Бәрінің ойлағаны – «екі жеп, бір асау»
Иә, көптеген елдер тәжірибесінде инфрақұрылым мәселелерін шешуге салықтан түсетін қаржы аздық етеді. Сондықтан бұл мәселені шешу үшін мемлекет өзіне серіктес ретінде жекеменшік секторды тартады. Мысалы, Үндістанда автомобиль жолдарының құрылысы мен қайта жаңартуға салынған инвестицияның 75% МЖӘ қаржысы есебінен жүзеге асады. Колумбияда барлық жаңа инфрақұрылымның 20% жеке сектор арқылы салынады, басқарылады. Біздің елде де бұл институттың енгізілгеніне бірер жылдың жүзі болды. Осы жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша Қазақстанда 1,5 триллион теңгеге 566 келісімшарт жасалған. Оның ішінде 475 млрд теңге жұмсалған 513 нысан пайдалануға берілген. Ал құны 1 трлн теңгеден асатын 53 нысан салынып жатыр. Бірақ сол жобаларға жасалған талдау біршама мәселенің бетін ашты. Мысалы, жаңа бизнес салаларына, отандық өндірушілердің нарығын кеңейтуге және серіктестікке жаңа кәсіпкерлерді тартуда нақты қолдау жоқ екені белгілі болып отыр. «Мысалы, 2017 жылғы 15 наурызда Қарағанды облысының Мемлекеттік активтер және сатып алулар департаменті мен «РЦ Шипагер» ЖШС арасында тендер нәтижесі бойынша «Қарағанды қаласының №5 емханасында» үй-жай мен магниттік резонанс томографын (бұдан әрі – МРТ) мүліктік жалға алу шарты жасалды. «РЦ Шипагер» ЖШС МРТ аппаратын жалдауға ай сайын 219 мың теңге, ал орын-жайды жалға алу үшін 77 мың теңге төледі. Алайда 2017 жылдың 4 қазанында Денсаулық сақтау басқармасы, Мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасы мен «РЦ Шипагер» ЖШС арасында аталған клиниканың базасында «МРТ бөлмесін ашу» жобасы бойынша МЖӘ келісімі жасалады. Медициналық қызметтердің құны кепілдендірілген тегін медициналық көмектің көлемі есебінен өтеледі. МЖӘ жобасы «РЦ Шипагер» ЖШС-ге өзін мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етіп қоймай, үй-жайларды пайдалану үшін жалақысын төлеуден жалтаруға мүмкіндік берді. Ал мемлекет жалдау үшін 1,7 млн теңге алуы мүмкін еді», – дейді сенатор А.Лукин. Оның айтуынша, республикада дәл осындай 14 МЖӘ келісім анықталған. Мысалы, кәсіпкерлердің пайдасы үшін ресми келісімдер жасасудың ұқсас фактілері Ақмола (3 жоба: балабақшаларды ұйымдастыру), Атырау (1 жоба: көше жарықтандыру желілерін салу және пайдалану), Қызылорда (3 жоба: медициналық зертханалар салу), Павлодар (1 жоба: медициналық амбулаторияны сенімгерлік басқаруға беру) облыстарында анықталған. МЖӘ жобаларының саны бойынша жарыста меморгандар Мемлекеттік сатып алу туралы заңы шеңберінде сатып алынуы тиіс қызметтер бойынша келісімшарттар жасауды әдетке айналдырған. Алматы қаласының прокуратурасы заңды өрескел бұзу арқылы ешқандай бірлескен кәсіпорын құрмай, актив сатып алмай, МЖӘ-нің 4 жобасын жүзеге асырған деректі анықтады. Бұл жобаларда мемлекеттік сатып алудың барлық белгісі бар. Бірақ жергілікті атқарушы орган Ұлттық экономика министрлігінің хатына сілтеме жасай отырып, бұл жұмыстарды МЖӘ жобасына жатқыза салады. Осындай МЖӘ жобалары Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында да тіркелген.МЖӘ жобасында лицензиясы жоқ компания қайдан жүр?
