Әрине, әзірге бұл – жоба. Дегенмен қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, қалаға 135 млрд теңге инвестиция тартуды көздеп отырған компанияның бұл ұсынысы жүзеге асатын сыңайлы. Алайда биліктің бұл шешіміне көпшілік наразы. «Себебі Шымкент облысының бірінші хатшысы болып тұрған тұсында Асанбай Асқаров салып кеткен бұл ипподромның орнына зәулім-зәулім тұрғын үйлер салуға болмайды», – дейді тұрғындар. Бір топ көпқабатты биік үй айналадағы жасыл желекті бүлдіреді десе, енді бір топ атшабар орны көшіріліп, ол аймақ заманауи үлгідегі демалыс орнына айналса деп жатыр. « Шағын және орта кәсіпкерлікті, ішкі туризмді дамытатын дүние жасау қажет», – дейді тағы бірі. Бұл аймақ демалыс орнына айналуы тиіс. Себебі мұнда Наурыз алаңы, этноауыл, дендросаябақ бар. Тіпті, біреулер ипподромның мүлдем көшкенін қаламайды. Наурыз алаңында ұлттық мерекенің салтанатты шарасын тамашалаған жұрт этноауылда саяхаттап, ипподромда қыз қуу, көкпар, аударыспақ сияқты қазақтың ойындарын көруге ыңғайлы болар еді деп есептейді. Сондай-ақ бұл өзгерісті қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың аруағын қорлау деп қабылдап, қала басшысын қаралап жатқандар да жеткілікті.
Дауға айналып кеткен осынау жайт туралы әңгіме қайдан шықты? Жуырда қала әкімінің баспасөз қызметі BI Group компаниясының Шымкентке 135 миллиард теңге инвестиция салуға дайын екенін айтып сүйіншілеген. Компания басшылығы қаланың солтүстік бөлігінде 500 мың шаршы метр аумақта заманауи әкімшілік-тұрғын үй кешенінің құрылыс жобасын ұсынған. Осынау мәселені, яғни Бәйдібек би даңғылындағы ипподром орнында пайда болатын болашақ кешен тұжырымдамасының таныстырылымына Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, компания басшысы Айдын Рахымбаев қатысып, талқылапты. Ал басқосу кезінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев осы жоба іске асқан жағдайда қаланың даму мүмкіндіктері туралы жан-жақты түсіндіріп берген.
– Бұл – өте үлкен жоба. Жоба іске асырылған жағдайда ондағы инвестиция көлемі 135 миллиард теңге, салықтық жеңілдіктер шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Құрылысқа жалпы 6 000-ға жуық адам тартылады. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік және коммерциялық нысандарда шамамен 2 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мектеп, балабақша, білім беру орталықтары және тағы басқа нысандарды салу көзделіп отыр, – дейді Б.Мамыталиев. Дегенмен BI Group әзірге тек өз тұжырымдамасын ұсынған. Барлығы егжей-тегжейлі пысықталғаннан кейін Шымкентте қоғамдық тыңдау өткізілмек. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, қала басшысы қоғамдық тыңдаулардың оң нәтижелерінен кейін, яғни жобаны көпшілік қолдаса ғана қол қояды. Егер азаматтардың көпшілігі жобаны қабылдамаса, ол жүзеге аспайды. Алайда билік тарапынан бұл жобалардың мегаполистің ұзақмерзімді дамуы аясында қолға алынатынын тереңінен түсіну қажетін ескертіп отыр. «Жалпы, бұл кешеннің қаланың одан әрі дамуына әлеуеті зор. Бұл кешен Наурыз алаңын Shymkent City қалашығымен байланыстырады және бұл аумақ одан әрі тартымды бола түседі. Ипподромды көшіру 2018 жылы, Шымкенттің бас жоспары бекітіліп, қалаға республикалық мәртебе берілген кезде жоспарланған еді. Сол кезде жаңа ипподромның құрылысына шамамен екі миллиард теңге қажет болды. Егер жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды BI Group өз қаражатына салып береді», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, жалпы бұрынғы ипподромның жері BI Group-қа тегін берілмейді. Жер Шымкент әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының үлесіне беріледі. ӘКК оны инвестициялық жоба ретінде жүзеге асырмақ. Сондай-ақ BI Group тұжырымдамасында тұрғын үй кешені аумағында ерекше балаларға арналған «Жұлдыз-ай» оңалту орталығын салу да қарастырылып отыр. Мұндай орталықтар әзірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана бар екен. Қала басшылығы Шымкентке бұрын-соңды ешкім дәл осындай, яғни 135 млрд теңге бағыттамағанын айтады. Сонымен қатар билік ерекше қорғалатын аймақ саналатын дендросаябаққа құрылыс жұмыстарының жақындамайтынына уәде бергенімен, ТМД-ның мәдени астанасы жылы аясында салынған уақытша құрылым этноауылдың бұзылатынын ескертті.
Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған осы ақпараттан соң ел өре түрегелді. Жоғарыда атап өткеніміздей, мұндай шешімді көпшілік жеңіл қабылдай алмады. Ал қызу талқыға түскен мәселеде Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да үнсіз қалған жоқ. «Ипподромды көшіру туралы мәселе осыдан екі жыл бұрын мәслихатта бекітілген екен. Алайда 2-4 млрд теңге қаржы қажет болған соң бұл кейінге қалдырылған. Жалпы, атшабардың санитарлық талапқа сай еместігі, яғни 50 шақты жылқы ұстайтын болса, оның арақашықтығы сақталуы қажет дейтін талап тағы бар. Атшабардың жанындағы 52 гектарды алып жатқан зообақтың бүгінде 30 гектары ғана қалғанын, 22 гектар жер кезінде сатылып кеткенін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан ат шабатын аймақ тарлық етеді екен. BI Group компаниясының басшылығы өзінің тұжырымдамасын ұсынғанда әкім оларға «4 млрд теңге болатын жаңа ипподромды салып беруге келісесіздер ме?», деп сұраған. Алғашында ойланғанымен, кейін бұл шартқа келісті. Одан соң тұрғын үй салынатын аумаққа мектеп, емхана керек екенін ескертіп, «мұны да салып бересіздер ме?», деп сұрады. Компания бұл талаптарға да келісіп отыр. Одан бөлек, сол жердегі тұрғындар серуендеп жүретін «Тұлпар» көлінің аумағын аббаттандырып беруді де міндеттеді. Әрине, мұның барлығы да компанияның ұсынысы. Шешім толық шыққан жоқ. Сондықтан әзірге байбалам сала беруге болмайды, қоғамның пікірі ескеріледі», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Осылайша, билік тарапынан әзірге ұсыныс деп, елге басу айтылуда. Дегенмен ипподром директоры Ғани Ахметов оның басқа жерден салынатынын қуанышпен қабылдап отырғанын жеткізді. 40 жыл бұрын салынған атшабар қазіргі таңда тарлық етіп жатқанын айтады. «Сондай жылдамдықпен келе жатқанда аттарымыз құлап, мертігіп, талайы өліп те қалды. Біз «ипподромды қаланың шетіне шығарсаңыздар» деп Асқар Исабекұлы әкім болып тұрғанда ұсыныс жасағанбыз. Сол кезде жобалар басталған. Бүгін міне, көптен бергі ұсынысымыз қабылданатынына қуанып отырмыз», – дейді ол. Сонымен қатар зиялы қауым өкілі, белгілі жазушы Мархабат Байғұт та жаңалықты жатырқамауды, пайдалы, жарқын болашаққа қызмет ететіндей болса, қолдау қажетін айтады. Мегаполистің халқы күннен-күнге көбейіп жатқанын, тұрғындардың тұрғын үй тапшылығын сезініп отырғанын айтып естен шығармағанымыз жөн екенін ескертеді.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы