Мысырда президенттің отставкасын талап еткен 2000 адам тұқындалды
Мысырда президенттің отставкасын талап еткен 2000 адам тұқындалды
99
оқылды

Мысырда бір аптаның ішінде ел президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге қарсы наразылық шеруіне шыққан 2000 –ға жуық адам тұтқындалды. 27 қыркүйекте шерушілер президенттің отставкасын талап ететін тағы бір бейбіт шеру өткізуге ниетті.

Қауіпсіздік күштері бірқатар танымал қоғам қайраткерлерін де тұтқындаған. Олардың қатарында Каир университетінің профессоры, саясаттанушы, шолушы Хасан Нафа бар. Өз Twitter парақшасында ол ас-Сисидің шегі жоқ билігі мемлекетті апатқа әкеп соғатынын жазған еді.

Сондай-ақ «Әл-Дустор» партиясының басшысы Халед Дауд та тұтқындалды. Ол да президенттің билігін сынаған еді.

Сарапшылар мен саясаткерлер наразылыққа шыққандарды осылай күшпен басу Үкіметтің өз-өзіне деген сенімсіздігін білдіретінін алға тартады. Әрі Мысырда орта тап пен кедей тұрғындардың экономикалық жағдайы мүшкіл халде.

Ал әлеуметтік желіде «шық, сен жалғыз емессің», «Сиси кетуі тиіс» сынды хэштегтер пайда болды. Желідегі мұндай үндеулерден өзге Сисидің қымбат жекежайларының видеолары тарап кеткен. Сондай-ақ мүшкіл хал кешкен мысырлықтардың да бейнежазбалары бар.

Халықаралық валюта қорымен 2016 жылғы несиелік келісім бойынша азық-түлік пен жанармайға субсидияларды азайту туралы шешім Мысыр валютасының құнсыздануына, негізгі тауарларға бағаның күрт өсуіне әкелді. Үкіметтің ақпарына сәйкес, кедейшілік деңгейі 2015 жылмен салыстырғанда 2018 жылы 32,5% өскен.

21 қыркүйек Каир, Александрия, Суэце және Әл-Мансұрда мыңдаған адам президенттің биліктен кетуін талап етіп шеруге шықты. Белсенді, Испанияға із суытқан бизнесмен Мұхаммед Әли тұрғындарды 27 қыркүйекте тағы да шеру ұйымдастыруға шақырды. Осы себепті полиция қауіпсіздікті күшейтсе, үкімет заңсыз шерулерге шықпауға шақыруда.

Еске салсақ бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп ас-Сисиді өзінің «сүйікті диктаторы» деген еді.