Ол небары 16 жасында әлемге танымал болды. Бүгінде оның есімі айтулы мемлекет басшылары мен мүйізі қарағайдай менмін дегендердің аузында жүр. Швед қызы Грета Тунбергтің Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының 74-сессиясындағы жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі туралы айтқан сөзі көпшілікті бей-жай қалдырмады.
Әрине, бұл – бұдан бұрын да үлкенді-кішілі талай мінберлерден айтылып жүрген мәселе. Үлкендердің салқынқанды қалыппен салмақты ой айтуы бөлек әңгіме де, балалықтың ауылынан енді өтіп, ересектердің қатарына әлі қосылып үлгермеген жасөспірім қыздың шырылдап айтқан шынайы пікірінің үлкен мінберден естілуі әсерлі қабылданып жатқаны рас. Әйтпесе Тунбергтің сөзін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутериш жиын басында-ақ айтқан. Ол «Климатқа қатысты төтенше жағдай – біз әзірше қалыс қалып отырған жарыс, бірақ бізде озып кетуге мүмкіндік әлі де бар. Бұл климатты талқылайтын жер емес – талқылауға уақытымыз көп болды. Бұл климаттық келіссөз жүргізетін орын емес – табиғатпен келісуге болмайды. Бұл нақты шешімдер қабылданатын саммит» деген болатын. Әрине, ол бұл сөздерді ешқандай эмоциясыз, жинақы, сабырлы қалыпта айтқаны анық.
Алдымен Грета не айтты? Соған тоқталайық. Ол «Біз сіздердің әр қадамдарыңызды бақылап отырамыз!» деп бастап келе жатыр еді, саммитке қатысушылар ду күлді. Бұл кішкентай белсендінің ызасын келтірді. Ол көзіне жас алып, ашумен сөзін жалғастырып «Мен мұнда келмеуім керек еді. Мен мұхиттың арғы жағындағы елімде, мектебімде отыруым керек болатын. Сіздер бос уәделеріңізбен менің арманым мен балалық шағымды ұрладыңыздар. Мүмкін жолы болған жан шығармын. Алайда, күйреген экожүйеден әлемде қаншама адам зардап шегіп, қаншасы қайтыс болды. Біз жаппай қырылу алдында тұрмыз. Ал сіздер үнемі ақша мен экономикалық өсім туралы ертегі айтасыздар. Неткен арсыз едіңіздер? Жас ұрпақ сіздерден үміт күтеді. Ал егер сіздер сол сенімді ақтамасаңыздар, біз сіздерді ешқашан кешірмейміз. Жазадан құтыла алмайсыздар!» деді. Осылайша оның экологиялық апат жайлы жанұшыра айтқан сөзі бүкіл әлемге тарады.
Грета биік мінберге бірден көтерілген жоқ. Оның белсенділігі осыдан біраз бұрын басталған. Тіпті сол белсенді әрекеті үшін Нобель сыйлығына ұсынылған.
Әлемді ауызына қаратқан қыздың толық аты-жөні – Грета Тинтин Элеонора Эрнмен Тунберг. 2003 жылдың 3 қаңтарында Стокгольм қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Анасы Малена Эрнмен опера әншісі болса, әкесі Сванте Тунберг – актер. Ол Швед елін былтыр мойындатып қойған. 15 жасында швед үкіметі ғимараты алдында «Климат үшін мектеп ереуілі» деген жазуы бар үнқағазбен шығып БАҚ-тың назарын аударды. Дегенмен Грета климаттың бұзылуы жайына тіпті бұдан ертерек алаңдай бастаған. 8 жасында климаттың өзгеруі жайлы естіп, соған амал қолданбай отырғандарға түсінбейтінін жеткізген. Бұл жайлы өткен жылы TEDx конференциясында мәлімдеген. Ол былтыр Швецияның Svenska Dagbladet газеті ұйымдастырған климат туралы мақалалар байқауында жеңімпаз атанды. Осы оқиғадан кейін оған Fossilfritt Dalsland экологиялық ұйымынан Бу Торен хабарласып, оны өздеріне тартып, ұйымның бірнеше кездесуіне қатысқан. Торен мектеп оқушылары климаттың өзгеруіне қарсы ереуілді бастай алатынын айтқан. Гретаның TEDx конференциясындағы мәлімдемесінен кейін әлемнің белсенді жастары «Климат үшін мектеп ереуілі» немесе «Жұма болашақ үшін» шерулерін ұйымдастыра бастады. Бұл қозғалыстың негізгі идеясы – жұма күндері сабақ оқудың орнына оқушылар көшеге шығып, саясаткерлер мен қоғамның назарын климат дағдарысына аудару.
