Ақмола облысында полицейлер ақпанда болған қылмыстың бетін ашты, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Бұланды ауданында 57 жастағы ер адамның өліміне не себеп болғаны белгілі болды.
"Ер адамды туыстары өз беттерінше іздеп көрген. Нәтиже шықпаған соң 25 наурызда Бұланды АПБ-ге шағым түсірген. 57 жастағы ер адам елордаға жұмыс іздеп ақпанның соңында кеткен. 9 тамызда жедел іздестіру шараларының барысында полиция қызметкерлері Бұланды ауданының 34 жастағы тұрғынының ер адамның жоғалуына қатысы бар екенін анықтады", - делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, 2020 жылғы ақпанда ер адамдар ішімдік ішіп отырып, төбелесіп, күдікті ер адамды өлтірген. Қылмысын жасыру үшін ол танысының қол-аяғы мен басын өртеп, денесін қорасына көміп тастаған. ҚР ҚК 99 бабы 1 бөлімі "Адам өлтіру" бойынша қылмыстық іс қозғалды. 34 жастағы ер адам ұсталды.