«Дәл осы кезеңде бізге мемлекетшілдік ұстаным қажет» – Ерлан Қарин
«Дәл осы кезеңде бізге мемлекетшілдік ұстаным қажет» – Ерлан Қарин
– Ерлан Тынымбайұлы, сарап­шылар Президенттің өткен жылғы Жолдауында саяси бастамалар ба­сым еді, биылғы Жолдауда эконо­микалық, әлеуметтік мәселелер ба­сым деген ойда. Сарапшылардың бұл ойына не дейсіз? – Меніңше, биылғы Жолдауда әлеуметтік, экономикалық, саяси мәселелердің барлығы да тең көрі­ніс тапқан сияқты. Жалпы, Жолдау 11 тараудан тұрады, мемлекеттік басқару, экономика, білім беру, денсаулық сақтау т.б. салалар кеңі­­нен қамтылған. Президент биылғы Жолдауда бір емес, бірнеше тарауды түрлі маңыз­ды саяси-қоғамдық тақырыптарға арнады. Мысалы, Жолдау неден басталады? Мемле­кеттік басқару жүйесін өзгерту мәсе­лесінен... Мұның өзі сол бар­лық реформаның өзегі. Бұл жай ғана құрылымдық өзгеріс емес, үлкен мазмұндық бет­бұрыс. Мыса­лы, ұзақ жылдар бойы ай­тылып жүрген Статистика коми­тетін Үкіметтен бөліп алып, Пре­зидентке тікелей бағынышты жаңа­дан құ­рылатын Стратегиялық жос­парлау агенттігінің құрамына енгізу ұсы­нылды. Себебі дұрыс стратегия жасақтау үшін алдымен объективті статистика қажет. Осы уақытқа дейін мемлекеттік органдар өзде­рінің жұмысын өздері есептеп өлшейтін. Келесі жылдан бастап ауыл әкімдері тікелей сайланатыны жарияланды, бұның өзі үлкен саяси реформа. Одан басқа Жолдауда қылмыспен күрес жүйесін түбегейлі өзгертудің жаңа моделі ұсынылды. Прокуратураның тергеу бойынша құзыреті артады. Барлық полиция ғимараттары мен түзету мекемелері бейнекамералармен қамтамасыз етіледі. Бірінші рет Жолдауда Адам құқығы мәселелері бөлек тақырып ретінде көтеріліп, азаптаудың бар­лық түріне қарсы, адам саудасы мәселелеріне қатысты халықаралық конвенцияларға сәйкес заңнаманы жетілдіру тапсырылды. Яғни, биылғы Жолдауда Пре­зидент осы уақытқа дейін айтып келген саяси реформаларды жаңа басымдықтармен толықтырды. Пре­­зиденттің жаңа саяси бастама­лары көлемді болғаны соншалық мен өзімнің YouTube-каналымда «Мұны Президент көтеріп отырған саяси реформалардың екінші пакеті деп те қарастыруға болады» деген едім. Себебі жаңа саяси бастамалар өте ауқымды, көлемді болып шық­ты. – Карантин кезінде қоғам сынына қарамастан «Сайлау туралы», «Саяси партиялар туралы», «Бейбіт митинг өткізу туралы заңдар» қабылданып кетті... – Кәмшат, кешірерсіз, сіз сұра­ғыңыздың өзінде «карантин жағ­дайы­на қарамастан» дейсіз. Яғни, сұрағыңыздың астарында бұл заң­дар кең қоғамдық көлемде тал­қыланбады дегенді меңзеп тұр­ған­дайсыз. Шын мәнінде, бұл заңдар о бастан кең қоғамдық талқылау арқылы қабылданған болатын. Елімізде пандемияға байланысты төтенше жағдай жариялау туралы Жарлық 15 наурызда қабылданды. Төтенше жағдай 16 наурызда енгі­зілді. Ал жаңағы аталған заңдар бойын­ша қоғамдық талқылаулар қаңтар айында басталды. Қаңтар айының аяғы, ақпан айының ба­сында сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматыға арнайы барып, құқық қорғаушылар мен бұл заңды сынап жүрген азаматтардың басын қосып, ашық талқылау өткізген еді.  