Ақжарқын елге орала ма?
Ақжарқын елге орала ма?
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
118
оқылды
Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өзге мем­лекеттерде қылмыс жасаған қа­­зақстандықтарға қа­тысты 2017 жылғы мәліметтері ашық де­­рек­көзде бар. Бас про­куратурадан жаңартылған ста­тистикасы бар ақпарат сұра­ғанымызбен, жауап ала ал­ма­дық. Қош, 3 жыл бұ­рын­ғы дерек­терге көз салсақ, сол жылы 104 қа­­зақ­стандықтың ісі сотта қара­лыпты. Оның ба­сым бөлігі, 93-і – Ресейде жа­сал­ған. Одан бөлек, төр­теуі – Малайзияда, үшеуі – Литвада, екеуі – Түркияда, ҚХР мен Сингапурде бір-бір отандасымыз сотталыпты. Шетелде жүріп отан­дас­тар тарапынан жасалатын қыл­­мыстың басым бөлігі ұрлық, заң­­сыз есірткі айналымы, мемле­кеттік шекараны заңсыз кесіп өту сипатында. Ал Қазақстан соты­ның алдына барғандарға келсек, 2017 жылы республикада 1 343 шетел азаматы ұсталған. Негізі, сонау 1998 жылы шекаралас елдер­мен жазасын әрі қарай өтеу үшін сотталғандарды елге қайтару ту­ралы конвенцияға қол қойылған. Бүгінде қылмыскерлермен алма­су жайлы екіжақты келісім Испа­ния, Түркіменстан, Украина, Әзер­байжан, Түркия, Қытай, Италия, Венгрия елдерімен жасалған. Бі­­рақ Америкамен арада ондай келісім жоқ. Жоғарыда айтып өткен бедел мәселесіне келсек. Айталық, өз ортасында абыройлы азаматтың айтқанын айналасы екі етпеуге тырысады. Көлгірсімей, шыншыл адам ретінде танылса, оған деген сенім жоғары болады. Мұндай жүйе мемлекеттер арасында да бар. Сол үшін халықаралық келісімдер жасалады. Демократиялық көз­қара­сымен, әділ сот жүйесімен танылған елдің еңсесі де жоғары болады. Шетелде қылмыс жасаған азаматтарының жағдайын ойлап, жазасын өз жағында өтеуге өт­і­ніш білдірсе, оған алатын жауап сол елдің беделімен тікелей бай­ланысты болады. Әлбетте, қылмыстың түрі де назардан тыс қалмайды. Заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Апахаевтың айтуынша, халықаралық беделдің рейтингі жасалады. «Бірінші ке­зекте ол елде демократия бар ма, жаза нақты орындала ма – осы тұрғыдан қарастырылады. Мыса­лы, шетелде қылмыс жасаған қазақ­стандықты беру-бермеу ішкі ха­лықаралық шешімдер не­гізінде шешіледі. Қандай да бір мемлекеттің қылмыстық жауапкер­шілікке тартып жатқаны – ол өз азаматтарына қылмыстың өтеуі жаза болатынын білдіруі. Біреудің абыройын түсіру мақсатында емес, келесі қылмыстың алдын алу үшін жа­заланады. Қазақстан азаматы мемлекеттің меншігі саналады. Ал енді сол мемлекеттің меншігіне қатысты өзге елдің соты іс қарап, жазаға тартқанда ол жақтың заңы біздікінен қатал болуы мүмкін. Өз азаматын ойлап, жазасын жеңілдеу жақта өтеуге мүмкіндік алып бер­ген дұрыс. Қазір көбіне саяси қу­ғын-сүргінге ұшырауы мүмкін болғанда ғана бермей жатады. Басқа жағдайда, айталық ұсталған елде 20 жыл қарастырылып, Қазақ­стан заңы бойынша 10 жыл болса, экстра­диция жасалуы тиіс деп есептеймін. Себебі құқықтық жағ­дайын жеңілдету үшін гуманизм прин­ципіне салу қажет», – дейді Нұр­лан Жылқайдарұлы. Ел есінде қалған, атышулы қыл­мыстарға шолу жасап көрелік. 2000 жылдардың басында аме­ри­калық Bloomberg қаржы жаңа­лықтары қызметі серверін бұзған қазақстандық Олег Зезевтің ісін Нью-Йорк соты қараған. Ха­кер агенттік басшысы Майкл Блум­­­­­бергтен 200 мың доллар та­лап етеді. Сөйтіп, Блумберг бай­ланысқа шығып, Лондонда кез­десуге ұсыныс жасайды. Оған ке­ліскен Зезев екеуара келісімге заңгер Игорь Яримаканы да ара­ластырады. Ақыр соңында екеуі де ұсталады. 2 жыл іс қаралып, қазақстандықтар ағылшынның «Брикстон» түрмесіне қамалады. 11 қыркүйекте теракт болған соң Нью-Йоркке ауыстырылады. FBI Яримаканың кінәлі екенін сотқа дәлелдей алмай, ол ақталып шығады. Сөйтіп, аты дардай, жұрт үркитін FBI мен Нью-Йорк мэрі, атақты Блумбергпен қарсылас бола тұра, жеңіске жеткен заңгер елге оралады. Ал Зезев болса, 4 жыл бас бостандығынан айырылып, 1 миллион доллар көлемінде айып­пұл төлеуге міндеттеледі. Бір қы­зығы, Яримакаға заңсыз бас бос­тандығынан айырғаны үшін өтемақы ретінде АҚШ азаматтығын ұсынған. Бірақ Яримака бас тар­тып, елге келеді. Бір сұхбатында аме­рикалық түрменің заңы қатал екенін сипат­тап берген еді. Кеңес Мамедов Испанияда 2007 жылы 7 жылға қамалған. Ис­пан азаматын ұрып-соқты де­ген айып тағылады. Интерпол бұл туралы Бас прокуратураға 2 жылдан соң хабарлаған. Сөй­тіп, тағы 2 жылдай біздің та­рап еуропалық әріптестермен Ма­медовті уақытша елге қайтару ту­ралы келісім жасасады. Ол кезде екі ел арасында қылмыскерлермен алмасу жайлы құжат жоқ еді. Со­ған қарамастан испаниялықтар Кеңесті Қазақстанға береді. Бірақ отандық соттың оны сұратудағы себебі оның бұған дейін адам өл­тіруіне байланысты еді. Ісін қарап, 14 жылға соттаған соң Мамедов Испанияға қайтарылады. 6 жыл бұрын жазасының мерзімі аяқталған. 2014 жылдың желтоқсанында Дубайда полиция қызметкерінің ар-намысына тиіп, ұстау бары­сында қарсыласқаны үшін қа­зақ­стан­дық азамат сотталған. Оқи­­ға былай болыпты: метро ст­ан­сасында полицей-әйел басқа адамдармен әңгімелесіп тұрады. Отандасымыз назарын аудару үшін оның иығынан қағады. Ер адамның айтуынша, ол бар болғаны сауда орталығына барар жолды сұрағысы келіпті. Ал полиция қызметкері болса, оны басқаша түсінген. Әрі иығынан қаққанда түсініксіз тіл­­де сөйлеп, артынша тағы да қо­­лын тигізуге ұмтылғаны бар. Сөй­тіп, 49 жас­тағы азамат 2015 жылдың ма­мырында 3 ай түрмеге қамалып, 2 000 дирхам, ол кездегі курс бойынша 550 доллар айыппұл төлеген.  

Мұндай жүйе мемлекеттер арасында да бар. Сол үшін халықаралық келісімдер жасалады. Демокра­тиялық көз­қара­сымен, әділ сот жүйесімен танылған елдің еңсесі де жоғары болады. Шетелде қылмыс жасаған азаматтарының жағдайын ойлап, жазасын өз жағында өтеуге өт­ініш білдірсе, оған алатын жауап сол елдің беделімен тікелей байланысты болады. Әлбетте, қылмыстың түрі де назардан тыс қалмайды.

