Мемлекет пен бизнес: ортақ жобалар орта жолда қалып тұр
Мемлекет пен бизнес: ортақ жобалар орта жолда қалып тұр
 

Бәрінің ойлағаны – «екі жеп, бір асау»

Иә, көптеген елдер тәжіри­бе­сінде инфрақұрылым мәсе­лелерін шешуге салықтан түсетін қаржы аздық етеді. Сондықтан бұл мәселе­ні шешу үшін мемлекет өзіне серіктес ретінде жекеменшік сек­тор­ды тартады. Мысалы, Үндіс­танда автомобиль жолда­рының құрылысы мен қайта жаңартуға салынған инвести­цияның 75% МЖӘ қаржысы есебінен жүзеге асады. Колум­бияда барлық жаңа инфрақұры­лымның 20% жеке сектор арқылы салынады, басқа­рылады. Біздің елде де бұл инсти­тут­тың енгізіл­геніне бірер жылдың жүзі болды. Осы жылдың 1 шіл­десіндегі жағ­дай бойынша Қазақ­станда 1,5 трил­­­­­лион теңгеге 566 келісім­шарт жасалған. Оның ішінде 475 млрд теңге жұмсалған 513 ны­сан пай­далануға берілген. Ал құны 1 трлн теңгеден асатын 53 ны­­­сан салы­нып жатыр. Бірақ сол жоба­­ларға жасалған талдау біршама мәсе­ленің бетін ашты. Мысалы, жаңа бизнес салаларына, отандық өн­дірушілердің нарығын кеңейтуге және серіктестікке жаңа кәсіп­­керлерді тартуда нақты қол­дау жоқ екені белгілі болып отыр. «Мысалы, 2017 жылғы 15 нау­рызда Қарағанды облысының Мем­лекеттік активтер және сатып алулар департаменті мен «РЦ Шипагер» ЖШС арасында тендер нәтижесі бойын­ша «Қарағанды қаласының №5 емханасында» үй-жай мен маг­ниттік резонанс томографын (бұдан әрі – МРТ) мүліктік жалға алу шарты жасалды. «РЦ Шипагер» ЖШС МРТ аппаратын жалдауға ай сайын 219 мың теңге, ал орын-жайды жалға алу үшін 77 мың теңге төледі. Алайда 2017 жылдың 4 қазанында Денсаулық сақтау басқармасы, Мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасы мен «РЦ Шипагер» ЖШС арасында аталған клиниканың базасында «МРТ бөлмесін ашу» жобасы бойын­ша МЖӘ келісімі жасалады. Меди­циналық қызметтердің құны кепіл­дендірілген тегін медициналық кө­мек­тің көлемі есебінен өтеледі. МЖӘ жобасы «РЦ Шипагер» ЖШС-ге өзін мемлекеттік тапсырыспен қамта­масыз етіп қоймай, үй-жайларды пайдалану үшін жалақысын төлеуден жалтаруға мүмкіндік берді. Ал мем­лекет жалдау үшін 1,7 млн теңге алуы мүмкін еді», – дейді сенатор А.Лукин. Оның айтуынша, республикада дәл осындай 14 МЖӘ келісім анық­талған. Мысалы, кәсіпкерлердің пай­дасы үшін ресми келісімдер жасасудың ұқсас фактілері Ақмола (3 жоба: балабақшаларды ұйымдас­­тыру), Атырау (1 жоба: көше жарық­тандыру желілерін салу және пай­далану), Қызылорда (3 жоба: меди­циналық зертханалар салу), Павлодар (1 жоба: медициналық амбулато­рияны сенімгерлік басқаруға беру) облыстарында анықталған. МЖӘ жобаларының саны бойынша жарыста меморгандар Мемлекеттік сатып алу туралы заңы шеңберінде сатып алынуы тиіс қызметтер бойынша келісімшарттар жасауды әдетке айналдырған. Алматы қаласының прокуратурасы заңды өрескел бұзу арқылы ешқандай бір­лескен кәсіпорын құрмай, актив са­тып алмай, МЖӘ-нің 4 жобасын жүзеге асырған деректі анықтады. Бұл жобаларда мемлекеттік сатып алудың барлық белгісі бар. Бірақ жергілікті атқарушы орган Ұлттық экономика министрлігінің хатына сілтеме жасай отырып, бұл жұмыстарды МЖӘ жобасына жатқыза салады. Осындай МЖӘ жобалары Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыста­рында да тіркелген.  

МЖӘ жобасында лицензиясы  жоқ компания қайдан жүр? 