Ал ақпан айында аталған заң Парла­мент талқысына енгізілді. Бұл заң­дар­ды қабылдау мәселесі Ұлттық қоғамдық кеңес аясында көтерілген еді. Сондықтан осы кеңестің хат­шы­­сы ретінде олардың талқы­лануы мен қабылдануын бақылап, мони­торинг жүргізіп отырдым. Мы­салы, Парламенттің жұмыс тобында бір ғана заң – Бейбіт митингілер өткізу туралы заң жобасы бойынша жауап­ты комитеттің 16 отырысы өтті. Сон­­дықтан бұл заңдар, керісінше кең талқыланған заңдардың бірі болды. Шын мәнісінде, билік үшін негізгі мақсат – заңдарды қабылдау ғана емес, қоғаммен бірге қабылдау еді. Сондықтан барынша кең әрі ашық талқылаулар ұйымдас­тыры­лып, көптеген ұсыныстар мен ес­кер­тулер қабылданды. – Енді қараңыз, Президенттің өзі көппартиялы жүйе, саяси плюра­лизмді дамытуды көп айтады. Қазір тек «Nur Otan» партиясы карантинде праймериз өткізіп, электоратпен жұмыс істеп жатыр. Ал қалған пар­тия­лар тым-тырыс. Сайлау туралы заңға көп өзгеріс енбеді. 145 млн халқы бар Ресейде партияны тіркеу үшін 500 адам жеткілікті, ал 19 млн халқы бар Қазақстанда 20 мың адам қажет. Мұны саяси реформа деуге бола ма? – Әрбір елдегі саяси жүйенің өз ерекшеліктері бар. Сіз айтып отыр­ған Ресейдің мемлекеттік және сая­си құрылымы, саяси жағдайы өзгеше. Қазақстанның жағдайы басқа. Біз унитарлы мемлекетпіз, халқымыз аз, ал территориямыз үлкен. Сондықтан қазіргі жағдайға мемлекеттің саяси құрылымы елі­міздің сол ерекшеліктеріне сай жа­­сақталған деп есептеймін. Бірақ соның өзінде бізде саяси өзгерістер жүзеге асып жатыр, эволюциялық жолмен, себебі мәселе белгілі бір саяси институтты енгізуде емес, ал оның әрі қарай тиімді қызмет етуінде. Мысалы, биылғы Жолдауда ауыл әкімдерінің тікелей сайлануы жөнінде бастама көтерілді. Осы уақытқа дейін көптеген саяси қай­рат­керлер, құқық қорғаушылар «әкім­дер сайлануы керек» деген жаттанды сөзді айтып келді. Біздің жағдайымызда қалай сайлануы керек, оның қандай қосымша қауіп-қатерлері бар, осы жөнінде айтқанымызда мұны ешкім шын терең талқылағысы келмеді. Енді Президент Жолдауда жарияла­ған­нан кейін «әкім сайлануы керек» деп айтып келген кейбір сарапшы­лардың өздері «бұл ерте емес пе, бұл басқа бір қауіп-қатерлерге жол ашпай ма, солтүстік облыстардағы жағдайды ескерді ме?» деп айта бастады. Жарайды, саяси, демогра­фиялық, ұлт құрамы секілді мәселе­лерді айтпағанның өзінде кейбір сарапшылар «ауыл әкімдерін сай­ладық, олардың дербес бюджеті бола ма» дейді. Әрине, болады. Өткен жылдан бері бізде 4-інші бюджет деңгейі біртіндеп енгізіле бастады. Бұны кім біледі? Кім талқылауларға қатысып, ұсыныс­тарын енгізіп жатты? 4-інші бюд­жет, яғни ауыл әкімдерінің дербес бюджетін қалыптастыру үшін бүкіл ауыл округтерінің құрамында бұ­рын салық алынбаған жылжы­майтын, жылжитын т.б. 86 мың мүліктің реестрі жасалды. 2 мил­лион­­ға жуық мәліметтер нақты­ланды. Барлық ауыл әкімдерінің аппараттары тиісті құрал жабдық­тармен, интернетпен қамта­масыз етілді. 