Ресей шоу-бизнесіндегі танымал қазақтар – TOP 9
Ресей шоу-бизнесіндегі танымал қазақтар – TOP 9
©Жұмабек Айқынұлы
Ресей ТМД елдері арасында халық саны ең көп ел болғандықтан (143 млн), көрші мемлекеттің өнерпаздары осында сахнаға шығуға тырысады. Тоқсаныншы жылдары Батырхан Шүкенов бастаған «А-Студио» тобы Мәскеуге аттанды. Соңынан құрамында Карина Абдуллина және Болат Сыздықов болған «Мюзикола» тобы да Ресейде бағын сынап көрді. Жас әнші Мақпал Исабекова да 2005 жылдан бастап Мәскеуде бірнеше әншімен бірге өнер көрсетті. Алайда соңғылары көп өтпей елге оралды.

Эстрада, шоу-бизнес күнде дамып отырған кезеңде жас қазақстандық әнші, комиктер де Ресейде танылуға тырысады. Себебі бұл өзге елдерде де атын шығаруға, сәйкесінше табысын қысқа уақытта еселеуге жақсы мүмкіндік. Оған орыс тілінің әлі де ТМД елдерінде кең қолданылуы тікелей ықпал етіп отыр. Алайда қазір бұрынғыдай үлкен залдардың сахнасында ән айту, клиптерін телеарна, радиода көрсету міндет емес. YouTube платформасында туындылары көбірек қаралым жинап, iTunes, Яндекс.Музыка және басқа да стримингтік қызметте көп тыңдалса, жеткілікті.