 Әдетте МЖӘ туралы заңның 1-бабына сәйкес жеке серіктес – жеке кәсіпкер, серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға болуы керек. Сондықтан жобаны іске асыруды бастау үшін жеке серіктесте бизне­сінің қашан басталғанын растайтын құжат болуы керек. Алайда Ақмола облысында 2017 жылғы 10 ақпанда осы талаптарды белден басқан Көк­шетау қаласы әкімдігі мен жеке тұлғалар М.Б. Рүстемов, А.В. Тро­фимов және Ж.Ч. Әбілмәжі­нов­термен МЖӘ туралы келісімге қол қойған. Көкшетау қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 9 маусымдағы қаулысы (NoА-6/1667) Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының тала­бына қайшы (жер теліміне кон­курстар өткізу арқылы құқық алу) келсе де, Ж.Әбілмәжіновке «көп­пәтерлі үй салу үшін» (Көкшетау қаласы, 1-шағынаудан, №2А) 0,5 га ауданы бар жер учаскесін 5 жылға жалға алу құқымен берген. Ал Ж.Әбілмәжінов көп ұзамай UK Stroy ЖШС-не жалдау құқығын сатып жібереді. Сол сияқты жер телімін жал­­дау құқымен М.Рүстемов пен А.Трофимов те алды. Біріншісі 0,4 га, екіншісі 0,25 га жерге ие болды. Тағы бір мысал, Шығыс Қазақ­стан облысында концессия келісімі түрінде Өскеменде жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 6 балабақша құрылысы жобасына қатысты. Бұл жобаға қа­тысты шарттар 2015 жыл­ғы 5 та­мызда ШҚО облыс әкімдігі (ШҚО Білім басқармасы) мен Global Construction Technologies ЖШС арасында 20 жылдық мер­зімге жасалды. Яғни, консес­сионер 9 айда балабақшаны салып, 2016 жылы жұмысын басқаруы тиіс бола­тын. Мемлекет өз кезегінде, бала­бақша салатын жер телімін тегін берді және балабақша пай­далануға берілгеннен кейін инвест­шығындар үшін 7 жыл ішінде тең үлеспен өтемақы төлей бастайтын болған. Байқау өткізіліп, жеңімпаз анықтал­ғанда Global Construction Technologies-тің құрылысын жүргі­зу­­ге мате­риалдық та, техни­калық та, тіпті қаржылық та мүм­кіндігі болма­ғаны анықталды. Ең қызығы, бұл компанияның әлі күнге лицензия­сы жоқ. Соңғы 5 жылда бір теңге салық төлемеген, жұмыс­шыларға зейнетақы жарна­сын да аудармаған. Ендеше, ол тендерде қалай жеңіп кеткен? Себе­бі ол тендерге қатысу туралы өті­німге «Стройффект» ЖШС-мен жасалған еңбек шартын қоса салған. Ең сұмдығы, бала­бақшалар әлі күнге пайдалануға бе­рілмеген. Мұндай мысалды Павлордар, Қызылорда облыс­тарынан да келтіруге болады.  