2017 жылдан бастап 4 мыңға жуық әкім аппараттарының қыз­мет­керлері жаңа бюджеттік процесс бойынша арнайы оқытудан өткі­зілді. 2018 жылдың қаңтарынан бастап 4-інші бюджет 2 мыңнан аса тұрғын тұратын 1 100 ауыл округ­­терінде енгізілді. 2019 жылы бюд­жеті бар ауыл округтерінің табысы 160 млрд теңге болса, соның 33 мил­­лиарды – өздерінің жеке табысы. Биылдан бастап 4-інші бюджет қалған 1 300 ауыл округінде енгі­зілді. Яғни, байқасаңыз, мемле­кет байыпты түрде, кезең-кезеңмен осы маңызды саяси институтты енгізу үшін тиісті алғышартты, оның негіздерін қалыптастыруда. Саяси реформа қажет дегеннен-ақ ол жүзеге аспайды. Оған сәйке­сінше құқықтық, қаржылық, заңна­малық, институционалды, т.б. жүйе­ні қалыптастырғаннан кейін ғана толық енгізуге болады. Ауыл әкімдері тікелей сайлау жүйесін енгізбестен бұрын 2013 жылдан бері ауыл әкімдері жанама түрде сай­ланып келеді. Бірінші сайлау 2013 жылы өтсе, 2017 жылы екінші сайлау өтті. Яғни, бұл механизм қалай жұмыс істейді, қандай кедер­гілер бар, соның барлығы прак­тикада анықталып барып қана мем­лекет, билік енді тікелей ауыл әкімдерінің сайлауын жариялады. Қазақстанда саяси реформалар міне осылай байыпты жүзеге асырылуда. Сол сияқты басқа бағыттағы рефор­маларды жүзеге асыру үшін сол өзгерістердің барлық алғышарт­та­рын жан-жақты қалыптастырып алу қажет. – Мәжіліс қана емес, мәслихат та пропорционалды сайлау жүйесіне ауысқан соң мажоритарлы жүйені де қайтарса дегендей, аралас әдіс жай­лы пікірлер айтыла бастады. Қалай ойлайсыз, қазір саяси жүйе­мізге мұн­дай өзгеріс­тер қажет пе? – Теория тұрғысынан, әрине сіз айтып отырған барлық бастама дұрыс, керек сияқты. Бірақ өмір кітаптағыдай емес. Менің қазіргі айтарым мемлекеттік аппараттың көзқарасы емес. Бұл – менің жеке көзқарасым. Мен өз басым осын­дай түбегейлі саяси бастама­лардың бірден жүзеге асуына қарсымын. Бір кездері мен де солай ойлай­тынмын, бірақ әртүрлі елдер­де тұрып, еліміздің әртүрлі айма­ғында жұмыс істеп, күнделікті өмір­­де сая­си қатынастар қалай жү­зе­ге аса­тынын көріп, бірқатар мәселе бойынша көзқарасым өзгер­ді. Мысалы, бізде демографиялық құрылым тұрғысынан еліміздің дамуында кейбір аймақтарда әлі де болса түрлі дисбаланстар, тең­сіздіктер бар. Ал бұл ертең әртүрлі саяси теңсіздіктерге әкелуі мүмкін. Сол сияқты мажоритарлы прин­циппен сайлаудың да сондай қатерлерге әкелетіні сөзсіз. Сон­дықтан өткен жылы «Жас Алаш» газетіндегі «Мемлекеттілік және мемлекетшілдік» деген мақаламда біздің жағдайда кейбір бастамалар кімнің тарапынан айтылса да, мемлекеттілік құндылықтар тұрғы­сынан өлшенуі тиіс дегенмін. Егер біздің қоғамда азаматтық сана-сезім, жалпыұлттық, жалпы аза­маттық құндылықтар жүйесі берік қалыптасып, орнығып жатқан жағдайда, әрине дискуссия басқа болар еді. – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін кейбір сарапшылар «Ерлан Қарин достарының кеңесі» деп те атайды. Мұндай сынға қалай қарайсыз? – Мұны аса бір үлкен сын деп айтпас едім. Сын дейтіндей не бар?  