Соңғы жылдары Ресей шоу-бизнесіне жас қазақтардың жаңа толқыны келді деуге болады. Бірі Қазақстаннан аттанса, басқалары жергілікті азаматтар. Әрбірі өз орнын табуға тырысып бағуда. Сондай-ақ жергілікті және шетелдік әншілерге клип түсіріп жүрген жас қазақ мамандар да аз емес. Солардың бірқатарын тізбектеп шықсақ.  1. Скриптонит  width= Шын есімі – Әділ Жәлелов. Рэп жанрының өкілі, әнші. 1990 жылы Павлодарда туған. Юрий Дудьқа берген сұхбатында Қазақстанда жанармай құю бекетінде істегенін айтқан. Ал 2013 жылы Ресейде «Gazgolder» лейблымен келісім-шарт жасасты. Осы ұжыммен әріптестікте бірнеше альбомын жариялады. Ол рэпты өзге де жанрлармен араластырып, әннің сөздерін түсініксіздеу орындауымен ерекшеленеді. 2018 жылы «Gruppa Skryptonite» жобасын ашты. Онда бірнеше бағытта өнер көрсететін әншілердің басын қосып, өзін продюсер ретінде таныта бастады. Ал былтыр «Gazgolder» лейблымен келісім-шарты аяқталған соң оны одан әрі созбай, «Musica36» атты өз лейблының негізін қалады. Сыншылар, өзге әншілер оның орындауындағы әндерде музыканың сапасын жоғары бағалайды. 2. Нұрлан Сабыров  width= Жасы 28-де. Степногорск қаласының тумасы. Жас кезінде бокспен айналысып, КВН ойындарына қатысқан. Кейін ресейлік университеттің біріне түсіп кетіп, оқуын Екатеринбургте жалғастырған. 2012 жылы Ресейдің ТНТ телеарнасындағы «Открытый микрафон», «Stand Up» тележобаларына қатысып, таныла бастады. Бүгінде Ресейдегі ең танымал стендап комиктердің бірі саналады. Өзінің концерттерін тұрақты өткізіп келеді. 2019 жылдан бері «Что было дальше» интернет-шоуының жүргізушісі. 3. The Limba  width= 22 жастағы Мұхамет Ахметжанов өнер жолына түскенше сантехника дүкенінде сатушы болған. Кейін ол жазған лирикалық әуендер тыңдармандар арасында сұранысқа ие бола бастады. «Подруга», «Все просто», «Синие фиалки» әндері Ресейде таныла бастаған соң оны түрлі продюсерлер әріптестікке шақырды. Әдетте тәжірибелі әншілер жаңа есімдермен қосылып, ән шырқап, сұраныста қалуды көздейді. Осылайша, Егор Крид, Андро сынды белгілі әншілер The Limba-мен дуэт болып, бірге ән шығарды. 4. Айсұлтан Сейітов  width= 1997 жылы Алматыда дүниеге келген режиссер, клипмейкер. Нью-Йорк кино академиясында білім алып, кейін оқу орнын тастап кеткен. Ресейдің, АҚШ-тың танымал әншілеріне клип түсірумен айналысады. 19 жасында Скриптонит, Ғалымжан Молданазар сынды отандық әншілерге клип түсірсе, сәл кейінірек Ресейдің Иван Дорн, Элджей, Noize MC, Елена Темникова, T-Fest сияқты түрлі жанрда ән айтатын өнер иелерінің клиптерінің авторы атанды. Ал 2019 жылдан бері АҚШ нарығына ауысты деуге болады. Себебі сондағы 21 Savage, J.Cole, Offset, Migos, Young Thug, Travis Scott секілді әншілерге клип түсірді. 2019 жыл Айсұлтан үшін табысты болды деуге болады. Былтыр тамыз айында Nike компаниясының промо ролигінің режиссері атанды. Сондай-ақ әлемнің ең ірі продюсерлік орталықтарының бірі – Partizan-мен келісім – шарт жасасты. Оған қоса, ол продюсер, оператор, режиссерлердің басын қосқан «Qara» кинопродакшн компаниясын ашты. Жалпы, Айсұлтан кәсіби халықаралық шоу-бизнеске шыққан алғашқы қазақ режиссері деуге болады. 5. НАZИМА  width= Толық есімі – Нәзима Жәнібекова. 1990 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Ресейге аттанғанға дейін Қазақстанда «Жұлдыздар фабрикасы», «Хочу стать звездой» сынды жобаларда үміткер болып, бағын сынап көрген. Ал 2018 жылы ресейлік ТНТ арнасының «Песни» тележобасына қатысып, 4 орын иеленді. Жоба аяқталған соң Black Star Inc. Лейблымен келісім-шарт жасасты. Лейбл аясында Тимати, Егор Крид, Скруджи және басқа да ресейлік әншілермен бірге ән орындады. 6. Азамат Дулатов width= Қоюшы-оператор. 1987 жылы дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлегі. 20-дан аса толықметражды фильм түсірген. Олардың қатарында «Нартай», «Әкім», «Жених на пять дней», «Бизнес по-казахски в Африке», «Она», «Бизнес по-казахски в Америке», «Тараз», «Келинка Сабина-2», «Замуж в 30», «Жаным, ты не поверишь» және басқалары бар. Аталған фильмдерден-ақ оның сұраныстағы оепартор екенін түсіну қиын емес. Азамат, сондай-ақ Ресейдегі танымал әншілердің клиптерін де түсірумен аты шыққан. Ол Matrang, T-Fest, Скриптонит, Баста, Иван Дорн және басқа танымал тұлғалармен бірге жұмыс істеген. Азамат түсірген клип, фильмдердің локациясы ретінде Қазақстан, Ресей, Уганда, Кения, АҚШ және өзге елдер де таңдалған. 7. Аян Исин  width= Суретші-мультипликатор. Соңғы жылдары анимацияға ауысты. Ол A$AP Rocky, Waka Flocka Flame, PrettyMuch, French Montana, Wiz Khalifa секілді рэперлердің клипіне анимация жасаумен айналысқан. Сондай-ақ MTV LABS-пен әріптестікте қызмет етеді. Оның Инстаграмдағы аккаунтын бір сүзіп шықсақ, Аян АҚШ, Ресейдегі танымал тұлғаларға түрлі бағыттағы анимациялық роликтер дайындайтыны көрінеді. 8. Медет Шаяхметов  width= 1993 жылы туған. Режиссёр, продюсер, клипмейкер. Медет режиссерден көрі клипмейкер ретінде танымал. Себебі бұған дейін 1 сериал және 2 қысқаметражды фильм түсірген. Ал клип түсіру саласында тәжірибесі мол. Бастапқыда Карандаш, Луина, Ғ.Молданазар, Jah Khalib, Скриптонит секілді отандық әншілердің клипіне жауапты болса, кейінірек ресейлік өнер иелерімен әріптес атанды. Олардың қатарында Элджей, Feduk, Егор Крид, L’One, Monatik, Елена Темниковалар бар. 9. Сәуле Юсупова шоу-бизнес Комик, стендапер. Ресейде туып өскен қазақ қызы. 1993 жылы Челябі облысында туған. Мамандығы дәрігер. Оңтүстік Орал мемлекеттік медициналық университетін тәмамдаған. Медицина саласын тастап кеткен. Сәуле сұхбаттарында жақын туыстары орысша сөйлесе де, қазақ дәстүрлері қатаң сақталатын отбасыда өскенін айтады. Ол Челябідегі жергілікті «Магнитогорский STAND UP» жобасындағы жалғыз қыз болған. 2017 жылы «Открытый микрофон» жобасына қатысқанда ресейлік ТНТ телеарнасының өкілдері оны байқап, «Женский стендап» тележобасына шақырған. Бүгінде Сәуле аталған телебағдарламаның белді өкілдерінің бірі.

Әзірлеген: Әлихан ИСМАН