Инвестор өкінетін жағдайды қолдан жасап отырмыз

Мемлекет тарапынан серіктес болған мекемелердің жауапсыз­ды­ғынан кәсіпкерлер құқы бұзылған деректер де жоқ емес. Сол Маңғыстау облысында Білім басқармасы нысан­дар пайдалануға берілген сәттен бастап (6.08.2018 ж.) МЖӘ жобасы бойынша «13-шағы­наудандағы №55 және 27-шағы­науданындағы №51 бала­бақшаларды сенімгерлік бас­қаруға беру» бойынша міндетін орындаған жоқ. Яғни, мемлекеттік серіктестің жеке серіктеске (T&S Construction ЖШС) қарызы 100 миллион теңгеге жеткен. Қарызды мемлекеттік серіктес бір жылдан кейін ғана – 2020 жылдың шілдесінде өтеген. Ал инвестордың жазығы не? Мұндай факті инвести­циялық ахуал­ға және МЖӘ институ­тының дамуы­на кері әсер етеді. Мұндай заңсыздыққа не себеп? Сарапшылар бұған МЖӘ шеңберінде жүзеге асырылатын жобалардан мем­ле­кеттік сатып алу арқылы жүзеге асы­рылатын жобалар арасындағы нақты айырмашылықтың болмауы себеп дейді. Бұл олқылықты мемле­кеттік органдар МЖӘ жобалар санын көбейтіп көрсету үшін жиі пайда­ланады екен. МЖӘ нысанын басқару үшін сыйақы есептеу әдістемесінің жоқтығы (Заңның 9-бабы 2-тарма­ғының 5-тармақшасында көзделген), МЖӘ туралы келісім жасасу және оны одан әрі жүзеге асыру туралы шешім қабылдағанда қоғамдық ба­қылаудың (кәсіпкерлер палатасы­ның қатысуын қоспағанда) болмауы да мәселенің ушығуына ықпал етеді.  Сондықтан сенатор А.Лукин МЖӘ туралы заңның 46-бабына өзгерту енгізуді ұсынады. «Уәкілетті орган орындалған жобаларды қос­пағанда ҚР «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңнамасын бұзып жасалған шарт анықталса, сондай-ақ аталған заңдағы 33-бабта көзделген шектеулер бұзылса, конкурсты ұйым­дастырушының заңда көздел­меген әлеуетті жеке серіктеске көмек көрсе­туі немесе тікелей келіссөздер жүргізуі белгілі болса, заңның 49-бабындағы «сот шешімі бойынша» деген сөздерді алып тастап, келісімшартты бұзу рәсімін оңайлату қажет. Бұл тендерге қатысу немесе тікелей келіссөздер жүргізу кезеңінде әлеуетті жеткізу­шілердің жауапкершілігін артты­рады», – дейді ол.  

Мониторинг пен цифрлық формат керек

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүр­сінов сенатормен келіседі. «Жергілікті атқарушы органдар құзыреті жеткіліксіз болғандықтан, техникалық шарттар мен тендерлік құжаттаманың сапасыз зерттелуі, МЖӘ жобаларын өткізу жүйесінің ашық болмауы және тиімсіз са­раптама жасау тіркелген. Сондай-ақ мемле­кеттік әріптес тарапынан МЖӘ жобалары бойынша мем­лекеттік міндеттемелерді уақы­тылы орында­маудың жоғары қаупін атап өткім келеді. МЖӘ жоба­ларының монито­рингі мен бірыңғай цифрлық форма­тының болмауы да мемлекеттік органдардың беделін «түсіреді» және мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік­тің өсуін те­жейді», – дейді ол. Оның айтуынша, инвестициялау үшін тартымды салалар мен ны­сандар бола тұра, өңірлердің жобаны дайын­дап, инвесторларға «ұсынуға» қабі­лет­сіз екендігі белгілі болып отыр. Бұлай жалғаса берсе, МЖӘ нарығы құрдымға кетуі де әбден мүмкін.  «Елімізге бюджеттің қатысуымен МЖӘ-жобаларды іске асырудың ашық та икемді жүйесі қажет. Бұл белгіленген мерзімде бюджеттік тәуе­келдерді болжауға және оларға уақы­тылы жауап беруге мүмкіндік береді. Жеке секторды тарту үшін инвестор­лар мен банктер үшін кепіл­дік ретінде айқын және тұрақты заңнама қажет деп санаймын. Форс-мажорлық жағ­дайларға қатысты шарттардың ере­желеріне алдын ала болжау мүмкін еместігіне байланысты байыпты түрде, жаңаша қарау ке­рек», – дейді ол. Кәсіпкерлер құқын қорғаушы уәкілдің дерегінше, биыл МЖӘ тетігі арқылы іске асыруға болатын жер­гілікті жерлердегі құрылыс салуға қатысты бюджеттік инвестициялық жобалардың әлеуеті шамамен 730 млрд теңгені құрайды. «Шартты бюджеттік міндет­те­мелер» немесе қарапайым сөзбен айтқанда, басты мәселе инвестордың операциялық шығындары болып тұр, олар кейін мемлекет тарапынан қар­жыландырылуы немесе кепілден­дірілуі тиіс және де олар жобаның ең көмескі және қауіпті бөлігі саналады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік ор­ганның бюд­жеттік жоспарлауының тұрақ­тылығы мен сапасына байла­ныс­ты. Басқаша айтқанда, егер келесі жылы немесе бір жылдан кейін мем­лекеттік орган тиісті қаражатты сал­маса, онда МЖӘ жобасы іске асы­рылмайды. Дәл осы мәселе Қазақ­стандағы МЖӘ жобасын тиімді іске асыруға кедергі болады», – дейді Р.Жүрсінов. Сол себепті де сарапшылар МЖӘ институтын іске асырудың барлық кезеңінде қоғамдық бақы­лаудың әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсы­нып отыр.  

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