Кәмелетке толмаған қыздарды сексуалды құлдыққа сатқан топ ұсталды
Кәмелетке толмаған қыздарды сексуалды құлдыққа сатқан топ ұсталды
©Сурет интернеттен алынды
113
оқылды
ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері адам саудасымен айналысқан қылмыстық топты ұстады. Қылмыстық топтың құрамында Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтары бар. Олар Бахрейнде сексуалды эксплуатация мақсатында қыздардың, соның ішінде кәмелетке толмаған жандардың саудасымен айналысқан. ІІМ-нің мәліметінше, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы 16-25 жас аралығындағы қыздарды іздеп, өздеріне тартқан. Әсіресе, еліміздің оңтүстігіндегі халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобынан іздеген.
 «Қылмыскерлер адамдардың сенімін пайдаланып, шетелде көп ақша табуға болатынына сендірген. Бойжеткендер келіскен соң, құжатын рәсімдеп, оларды заңды жолмен Бахрейн Корольдігіне шығару ұйымдастырылған. Ол жаққа жеткізілген әрбір бойжеткенді қылмыскерлер 5 мыңнан 15 мың АҚШ долларына дейін сатқан.
Манамаға келгеннен кейін олардың құжаттарын тартып алып, заңсыз бас бостандығынан айырып, ұзақ уақыт бойы жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген. Бағынбағандарды сабап, 500 мың теңгеге дейін ақшалай айыппұл салып, тіпті басқа жеңгетайларға сатып жіберетінін айтып қорқытқан», - деп хабарлайды ІІМ. Қазіргі уақытта аталмыш фактілер бойынша ҚР 135-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (кәмелетке толмағандардың саудасы) және 128-бабы 3-бөлігі (адам саудасы) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұйымдастырушылар ұсталып, уақытша оқшауланды.