Грета 11 жасында қатты күйзеліске түсіп, сөйлеуден қалады. Ас ішпейтін халге жеткен. Соның салдарынан 10 келіге дейін салмақ тастайды. Дәрігерлер оған Аспергер синдромы деген диагноз қойған. Медицина тілімен айтқанда бұл обсессив-компульсив күйзелісі және селектив мутизмі деп аталады. Бұл нені білдіреді? Психология ғылымдарының кандидаты Бақыт Жігітбекованың айтуына қарағанда, бұл синдром – психоздың бір түрі. Оған шалдыққан адамдар үнемі үреймен жүреді. Мұндай адамдардың миы алда бір апат күтіп тұрғандай сезінеді, оны жан-жағындағыларға ескертеді. Бұл синдромға шалдыққандардың ми жүйесі дұрыс жұмыс істемейді. Нәтижесінде үнемі апаттар, сәтсіз жайттар күтіп тұрғандай күй кешеді. Бұл нақты бір үреймен байланысты емес, тіпті бірнеше үрей қатар жүруі мүмкін. Мысалы, үйден шығып кеткен соң «Осы мен газды өшірдім бе, жоқ па?» деген сияқты ой мазалайды. Кейбір жағдайда ол айналасындағы адамдарға, қоғамға қауіп төндіреді. Науқас агрессияшыл болып кетуі мүмкін. Оларға тек қана кәсіби мамандар ғана диагноз қояды. Мұндай диагнозбен ауыратындармен психотерапевтер жұмыс жасайды. Оның емдеу курсы өте ұзақ жүреді.
Грета әлем назарын өзіне аударғалы сый-сияпат пен марапаттан да кенде қалып жатқан жоқ. Алайда біз оларды санамалап жатуды артық көрдік. Ең бастысы ол қоғамға ой салды және ауызы дуалы мемлекет басшылары мен қоғам қайраткерлерінің де назарына ілігіп, қоғамда өзі туралы пікір қалыптастырды. Бір қызығы, оны қолдайтындар да, тым әсіребелсенді деп онша ұнатпаған сыңай танытып жатқандар да бар. Бір сөзбен айтқанда, Гретаның әрекетіне пікір білдірушілер көп. Кейбіреулер оның шынайылығына күмән келтірсе, енді біреулер оның артында әлдекімдердің тұрғанын айтады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Twitter-дегі парақшасында «Өз жарқын болашағын тағатсыздана күтіп отырған өте бақытты жас қыз. Мұны көрудің өзі – тамаша сезім!» деп мысқыл аралас ойын білдірсе, америкалық саясаткер Баффи Уикс «Әлем өз кейіпкерін тапты, оның есімі – Грета Тунберг» дейді.
Ол 2019 жылдың мамыр айында Голливуд жұлдызы Арнольд Шварценеггермен, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерришпен, Австрия президенті Александр Ван дер Белленмен кездескен. Бұл кездесу Шварцнеггердің Париж келісімін орындауды жеделдету мақсатында ұйымдастырылған конференциясында өткен. Ол өз идеяларын АҚШ-тың экс-президенті Барак Обамаға да жеткізген. Грета Давос форумында, Страсбургте Еуропарламентте сөз алған. Осындай белсенділігіне қарағанда әлі де біраз биікті бағындыратын түрі бар.