  Қазақстандық азаматтар ағ­а­йын­ды Герман және Артур Кан Африканың батысындағы Сьерра-Леоне түрмесінде жа­тып шыққан. Туыстарының ай­туынша, қысқы демалыстың бе­сінші күні жағажайда алаңсыз демалып жатқан екеуіне жергі­лікті тұрғындар жа­қындап ке­ліп, кәдесый ретінде ба­ғалы жәді­герлер алуды ұсынады. «Ал­маймыз» деп шорт кескен соң екі арада төбелес басталып кеткен. Содан полиция келіп, ол жердегі тұрғындар шетелдік туристерді әлгі жәдігерлерді ұрлады деп айып­тайды. Бостандыққа шығару үшін 80 мың доллар сұраған. Екі ел ара­сын­да дипломатиялық келісім бол­мағаны жағдайды одан әрі ушық­тырған. Ақыры не керек, қа­зақстандықтар афри­калық түрмеде 7 ай жатып, елге оралған. Экстремистік материалдар кон­трабандасы үшін Өзбекстан ше­карасында қазақстандық Ермек Қосмағамбетов пен Ақмарал Шә­кірова ұсталған. Нетбугінде ислам туралы бейнероликтер табылып, оны шекарашылар экстремистік бағытта деп таниды. Ол жерде «ис­лам» мен «мұсылман» түсінігі, мәскеулік мешітте орыстардың мұсылман болып жатқаны туралы бейнежазбалар болған. Шәкірова көп ұзамай босатылған. Ал Қос­мағамбетовтің ісін сот қарап, 5 жылға бас бостандығынан айыр­ады. Бірақ араға екі жыл салып, амнистия бойынша босатылған 11 қазақстандықтың қатарында Ермек те елге оралады. 7 жыл бұрын Бостондағы ма­рафонда жасалған теракт көп­тің есінде болар. Жарылыстың сал­дарынан үш адам қаза тауып, 280 адам жарақаттанған. Басты ұйымдастырушылар ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар болған. Басында Джохарды өлім жазасына кескен болатын. Жа­қын­­да өмір бойына бас бос­тан­­дығынан айыру туралы ше­шім шықты. Тамерлан болса, полициялармен атыс кезінде қаза болған. Бұл іске қазақстандық азаматтар Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовтың қатысы бар болып шығады. Царнаевтар ұйымдастырған терактіден соң айғақтарды жойды деген айып тағылады. Азамат 3 жылдан, Диас 5 жылдан астам уақыт түрмеде отырып шыққан. Елге оралған соң БАҚ өкіл­деріне берген сұхбатында көп­шілігі жат елдегі темір тордың ар жағы қандай қиын екенін айт­қан. Әсіресе, АҚШ түрме­сінде тәртіп өте қатал. Бірақ Диас Қадырбаевтың берген сұх­батынан білген бір дерегіміз, Аме­рикада буллинг болмауы үшін нәсілі бойынша топтарға бө­леді екен. Ал педофилдер мен го­мо­сексуалдарды басқа түр­меге жа­бады деседі. Дегенмен карцерде күн өткергеннің қандай қиын бол­ғанын суреттеп берген сұхбатын бейжай оқу мүмкін емес. Мұндайда бостандық тұр­мақ, жазаны еліңде жалғас­тыру­дың өзі ғанибет дерсіз. Заңгер Абзал Құспан: «Өз­ге елдерде сот­тал­ған­­дар­­­ды Қа­зақстанға қа­лай­­­да ауыс­тырып алу керек.  Басқа ел­дің терри­­то­риясында біздің азамат­тардың құқығы бұзылуы мүмкін дегеннен бөлек, Қазақ­станның құқық жүйесіне деген се­нім таразы ба­сында тұр. Әр ел­дің заңы басқа. Ол сол елдің сал­ты мен дәстүріне негізделеді». Бізде бұған дейін шетелде сотталған азаматтарымызды елге алдыру тәжірибесі барын жаздық. Ендеше Қытаймен қылмыскер алмасу туралы келісім бола тұра Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға алдыруға не ке­дергі?..  

Жадыра АҚҚАЙЫР