Кейбіреулер «заңмен оппозиция құруға талпы­нысты бірінші рет көрдік» деп мысқылдады. Бұл жерде шатас­тыруға болмайды. Бұл заң оппози­цияның құрылуын реттемейді, бұл заң Парламенттегі азшылық партия­ға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға парламенттік оппозиция ұғымы еніп отыр.

  – Бірақ кеңес құрамына негізінен бұған дейін әлеуметтік желіде сізбен түскен суретін салып, сізді қолдап отыратын азаматтар кіргендей... – Дәл қазір Ұлттық қоғамдық кеңес құрамына басқа азамат­­тардың біреуін енгізсек, міндетті түрде онымен де түскен суретім табылады. Себебі мен қоғамдық алаңда түрлі саладағы азаматтармен араласамын. Менің қоғамдық саяси алаңда жүргеніме 20 жылдан асты. 90-жылдардың аяғында мен 20-дан енді асқан кездемін, саясаттанушы ретінде жеке дербес орталық құрып, түрлі талқылаулар ұйымдастырып жүрдім. Сондықтан саяси алаңда жүргеннен кейін көптеген азамат­тармен таныспын, сол бұрынғы оппозиция өкілдерімен де арала­сатынмын. Одан басқа, мен түрлі сала өкілдерімен араласамын – ақын-жазушы, журналистерден бастап спортшыларға дейін. Сон­­дықтан Қоғамдық сенім кеңесіне жаңадан басқа бір азамат­тар қабыл­данып жатса, бәрібір олар да «Қарин­нің достары» деп қабыл­дануы мүм­кін. Екінші жағынан, егер жаңағы айтылған азаматтар менің достарым ретінде қабыл­данатын болса, бұл бір жағынан маған, шындығын айтсам, мақ­таныш. Себебі олардың көпшілігі ел мүддесі үшін жүрген азаматтар, олардың көпшілігімен бір қатарда тұру – абырой. – Ал кеңестің бір жылдық нәтижесі қандай? – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі бір жылда үлкен жұмыс істеді. Кеңес құрылған кезде сол кеңес мүше­лерінің ұсынысымен саяси реформа, экономика және әлеу­меттік реформа деп үш топты құр­ған болатынбыз. Сөйтіп, бір жылда әр бағыт бойынша бірнеше рефор­малар пакеті қабылданды. Мәселен, саяси реформалар пакеті­нің өзі бірнеше үлкен баста­мадан тұрады. Мысалы, Саяси партиялар туралы заңға сіз айтып отырғандай тек партия құру үшін қажетті мүшелер санын 40 мыңнан 20 мыңға азайту емес, сонымен қатар «Партиялық тізімдерге кем дегенде 30 пайыз әйелдер мен жастардың үлесі болуы керек» деген талап енді. – Ал әйелдерге квота бөлу қан­шалықты дұрыс? Мүмкін ерлерге де дәл солай квота бөлу керек шығар... – Қалыптасқан жағдайда әйел­дерге мұндай квота бөлу керек. – Яғни, қалыптасқан билік пат­риархалды ғой... – Әрине, сіз «әйелдерге неге квота керек, бұл күлкілі емес пе, неге 30, неге 50 емес?» деп сұрақ қоя аласыз... Квотаның өзі шектеу емес пе дерсіз. Әңгімеміздің басында қалыптасқан жүйеде керек деп отырмын. Егер бізде азаматтық нормалар әбден орнығып, сол құндылықтар төңірегінде ұйысқан қоғам болса, әрине әйелдердің заң шығарушы органдарда болу қажетін айтпас та едік. Елімізде 3000-нан аса облыстық, қалалық, аудандық мәсли­хат­тардың