Jetysý hub ıt паркі ашылды

Jetysý hub ıt паркі ашылды

Жетісуда жаңалық көп және оның барлығы заман ағымына сай жүзеге асырылып жатқан жақсы істерден тұрады. Күні кеше Талдықорғанда Алматы облысындағы алғашқы Jetysý Hub IT паркі өз жұмысын бастады.

Соңғы жылдары салынып, алға жылжыған жылдармен бірге қанатын кеңге жайып, өрістеп-өркендеп келе жатқан жетінші шағынаудандағы 16 қабатты үйдің 360 шаршы метрінде қоныстанған тех­нопарк фаблаб, воркшоп ше­бер­ханасы, оқу сыныбы мен кі­­тап­­хана және тағы басқалар ор­на­ласқан кең әрі жарық каби­нет­терден тұрады.

Замана көшінен қалмауды, ақпараттық ғасырдың ағынына ілесуді ойлаған жетісулықтарды жақсы жаңалықпен құттықтауға келген Алматы облысының әкі­­­мі Амандық Баталов жаңа жо­баның облыс үшін аса маңыз­ды екендігіне, өңірді цифр­лан­­ды­ру­дың жеделдеуіне жол аша­тын­­дығына айрықша тоқ­тал­ды.

– Дәл осындай технопаркті Қазан қаласынан көргенде, біз­де де осындай жобаны жүзеге асы­ру қажет деген ойға келген болатынмын. Жарқын бастаманы жүзеге асыратын дарынды жастар елімізде де жетіп артылады екен. Біз өз тарапымыздан оларға орын тауып беріп, тиісінше қолдау жасадық. Олар өз кезегінде қысқа ғана мерзімде осынау ерекше технопаркті жасады. Соның арқа­­сында жастарымыздың өз идея­ларын іске асыруына тама­ша мүм­кіндік туды. Өйткені бұ­рын­да­ры олардың дәл осы тех­но­парк­те тұрған заманымыздың соң­ғы үлгідегі жабдықтарына қол­дары жете бермейтін. Жаңа тех­нологиялардың арқасында түр­лі салада керемет жетістіктерді бағындыра аламыз. Әлем бір орында тұрмайды, үнемі қозғалыс­та, өркендеуде болады. Біз де сол даму қарқынынан қалмауға тиістіміз. Облыста цифрландыру бүгінгі күн сұранысына сай жүр­­гізілуде. Тек Талдықорған қала­сы­ның өзінде ғана қазіргі кезде көше­лерге бақылау жүргізетін 900-ден астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Осыдан он шақты жыл бұрын, бар-жоғы жиырма камера ғана жұмыс істеген.

Алдағы кезде цифрландыру бағытындағы жұмыстарды жал­ғас­тырамыз. Таяу жылдары Тал­­­ды­қор­ған Smart city қалаға ай­­­на­лады. Сонымен бірге об­лыс ор­талығында интернет кол­ледж салмақпыз. Бұ­лар­дың бар­­лығы болашақ иелері – бүгін­гі балалар мен жастар үшін. Пай­­­­­даланыңыздар, өздері­ңіз­­ді же­­­тіл­діріңіздер, жасаған жо­ба­ла­­­рыңызбен әлемді бағын­ды­ры­ңыз­дар!

Jetysý Hub – Алматы облы­сындағы IT индустрияның орта­лығына, қозғаушы күшіне айна­ла­тындығына сенемін, – деді облыс басшысы өзінің тілегінде.

Жаңалық жастарды қатты қуантты. Робототехника, воркшоп, 3D үлгілеу мен кванториум ка­би­нет­терін бірден жаулап алған оқу­шылар мен жастардың ай­туын­ша, осында жүргендеріне бір­не­ше күн болғандарымен, қызы­ғу­шы­лық­тары артпаса, кемімеген.

Фаблаб кабинетінде қонақ­тар­дың назарына энергия үнемдеуші шамдар жобасы ұсынылса, оқу сыныбында тұрғындарды кә­сіп­­­керлік негіздеріне, заң­дық және бухгалтерлік сауат­ты­­­лыққа оқытатын бизнес ак­­се­лерат жобасының жұмысы та­ныстырылды. Осында өз білі­мін жетілдіріп, ізденісін жүзе­ге асырған оқушылар мен сту­дент­тер өз жобаларын түрлі конфе­рен­ция­ларда, қалалық, облыстық және республикалық деңгейдегі жа­рыстарда көрсетіп, қорғай ала­ды. Басты назар экологиялық жә­не әлеуметтік мәселелерге ау­да­­рылып, бірінші кезекте қо­ғам­­ға пайда әкелетін жобалар жа­сау­ға көңіл бөлінеді. Салтанатты ашылу шарасы кезінде Нұр-Сұлтандағы «Астана-Хаб» стар­тап­­тар технологиялық паркі мен Талдықорғандағы Jetysý Hub IT паркі арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы