Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің өзге мемлекеттерде қылмыс жасаған қазақстандықтарға қатысты 2017 жылғы мәліметтері ашық дереккөзде бар. Бас прокуратурадан жаңартылған статистикасы бар ақпарат сұрағанымызбен, жауап ала алмадық. Қош, 3 жыл бұрынғы деректерге көз салсақ, сол жылы 104 қазақстандықтың ісі сотта қаралыпты. Оның басым бөлігі, 93-і – Ресейде жасалған. Одан бөлек, төртеуі – Малайзияда, үшеуі – Литвада, екеуі – Түркияда, ҚХР мен Сингапурде бір-бір отандасымыз сотталыпты. Шетелде жүріп отандастар тарапынан жасалатын қылмыстың басым бөлігі ұрлық, заңсыз есірткі айналымы, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту сипатында. Ал Қазақстан сотының алдына барғандарға келсек, 2017 жылы республикада 1 343 шетел азаматы ұсталған. Негізі, сонау 1998 жылы шекаралас елдермен жазасын әрі қарай өтеу үшін сотталғандарды елге қайтару туралы конвенцияға қол қойылған. Бүгінде қылмыскерлермен алмасу жайлы екіжақты келісім Испания, Түркіменстан, Украина, Әзербайжан, Түркия, Қытай, Италия, Венгрия елдерімен жасалған. Бірақ Америкамен арада ондай келісім жоқ. Жоғарыда айтып өткен бедел мәселесіне келсек. Айталық, өз ортасында абыройлы азаматтың айтқанын айналасы екі етпеуге тырысады. Көлгірсімей, шыншыл адам ретінде танылса, оған деген сенім жоғары болады. Мұндай жүйе мемлекеттер арасында да бар. Сол үшін халықаралық келісімдер жасалады. Демократиялық көзқарасымен, әділ сот жүйесімен танылған елдің еңсесі де жоғары болады. Шетелде қылмыс жасаған азаматтарының жағдайын ойлап, жазасын өз жағында өтеуге өтініш білдірсе, оған алатын жауап сол елдің беделімен тікелей байланысты болады. Әлбетте, қылмыстың түрі де назардан тыс қалмайды. Заң ғылымдарының кандидаты Нұрлан Апахаевтың айтуынша, халықаралық беделдің рейтингі жасалады. «Бірінші кезекте ол елде демократия бар ма, жаза нақты орындала ма – осы тұрғыдан қарастырылады. Мысалы, шетелде қылмыс жасаған қазақстандықты беру-бермеу ішкі халықаралық шешімдер негізінде шешіледі. Қандай да бір мемлекеттің қылмыстық жауапкершілікке тартып жатқаны – ол өз азаматтарына қылмыстың өтеуі жаза болатынын білдіруі. Біреудің абыройын түсіру мақсатында емес, келесі қылмыстың алдын алу үшін жазаланады. Қазақстан азаматы мемлекеттің меншігі саналады. Ал енді сол мемлекеттің меншігіне қатысты өзге елдің соты іс қарап, жазаға тартқанда ол жақтың заңы біздікінен қатал болуы мүмкін. Өз азаматын ойлап, жазасын жеңілдеу жақта өтеуге мүмкіндік алып берген дұрыс. Қазір көбіне саяси қуғын-сүргінге ұшырауы мүмкін болғанда ғана бермей жатады. Басқа жағдайда, айталық ұсталған елде 20 жыл қарастырылып, Қазақстан заңы бойынша 10 жыл болса, экстрадиция жасалуы тиіс деп есептеймін. Себебі құқықтық жағдайын жеңілдету үшін гуманизм принципіне салу қажет», – дейді Нұрлан Жылқайдарұлы. Ел есінде қалған, атышулы қылмыстарға шолу жасап көрелік. 2000 жылдардың басында америкалық Bloomberg қаржы жаңалықтары қызметі серверін бұзған қазақстандық Олег Зезевтің ісін Нью-Йорк соты қараған. Хакер агенттік басшысы Майкл Блумбергтен 200 мың доллар талап етеді. Сөйтіп, Блумберг байланысқа шығып, Лондонда кездесуге ұсыныс жасайды. Оған келіскен Зезев екеуара келісімге заңгер Игорь Яримаканы да араластырады. Ақыр соңында екеуі де ұсталады. 2 жыл іс қаралып, қазақстандықтар ағылшынның «Брикстон» түрмесіне қамалады. 11 қыркүйекте теракт болған соң Нью-Йоркке ауыстырылады. FBI Яримаканың кінәлі екенін сотқа дәлелдей алмай, ол ақталып шығады. Сөйтіп, аты дардай, жұрт үркитін FBI мен Нью-Йорк мэрі, атақты Блумбергпен қарсылас бола тұра, жеңіске жеткен заңгер елге оралады. Ал Зезев болса, 4 жыл бас бостандығынан айырылып, 1 миллион доллар көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Бір қызығы, Яримакаға заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін өтемақы ретінде АҚШ азаматтығын ұсынған. Бірақ Яримака бас тартып, елге келеді. Бір сұхбатында америкалық түрменің заңы қатал екенін сипаттап берген еді. Кеңес Мамедов Испанияда 2007 жылы 7 жылға қамалған. Испан азаматын ұрып-соқты деген айып тағылады. Интерпол бұл туралы Бас прокуратураға 2 жылдан соң хабарлаған. Сөйтіп, тағы 2 жылдай біздің тарап еуропалық әріптестермен Мамедовті уақытша елге қайтару туралы келісім жасасады. Ол кезде екі ел арасында қылмыскерлермен алмасу жайлы құжат жоқ еді. Соған қарамастан испаниялықтар Кеңесті Қазақстанға береді. Бірақ отандық соттың оны сұратудағы себебі оның бұған дейін адам өлтіруіне байланысты еді. Ісін қарап, 14 жылға соттаған соң Мамедов Испанияға қайтарылады. 6 жыл бұрын жазасының мерзімі аяқталған. 2014 жылдың желтоқсанында Дубайда полиция қызметкерінің ар-намысына тиіп, ұстау барысында қарсыласқаны үшін қазақстандық азамат сотталған. Оқиға былай болыпты: метро стансасында полицей-әйел басқа адамдармен әңгімелесіп тұрады. Отандасымыз назарын аудару үшін оның иығынан қағады. Ер адамның айтуынша, ол бар болғаны сауда орталығына барар жолды сұрағысы келіпті. Ал полиция қызметкері болса, оны басқаша түсінген. Әрі иығынан қаққанда түсініксіз тілде сөйлеп, артынша тағы да қолын тигізуге ұмтылғаны бар. Сөйтіп, 49 жастағы азамат 2015 жылдың мамырында 3 ай түрмеге қамалып, 2 000 дирхам, ол кездегі курс бойынша 550 доллар айыппұл төлеген.