депутаттары бар. Сіз ондағы әйелдер санын білесіз бе? Әйелдердің үлесі – 22 пайыз ғана, ал жастардың үлесі – 2-ақ пайыз. Ал бұлар партиялық тізіммен емес, сіз жоғарыда айтып отырған мажо­ритарлы жүйемен сайланған аза­маттар. Мажоритарлы жүйенің өзінде де әйелдер мен жастарға тең жол берілмейді. Түптеп келгенде, әрине біз патриархалды мемлекет емеспіз, бірақ шынтуайтында жағ­дай өзгеше. Бұл заңды өзгерту арқылы біз сол партияларды өз­геріс­терге итермелеп отырмыз. Енді биыл жағдай бірден өзгеріп, партия­лар әйелдер және жастармен жұ­мыс­ты күшейтіп жатыр. Мысалы, қазір «Nur Otan» партиясы праймериз өткізуде, міне сондағы статистиканы қарасам, үміткер­­лер­дің 30 пайыздан астамы – жастар мен әйелдер! Яғни, бір ғана норма қаншама жас азаматтың ертең облыс, қала, аудан мәслихаттарына және Парламент құрамына енуіне жола ашады! Бұл заңдарды «кос­метикалық реформалар» деп мыс­қылдап сынайтындар бар. Шын мәнінде, осы норманың өзі ертең Мәжіліс пен мәслихаттың құрамын күрт өзгертіп жібереді. Тағы бір үлкен өзгеріс – парла­менттік оппозиция. Кейбіреулер «заңмен оппозиция құруға талпы­нысты бірінші рет көрдік» деп мыс­қылдады. Бұл жерде шатас­тыруға болмайды. Бұл заң оппози­цияның құрылуын реттемейді, бұл заң Парламенттегі азшылық пар­тия­ға қо­сымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға пар­ламенттік оппозиция ұғымы еніп отыр. Ертең сайлау өтеді, Пар­ламентте басым көпшіліктің даусын жинаған партиядан басқа енген партиялар өздерін анықтауы керек. Егер олар өздерін оппози­циялық партия санаса, алдымен өздерін солай ресми жариялауы керек. Сонда ғана олар сол заңның нор­маларын пайдалана алады. Ал заң нормаларына сәйкес, белгілі бір Парламент комитеттерінің төраға­ларын азшылық партия өкілдері ғана сайлай алады. Яғни, бұл аз­шылық партияларға белгілі бір ко­митеттің тізгінін ұстап қалуға әрі Үкімет жұмысына ықпал етуге әсер етеді. Бұдан бөлек, басқа партиялар­дың жылына бірнеше рет үкіметтік сағаттарды, күн тәртібін анықтау құқығына ие болады. Құқық қорғаушы Айман Омаро­ваның ұсынысымен Қыл­мыс­тық кодекстің 174-бабы ізгілендіріп, ҚК-тің 130-бабы әкімшілік кодекске ауыстырылды. 174-бап бойынша бұрын тек бас бостан­дығынан айыру жазасы тағайын­далатын. Енді бұл жаза айыппұлмен толықтырылды. Бұдан тыс маңызды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс­тер жасалды. Жәнібек Қожық өткен жылы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында шетел жұмыс­шыла­рына квотаны азайту бойын­ша ұсыныс айтқан болатын. Соған сәйкес, шетел жұмысшыларының квота саны 40 пайызға дейін қыс­қартылды. Мұхтар Тайжанның ұсынысымен жердің космомо­ни­торингі туралы шешім қабыл­данды. Оған сәйкес, бұйрық қабылданып, биыл бірнеше айда игерілмей жатқан 7 миллион гектар жер мем­лекет меншігіне қайта­рылды. – Батыс