Әдетте МЖӘ туралы заңның 1-бабына сәйкес жеке серіктес – жеке кәсіпкер, серіктестік, консорциум немесе заңды тұлға болуы керек. Сондықтан жобаны іске асыруды бастау үшін жеке серіктесте бизнесінің қашан басталғанын растайтын құжат болуы керек. Алайда Ақмола облысында 2017 жылғы 10 ақпанда осы талаптарды белден басқан Көкшетау қаласы әкімдігі мен жеке тұлғалар М.Б. Рүстемов, А.В. Трофимов және Ж.Ч. Әбілмәжіновтермен МЖӘ туралы келісімге қол қойған. Көкшетау қаласы әкімдігінің 2017 жылғы 9 маусымдағы қаулысы (NoА-6/1667) Жер кодексінің 48-бабының 1-тармағының талабына қайшы (жер теліміне конкурстар өткізу арқылы құқық алу) келсе де, Ж.Әбілмәжіновке «көппәтерлі үй салу үшін» (Көкшетау қаласы, 1-шағынаудан, №2А) 0,5 га ауданы бар жер учаскесін 5 жылға жалға алу құқымен берген. Ал Ж.Әбілмәжінов көп ұзамай UK Stroy ЖШС-не жалдау құқығын сатып жібереді. Сол сияқты жер телімін жалдау құқымен М.Рүстемов пен А.Трофимов те алды. Біріншісі 0,4 га, екіншісі 0,25 га жерге ие болды. Тағы бір мысал, Шығыс Қазақстан облысында концессия келісімі түрінде Өскеменде жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын 6 балабақша құрылысы жобасына қатысты. Бұл жобаға қатысты шарттар 2015 жылғы 5 тамызда ШҚО облыс әкімдігі (ШҚО Білім басқармасы) мен Global Construction Technologies ЖШС арасында 20 жылдық мерзімге жасалды. Яғни, консессионер 9 айда балабақшаны салып, 2016 жылы жұмысын басқаруы тиіс болатын. Мемлекет өз кезегінде, балабақша салатын жер телімін тегін берді және балабақша пайдалануға берілгеннен кейін инвестшығындар үшін 7 жыл ішінде тең үлеспен өтемақы төлей бастайтын болған. Байқау өткізіліп, жеңімпаз анықталғанда Global Construction Technologies-тің құрылысын жүргізуге материалдық та, техникалық та, тіпті қаржылық та мүмкіндігі болмағаны анықталды. Ең қызығы, бұл компанияның әлі күнге лицензиясы жоқ. Соңғы 5 жылда бір теңге салық төлемеген, жұмысшыларға зейнетақы жарнасын да аудармаған. Ендеше, ол тендерде қалай жеңіп кеткен? Себебі ол тендерге қатысу туралы өтінімге «Стройффект» ЖШС-мен жасалған еңбек шартын қоса салған. Ең сұмдығы, балабақшалар әлі күнге пайдалануға берілмеген. Мұндай мысалды Павлордар, Қызылорда облыстарынан да келтіруге болады.Инвестор өкінетін жағдайды қолдан жасап отырмыз
Мемлекет тарапынан серіктес болған мекемелердің жауапсыздығынан кәсіпкерлер құқы бұзылған деректер де жоқ емес. Сол Маңғыстау облысында Білім басқармасы нысандар пайдалануға берілген сәттен бастап (6.08.2018 ж.) МЖӘ жобасы бойынша «13-шағынаудандағы №55 және 27-шағынауданындағы №51 балабақшаларды сенімгерлік басқаруға беру» бойынша міндетін орындаған жоқ. Яғни, мемлекеттік серіктестің жеке серіктеске (T&S Construction ЖШС) қарызы 100 миллион теңгеге жеткен. Қарызды мемлекеттік серіктес бір жылдан кейін ғана – 2020 жылдың шілдесінде өтеген. Ал инвестордың жазығы не? Мұндай факті инвестициялық ахуалға және МЖӘ институтының дамуына кері әсер етеді. Мұндай заңсыздыққа не себеп? Сарапшылар бұған МЖӘ шеңберінде жүзеге асырылатын жобалардан мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылатын жобалар арасындағы нақты айырмашылықтың болмауы себеп дейді. Бұл олқылықты мемлекеттік органдар МЖӘ жобалар санын көбейтіп көрсету үшін жиі пайдаланады екен. МЖӘ нысанын басқару үшін сыйақы есептеу әдістемесінің жоқтығы (Заңның 9-бабы 2-тармағының 5-тармақшасында көзделген), МЖӘ туралы келісім жасасу және оны одан әрі жүзеге асыру туралы шешім қабылдағанда қоғамдық бақылаудың (кәсіпкерлер палатасының қатысуын қоспағанда) болмауы да мәселенің ушығуына ықпал етеді. Сондықтан сенатор А.Лукин МЖӘ туралы заңның 46-бабына өзгерту енгізуді ұсынады. «Уәкілетті орган орындалған жобаларды қоспағанда ҚР «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заңнамасын бұзып жасалған шарт анықталса, сондай-ақ аталған заңдағы 33-бабта көзделген шектеулер бұзылса, конкурсты ұйымдастырушының заңда көзделмеген әлеуетті жеке серіктеске көмек көрсетуі немесе тікелей келіссөздер жүргізуі белгілі болса, заңның 49-бабындағы «сот шешімі бойынша» деген сөздерді алып тастап, келісімшартты бұзу рәсімін оңайлату қажет. Бұл тендерге қатысу немесе тікелей келіссөздер жүргізу кезеңінде әлеуетті жеткізушілердің жауапкершілігін арттырады», – дейді ол.Мониторинг пен цифрлық формат керек
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов сенатормен келіседі. «Жергілікті атқарушы органдар құзыреті жеткіліксіз болғандықтан, техникалық шарттар мен тендерлік құжаттаманың сапасыз зерттелуі, МЖӘ жобаларын өткізу жүйесінің ашық болмауы және тиімсіз сараптама жасау тіркелген. Сондай-ақ мемлекеттік әріптес тарапынан МЖӘ жобалары бойынша мемлекеттік міндеттемелерді уақытылы орындамаудың жоғары қаупін атап өткім келеді. МЖӘ жобаларының мониторингі мен бірыңғай цифрлық форматының болмауы да мемлекеттік органдардың беделін «түсіреді» және мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің өсуін тежейді», – дейді ол. Оның айтуынша, инвестициялау үшін тартымды салалар мен нысандар бола тұра, өңірлердің жобаны дайындап, инвесторларға «ұсынуға» қабілетсіз екендігі белгілі болып отыр. Бұлай жалғаса берсе, МЖӘ нарығы құрдымға кетуі де әбден мүмкін. «Елімізге бюджеттің қатысуымен МЖӘ-жобаларды іске асырудың ашық та икемді жүйесі қажет. Бұл белгіленген мерзімде бюджеттік тәуекелдерді болжауға және оларға уақытылы жауап беруге мүмкіндік береді. Жеке секторды тарту үшін инвесторлар мен банктер үшін кепілдік ретінде айқын және тұрақты заңнама қажет деп санаймын. Форс-мажорлық жағдайларға қатысты шарттардың ережелеріне алдын ала болжау мүмкін еместігіне байланысты байыпты түрде, жаңаша қарау керек», – дейді ол. Кәсіпкерлер құқын қорғаушы уәкілдің дерегінше, биыл МЖӘ тетігі арқылы іске асыруға болатын жергілікті жерлердегі құрылыс салуға қатысты бюджеттік инвестициялық жобалардың әлеуеті шамамен 730 млрд теңгені құрайды. «Шартты бюджеттік міндеттемелер» немесе қарапайым сөзбен айтқанда, басты мәселе инвестордың операциялық шығындары болып тұр, олар кейін мемлекет тарапынан қаржыландырылуы немесе кепілдендірілуі тиіс және де олар жобаның ең көмескі және қауіпті бөлігі саналады. Бұл бірінші кезекте мемлекеттік органның бюджеттік жоспарлауының тұрақтылығы мен сапасына байланысты. Басқаша айтқанда, егер келесі жылы немесе бір жылдан кейін мемлекеттік орган тиісті қаражатты салмаса, онда МЖӘ жобасы іске асырылмайды. Дәл осы мәселе Қазақстандағы МЖӘ жобасын тиімді іске асыруға кедергі болады», – дейді Р.Жүрсінов. Сол себепті де сарапшылар МЖӘ институтын іске асырудың барлық кезеңінде қоғамдық бақылаудың әлеуетін кеңінен пайдалануды ұсынып отыр.