джозеф Байденді Украинадағы сот қудалауынан ұлын қорғап қалу үшін қызметін асыра пайдаланған жемқор ретінде көрсетуге күш салуда. Демократиялық партия да қол қусырып қарап отырған жоқ. Орайы келгенін сезген олар Д.Трампты саяси қарсыластарына компромат табу үшін президенттік өкілеттіктерін теріс қолданып, онсыз да жаулық пейілдегі алпауыт көршісінен зорлық-зомбылық көріп отырған жас демократия – Украинаға қысым жасауда деп күстәналауда.
Бұл жерде жанжалға «мистер Зенің» қатысы қандай? Егер әрідегі оқиғаларға шолу жасай кетсек, Барак Обама тұсында вице-президент лауазымын атқарғанда Джо Байден Украинамен байланысқа жауап береді. Сол кезде украиналық бас прокурор Виктор Шокин жергілікті газ кен орындарын игерумен шұғылданатын Burisma Holdings компаниясының қызметіне қатысты тергеу жұмыстарын бастайды. 2016 жылы Киевке сапары барысында АҚШ вице-президенті үзілді-кесілді талап қояды: не ел басшылығы Шокинді жұмысынан қуады, не Украина миллиард доллар америкалық көмектен қағылады. Революция салдарынан біраз жерінен айырылып, экономикасы қатты зардап шеккен мемлекет бір тұлғаға бола қасарысып, әлемдік державаның достығынан айырылуға бара алмады: бас прокурорды лауазымынан айырды. Ал ақпарат құралдары Burisma Holdings директорлар кеңесіне Байденнің ұлы Хантер кіретінін анықтады.
Біраз жылдан бері бұл жайт АҚШ-та «жабулы қазан» күйінде жатқан. Алайда сайлау науқанының жақындауы әртүрлі сорттағы былықтарға деген сұраныс тудырды. 2019 жылдың тамызында америкалық барлаушылардың бірі қызметтік арналары бойынша шағым жолдайды. Онда тыңшы іс басындағы президент Д.Трамптың Украина басшысы Владимир Зеленскиймен әңгімесі кезінде құпия ақпаратты жария еткенін мәлім етеді. Заң бойынша екі апта ішінде хабарлама заң шығарушы биліктің қолына тиюі тиіс болатын. Алайда сол тамыз айында ғана тағайындалған АҚШ Ұлттық барлау директоры (ODNI) Джозеф Магуайр құжатты Конгреске тапсыруға тыйым салады.
Ізінше америкалық белді ақпарат құралдарында «25 шілдедегі «мистер Земен» әңгімесінде Трамп Байденнің ұлына қатысты істі қайта қозғауды талап еткен-мыс» деген мәлімет таралды. Wall Street Journal жазуынша, Ақ үй басшысы Украина басшысын осы мәселеде өз адвокаты Рудольф Джулианимен ынтымақтасуға шақырған және украиналық тарапта бар барлық компроматты Вашингтонға табыстауды сұраған. Басылым В.Зеленскийдің кеңесшісі Андрей Ермактың Джулианимен бірнеше рет кездескенін алға тартады.
Дональд Трамп мұндай «күнәдан» ада екенін айтып, Украинаның жас лидерімен 25 шілдедегі әңгімесінің стенограммасын жариялауға сөз берді. АҚШ лидерінің Жарлығымен құпиялығы жойылған ол жазба 25 қыркүйекте Ақ үй сайтында орналастырылды. Онда Трамп расында Зеленскийден Байденнің ұлының іс-әрекеттерін тергеуді өтінеді.
«Байденнің ұлының соңынан көп сөз еруде, Байден қылмыстық қудалауды тоқтатқан дейді, көптеген адамдар оның анық-қанығын білгісі келеді. Ендеше бас прокурормен бірге осыған қатысты бірдеңе жасай алсаңыздар тамаша болар еді» дейді Д.Трамп (Түпнұсқасы: The other thing, there's a lot of talk about Biden's son, that Biden stopped the prosecution and a lot of people want to find out about that, so whatever you can do with the Attorney General would be great).
Оған жауап ретінде В.Зеленский жаңа бас прокурорды парламент бекіткесін, ол қыркүйек айында бұл істі қайта қарайтынын, басты мақсат – шындықты, онда аталған адамдардың ақ-қарасын анықтау болатынын жеткізеді.
Америкалық қоғамды өз президентінің бөтен мемлекеттің басшысынан америкалық саясаткердің беделіне дақ түсіретін деректер тауып беруін өтінгені де және стенограммада айтылғандай, Ақ үйдің қолғабысқа айырбас ретінде Украинаға 250 миллион доллар көлемінде жаңа әскери көмек беру мәселесін қарастырғаны да ұнамай отыр.
Бұған дейін Мюллер баяндамасына сәйкес, 2016 жылы Ресейдің әлеуметтік желілер арқылы АҚШ-тағы сайлауға араласу талабының Трампқа тек жанама ғана қатысты екені айқындалғаны мәлім. Ал енді Ақ үй басшысының өзге мемлекет басшысын тергей бастау арқылы америкалық президенттік додаға ықпал етуін сұрауы – әлдеқайда салмақты түйткіл, қауіпті заңбұзушылық.
Дегенмен, сарапшылар Дональд Трампқа қарсы дөңгелегі шыр айналып кеткен кезекті импичмент рәсімі оның мерзімінен бұрын өкілеттігін тоқтатуына соқтырарына сенбейді. Себебі әңгіме барысында Трамптың АҚШ-тың мемлекеттік мүдделерін (биік лауазымды саясаткерлер жемқорлығымен күрес) емес, жеке (бәсекелесін жолда қалдыру) мүдделерін ілгерілеткенін дәлелдеу айыптаушыларға қиынға түспек. Бұған қоса, АҚШ Сенаты толығымен республикалық партия бақылауында және олар өз үміткері саналатын мемлекет басшысын биліктен күштеп айыру секілді ұятты іс бағытындағы кез келген қадамды бұғаттап тастайды. Ендігі мәселе тек америкалық сайлаушылардың алдағы президенттік бәйгеде «Трамп–Байден» ықтимал жекпе-жегінде қай жаққа жанкүйер болатынында.
Қазақстандық оқырманға айтылған жайт несімен қызықты, нендей ұлағаты бар? Бұл қазіргі заманғы әлемде алпауыттардың тәуелсіз мемлекеттердің ішкі ісіне араласып, олардың төл тәртібіне өздеріне ұнаған өзгерістерді енгізуге, өз мүддесін таңуға ұмтылған өктем пиғылдары өршіп тұрғанын көрсетеді. Қазақтың мүддесін қазақтан басқа ешкім қорғамайды. Сырттан серіктес келіп, шешіп бермейді. Демек, ішкі мәселеде ішкі бірлігіміз керек.