елдерінің тәжірибесіне қарасақ, азаматтық қоғам дамыған сайын жемқорлық та азайған, саяси реформалар да нәтижесін берген. Бізде азаматтық қоғам өкілдері, ү­кіметтік емес ұйымдар Үкіметтен грант алса да, маңызды құжаттарды даяр­лауға араласа бермейді. Ал кәсіподақтар федерациясының бас­шысы жақында тағайындалды, жұмысшылар өзі сайламады. Біз ақырындап «либералды стагнация» деңгейіне келе жатқан жоқпыз ба? – Меніңше, бізде стагнация емес, керісінше, тіпті либералды үдерістер тым күшейіп кеткен сияқ­ты. Бір жағынан, бұл объективті процесс, себебі заман мен қоғам өзгеріп жатыр. Сондықтан бұл ары қарай да өзгере береді. Бірақ либе­ралды үдерістер мемлекеттік қағи­даттарға нұқсан келтірмеуі тиіс. Әйтпесе, біздің кейбір әсіре­ли­бералды ұрандар кейде анар­хиялық ұрандарға ұласып кетіп жа­тады. Сол сөздерге ерсек, билік емес, мемле­кеттің өзі де керек емес сияқты болып көрінеді. Бұл – қате де қауіпті логика. – «Жусан» операциясы жайлы кітап жаздыңыз. Бұл шара құқық қорғау органдарының, дипломат­тардың жетістігі ретінде қарасты­рылып жүр. Дегенмен бұл құтқару операциясы ғой. Яғни, мыңға жуық азаматты Сирия мен Иракқа жіберіп алып, соңынан оларды іздедік. Сонша адамның соғыс жүріп жатқан жаққа жиһад жариялап аттануы – оларды бақылай алмаған сол ұлттық қауіп­сіздік қызметінің кемшілігі емес пе? - Сирия мен Иракта кезінде 80 елден 50 мыңнан аса содыр жи­налған болатын. Олардың бәрін сан жағынан үш топқа бөлуге бо­лады. Біріншіден, ағылшын тілінде сөй­лейтіндер, олар негізінен Еу­­ропа елдерінен барған. Екін­шіден, араб тілділер. Үшіншіден, орыс тілділер. Осыдан-ақ сол аймаққа соғысуға барғандардың әлемнің әр шетінен кеткенін байқаймыз. Бұл аймақта тек Қазақстан азаматтары соғысып жатса, әрине «неге тек біздің елден кетіп жатыр» деп айтуға болар еді. Ал, мысалы Франциядан Таяу Шығысқа 2-3 мыңға жуық азамат кетті. Германия мен Бельгия­дан 2 мыңға жуық азамат кеткен. Әртүрлі дерек бойынша, Қазақ­станнан 700-800 азамат кеткен. Бұл мемле­кетіміздің ғана емес, бүкіл әлем елдерінің проб­лемасы. Бұл жаһан­дану процесінің салдары. Радикализмнің себебін тек әлеуметтік-экономикалық мәселе­лермен түсіндіру жеткіліксіз. Иә, сыртқа кеткен азаматтардың бір­шамасы депрессивті аймақтардан шыққан, бірақ жағдайы бар, бір­неше кәсібі бар азаматтар да Си­рияға кеткен. Олар негізінен жиһа­дизм идеясын қолдайды. Бірақ түп­­кі себебі – адамның өзінің жаңа әлем­дегі, қоғамдағы ролін анықтай алма­ғанының салдары, ішкі күйзе­лісі. Біз 2003-2013 жылға дейінгі террористік актілер мен ұйым­дардың қатарында болған азамат­тардың сараптамасын жасадық. Біздің анықтағанымыз, көптеген азамат сол терактілерге дейін бір жыл бұрын немесе ары кетсе екі жыл бұрын дін жолына түскен. Бір жылда адам қандай діни білім ала­ды? Тіпті, дінді түсіну үшін