Мұндай жүйе мемлекеттер арасында да бар. Сол үшін халықаралық келісімдер жасалады. Демократиялық көзқарасымен, әділ сот жүйесімен танылған елдің еңсесі де жоғары болады. Шетелде қылмыс жасаған азаматтарының жағдайын ойлап, жазасын өз жағында өтеуге өтініш білдірсе, оған алатын жауап сол елдің беделімен тікелей байланысты болады. Әлбетте, қылмыстың түрі де назардан тыс қалмайды.
Қазақстандық азаматтар ағайынды Герман және Артур Кан Африканың батысындағы Сьерра-Леоне түрмесінде жатып шыққан. Туыстарының айтуынша, қысқы демалыстың бесінші күні жағажайда алаңсыз демалып жатқан екеуіне жергілікті тұрғындар жақындап келіп, кәдесый ретінде бағалы жәдігерлер алуды ұсынады. «Алмаймыз» деп шорт кескен соң екі арада төбелес басталып кеткен. Содан полиция келіп, ол жердегі тұрғындар шетелдік туристерді әлгі жәдігерлерді ұрлады деп айыптайды. Бостандыққа шығару үшін 80 мың доллар сұраған. Екі ел арасында дипломатиялық келісім болмағаны жағдайды одан әрі ушықтырған. Ақыры не керек, қазақстандықтар африкалық түрмеде 7 ай жатып, елге оралған. Экстремистік материалдар контрабандасы үшін Өзбекстан шекарасында қазақстандық Ермек Қосмағамбетов пен Ақмарал Шәкірова ұсталған. Нетбугінде ислам туралы бейнероликтер табылып, оны шекарашылар экстремистік бағытта деп таниды. Ол жерде «ислам» мен «мұсылман» түсінігі, мәскеулік мешітте орыстардың мұсылман болып жатқаны туралы бейнежазбалар болған. Шәкірова көп ұзамай босатылған. Ал Қосмағамбетовтің ісін сот қарап, 5 жылға бас бостандығынан айырады. Бірақ араға екі жыл салып, амнистия бойынша босатылған 11 қазақстандықтың қатарында Ермек те елге оралады. 7 жыл бұрын Бостондағы марафонда жасалған теракт көптің есінде болар. Жарылыстың салдарынан үш адам қаза тауып, 280 адам жарақаттанған. Басты ұйымдастырушылар ағайынды Тамерлан және Джохар Царнаевтар болған. Басында Джохарды өлім жазасына кескен болатын. Жақында өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы шешім шықты. Тамерлан болса, полициялармен атыс кезінде қаза болған. Бұл іске қазақстандық азаматтар Диас Қадырбаев пен Азамат Тажаяқовтың қатысы бар болып шығады. Царнаевтар ұйымдастырған терактіден соң айғақтарды жойды деген айып тағылады. Азамат 3 жылдан, Диас 5 жылдан астам уақыт түрмеде отырып шыққан. Елге оралған соң БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында көпшілігі жат елдегі темір тордың ар жағы қандай қиын екенін айтқан. Әсіресе, АҚШ түрмесінде тәртіп өте қатал. Бірақ Диас Қадырбаевтың берген сұхбатынан білген бір дерегіміз, Америкада буллинг болмауы үшін нәсілі бойынша топтарға бөледі екен. Ал педофилдер мен гомосексуалдарды басқа түрмеге жабады деседі. Дегенмен карцерде күн өткергеннің қандай қиын болғанын суреттеп берген сұхбатын бейжай оқу мүмкін емес. Мұндайда бостандық тұрмақ, жазаны еліңде жалғастырудың өзі ғанибет дерсіз. Заңгер Абзал Құспан: «Өзге елдерде сотталғандарды Қазақстанға қалайда ауыстырып алу керек. Басқа елдің территориясында біздің азаматтардың құқығы бұзылуы мүмкін дегеннен бөлек, Қазақстанның құқық жүйесіне деген сенім таразы басында тұр. Әр елдің заңы басқа. Ол сол елдің салты мен дәстүріне негізделеді». Бізде бұған дейін шетелде сотталған азаматтарымызды елге алдыру тәжірибесі барын жаздық. Ендеше Қытаймен қылмыскер алмасу туралы келісім бола тұра Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға алдыруға не кедергі?..Жадыра АҚҚАЙЫР