Биылғы қара күзде түркістандықтар көмірге таласпайды. Олай дейтініміз, өңір қыс қамына ерте қамданып жатыр. Атап айтқанда, жылыту маусымына қажетті бір миллион тоннадан астам көмірдің бүгінде 43,5 пайызы тасымалданған. Қалған тасымалдау жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталады. Сол себепті өңірде көмір тапшылығы болмайды деп отыр Түркістан облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы.
Айта кету керек, бұрын жыл сайын облыста, әсіресе, Түркістан қаласында қалай күн суытып, қыс түсе бастайды, солай көмірге деген сұраныс күрт артып, қатты отынға талас-тартыс басталатын. Нәтижесінде, кей жағдайда көмірге таласып, жаға жыртысуға дейін баратын халық арасында қатты наразылық туындап, шу шығып жататын. Ал биыл жергілікті билік қатты отынды күн жылы, жер қарада дер кезінде тасып алу жұмыстары жүріп жатқанын жеткізіп, жылдағыдай дау болмайтынына сендіріп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Игілік Тұрғымбеков мәлімдеді.
Негізі Түркістан облысының күзгі-қысқы маусымдағы көмір отынына жалпы қажеттілігі 1 млн 181,8 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда тасымалданғаны – 514,4 мың тонна (43,5%). Жеткізу жұмыстары алдағы уақытта толық аяқталады. Жалпы, жылыту маусымында облыста көмір тапшылығы болмайды. Сонымен қатар облыста жылу беру мерзімі 1 қарашаға белгіленіп отыр. Алайда мамандар уақытынан бұрын ауа райы суып кетсе, жылыту маусымы ертерек басталатынын жеткізді.
«Өңірдегі 2 748 бюджеттік мекеме жылыту маусымына толық дайындалып, оларға қажетті 171,1 мың тонна көмір отыны және 5 млн 143,7 мың литр сұйық отын толық тасымалданды. Облыстағы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін мекемелерге көмірдің қажеттілігі 108,8 мың тонна болса, тасымалданғаны – 43,2 мың тонна. Облыстағы тұрғындардың көмірге қажеттілігі – 902 мың тонна, тасымалданғаны – 301,2 мың тонна (33,4%). Тасымалдау жалғасуда. Теміржол стансасы қоймаларындағы 1 тонна көмірдің сатылу бағасы – «Шұбаркөл» көмірі 14-17 мың теңге арасында. Тұрғындар көмірді қазірден бастап станса қоймаларынан арзан бағада сатып алғандары дұрыс» деді Игілік Ғабитұлы.
Бұдан өзге, облыстың мазут отыны бойынша қажеттілік көлемі – 9,6 мың тонна. Бүгінгі күнге тасымалдаушы мекемемен келісімшарт жасалған. Биыл қазан айынан бастап тасымалданбақ.
Айта кетерлігі, өңірдің жылыту маусымы дайындығына апта сайын және тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету бойынша күн сайын тұрақты мониторинг жүргізілуде.
Түркістан облысы