Үміткерлер 19 топқа бөлінді
Үміткерлер 19 топқа бөлінді
Бір аудиторияда праймеризге қатысушы – мұғалім, көпбалалы ана мен кәсіпкерлер облыс орта­лығын көркейту, дамыту мәсе­лелерін шешу туралы ойларымен бөлісті. Дебат кезінде алғашқы болып сөйлеу жеребе тарту бо­йынша анықталды. Әр қатысу­шы өз бағдарламасымен таныс­тырып, халықпен кездесу бары­сында тұрғындарды мазалайтын сұрақты талқылады. Спикерлер қоғамның барлық саласына қатысты көптеген мәселені қозғады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдіктер, білім беру жүйесі, кәсіпкерлікті қолдау, эко­­номика, спорт, мәдениет және көлік ин­фра­құрылымын да­мыту та­қы­­рыптары күн тәр­тібін­­дегі негізгі мәселеге айнал­ды. Дебатта көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік тақырып – ерекше қажеттіліктері бар адам­дарға қолдау көрсетіп, жұмысшы мамандығының беделін көтеру. Пікірсайысқа қатысушыларды бір мақсат біріктірді – аймақ тұр­ғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасау, соның ішінде об­лыс ор­талығын дамытудың эко­но­микалық және әлеуметтік бағ­дарламаларын жүзеге асыру­ды тиімді бақылау. Саяси пікірталас екі турдан тұрды, жалпы ұзақтығы 90 ми­нутты құрады. Бірінші кезеңде праймеризге қатысушылар аймақ­тың дамуындағы мәселе­лерді шешу жолдарымен бөліссе, әрі қарай пікірталас сұрақ-жауап форматына ауысты. Аталған дебат әлеуметтік желіде тікелей эфирде көрсетілді. Пікірсайысты тамашалауға әрі қатысушыларға қолдау білдіруге қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері мен партия мүшелері келді. Көкшетау қаласы бойынша праймеризге 93 үміткер тіркеліп, дебатқа қатысу үшін олар 19 топқа бөлінді. Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысушылар ара­сындағы дебат 14-30 қыркүйек аралығында өтіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсе­тіледі. «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушыларға дауыс беру 1-3-қазан аралығында өтеді.  

А.ЖАСАН