Мақсатым – жұлдыз болу емес
Мақсатым – жұлдыз болу емес
233
оқылды

Альмира ТҰРСЫН, актриса:

– «Томириске» аяқасты келгеніңді білеміз. Жал­пы, кастингті қайдан естідіңіз?  Кастинг қалай өтті?

– Кез келген қыздың арманы – киноға түсу. Сол секілді менің де арманым орындалды. Біріншіден, Алла Тағалаға, екіншіден, осы киноның басы-қасында жүрген адамдарға алғысым шексіз. Кастинг директоры басты рольге келетін кейіпкердің бейнесін интернеттен қарап отырып, менің де суретімді көріп қалады.  Содан Іnstagram парақшама хат жазып жіберіпті. Міне, сол кезде осы жоба туралы білдім. Артынан маған хабарласып, 2-3 суретімді жіберуімді сұрады. Алғашында анкета толтырып, талабы бойынша бейнежазбалар жібердім. Кейінгі тыңдалым Нұр-Сұлтандағы «Жастар» театрында болды. Үшінші рет Алматыға барып, режиссерлермен кездесіп, костюмдерді киіп, рольде ойнадық. Сөйтіп, кастингтің барлық айналымынан өттім.

 – Түсірілім барысында ең қиыны не болды?
– Сөйлеу жағы қиын болды. Себебі кино қазақ не орыс тілінде емес, көне парсы, түркі тілінде еді. Сөзді жаттап қана қоймай, сөздің мән-мағынасын түсініп жеткізу керек болды. Оған қоса, тарихи кино болған соң күрес, төбелес, атқа міну, садақ атуды меңгердік. Тіпті еркекшора болып, дөрекілік көрсету керек.  Ал бұл менің табиғатыма жат нәрсе. Жаңа бейнені қабылдау қиынға түсті. Нәтижесінде, бәрін жеңдім. Бірақ кино мені жақсы жаққа өзгертті деуге болады.

Кәсіби актерлермен жұмыс істеу қиын тимеді ме?
– Рас, актер ретінде кәсібилігім жоқ. Бірақ ол нәрсе, керісінше, маған көмектесті. Себебі жүрекпен ойнап, сезінуге тырыстым. Бастапқыда олар менімен жұмыс істей ала ма деген қобалжу болды. Түсірілім барысында кемшілік айтып, тиіскендер болған жоқ. Қай-қайсысы болмасын көмегін көрсетіп, керек жерде кеңесімен бөлісіп отырды. Актерлердің жылы  қарым-қатынасы арқасында еркелеп жүрдім.

альмира.jpg
Альмира Тұрсын

– Отбасыңыз бұл таңдауыңызға қалай қарады?

– Қарсы болмады. Отбасымның қолдауы арқасында осы жобаға қатыстым. Үй жұмыстарын өздері бөліп алып,  мені біржола босатты де­сем де болады. Оған қоса, жұмыс істеу графигім уақытыма өте қолайлы. Өйткені фрилансер ретінде жұмыс істеймін.

– Ендігі жолыңыз қалай болмақ? Кино саласында қаламын деп шештіңіз бе?

– Негізі кино саласы ұнап қалды. Бұған дейін киноны көрер­мен ретінде жақсы көрсем, осы жолы ішкі қыр-сырын терең біліп қалдым. Егер қызықты жобаларға шақырту болса, қатысармын. Бәрін уақыт көрсетеді. Коуч ретінде өзіме қызықты дүниені оқыдым. Бұл – өмірдің басқа да тетіктерін білуге көмектеседі. Бірақ оның бәрі – өзім үшін жасалған дүние.

– Танымалдық сезіле ме?

– Иә, сезіліп жатыр. Көшеде адамдар танып, су­рет­ке түсіп жатады. Арасында сұхбатқа да ша­қырады. Бірақ менің мақсатым – жұлдыз болу емес. Өзіме ұнайтын іспен айналысып, отбасыммен бақытты болу.