ұзақ жылдар, бүкіл ғұмырың кетуі мүм­кін ғой. Сондықтан біздің азаматтардың соғыс ошақтарына кетуі бұл тек жалғыз мемлекеттің ғана проб­лемасы емес, бұл жалпы қоғамның проблемасы. Ал оның бастауы отбасыдағы проблемалар. Егер де сол баланың қайда, немен әуестеніп жүргенін, туған әке-шешесі, бауыр­лары білмесе, біліп тоқтата алмаса, ұлттық қауіпсіздік қызметі не істе­сін? Радикализм мен суицид про­блемасының көзі бір. Ол – адам­дардың оқшаулануы, жал­­ғыздығы. Сізге берген бұрынғы сұхбат­тарымда да айттым, қазір біз баланы өзімен-өзін жалғыз қоя бердік. Кей кездері бала тынымсыз болып жат­са, қолына телефон береміз. Ал бір күні қарасақ, бала тәрбиелеудің сәтін өткізіп алғанбыз. Жақында мен балама кейіген кезімде ол маған «Сабағымды жақсы оқып жүрмін ғой» дейді. Мен оған «маған сенің тек білімді болғаның керек емес, маған сенің тәрбиелі, иманды бол­ғаның керек» деймін. Біз қазір баланы бір курстан екінші курсқа жетектейміз – бір тіл емес, бірнеше тіл білсін деп. Оған қоса музыка, спортқа жетелейміз. Кейде ойлап отырсам, біз, яғни ата-аналар «көп тіл білсін, чемпион болсын» деп супер баланың образын жасап алыппыз. Балаға супермен жасай­тындай көп талап қойдық. – Ал сіз өз балаларыңызға сондай талап қоясыз ба? – Мен өзімді идеал әке деп есеп­темеймін. Уақыт болмайды немесе қол тимейді, мұршаң бол­майд­ы. Оның бәрі сылтау. Бірақ жұмыстан кейін басқа жаққа емес, үйге барамын. Себебі дәл қазір балаларға көңіл бөлу керек деп есептеймін. Түптің түбінде әрбір адамның жетістігі оның карьерадағы табы­сымен есептелмейді. Саналы ұр­пақты тәрбиелей алдың ба, сол сенің жетістігің. Кей кезде менің қыз­меттерім, жетістік­терімнен көрі ұл-қызымның тәрбие­лі боп өскені маңызды деп ойлай­мын. Әри­не, балаларымның жетіс­тіктеріне қуа­намын, арман­дарының орында­луына алғышарт жасаймын. Бірақ жақсы адам болады деп се­немін. Қай қайсысы болсын, жаман­дыққа бар­майды деп сенемін. Өз­деріне де соны айтамын. Мен үшін балала­рымның жақсы азамат болып, аман жүргені ғана маңызды. – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ газеттерін оқи­тынын, онда қозғалған мәселелерге мән беретінін білеміз... – Президент қазақ газеттерін, соның ішінде «Айқын» газетін де тұрақты мұқият оқиды. Жуырда «Айқын» газетінде бір өзекті әлеу­меттік проблемаға қатысты сіздің мақалаңыз шыққан еді. Прези­дентіміз бұл мақаланың әр жерінен сөздердің астын сызып тұрып, «осын­да көтерілген мәселені назар­ға алып, жан-жақты сараптап, жұ­мыс­қа пайдаланыңыздар» деген еді. Президент қазақ газеттерін оқып қоймайды, онда көтерілген мәсе­лелерді мұқият зерделейді. Қа­зақ басылымдары да өзекті күн тәр­тібімен жүре алатынын әрі билікке жаңа мәселелерді салмақты ұсына алатынын аңғартты. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Әңгімелескен Кәмшат ТАСБОЛАТ