«Байланыс аясынан тыс жерде...»
«Байланыс аясынан тыс жерде...»
383
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында осал топтағы отбасылардың балаларын компьютер және сапалы интернетпен қамтамасыз етуді баса айтқаны белгілі. Президент ол үшін жыл соңына дейін 250 тұрғыны бар ауылдың барлығына  интернет жүргізуді тапсырды. Жолдау жүктеген міндет айқын. Алайда ауылдардағы мектеп пен мемлекеттік мекемелерде интернет болғанымен, үйлерде жоқ. Ал қашықтан білім алып жатқан оқушыларға интернет қажеттілігі үйде туындап отыр. Бұл ретте статистиканы «сұлу» сөйлету үшін кейбір ауыл әкімдері  «жалпы елді мекенде интернет бар» деген ақпарат беріп, жауапты мамандарды жаңылдырып жүр. Облыстық Білім басқар­ма­сы берген ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда облыстағы барлық мектеп  интернетпен қамтылған. Алайда бұл ауылдарға интернет жетті де­ген сөз емес. – Негізі, басқармаға қарасты ауыл мектептерінің  барлығында интернет бар. Алайда қашықтан оқып жатқан оқушылар үшін интернет үйден керек болып тұр. Бұл мәселемен енді жергілікті билік айналысуы қажет. Бірақ олар әкімдік пен мектепте интер­нет болғандықтан, бүкіл ауыл ғаламторға қосылған деген ақпарат беріп отыр. Бұл мәселе облыс әкім­дігінде де қаралды. Сонда осы  түйткілдер көтерілді. Тараптар «Қазақтелеком», Kcell,  Tele2 сын­ды байланыс операторларына әр ауылға интернет бағанын орнату туралы ұсыныс жасады. Бірақ бай­ланыс операторлары сақтық шаралары бойынша интернет бағанын мектептің үстіне ор­натуға болмайтынын айтып, ол үшін жергілікті билік жер бө­ліп беруі қажетін алға тартты. Алайда әкімдік жерді  бөліп, оны рәсімдегенше  кемі 1,5-2 ай кетеді екен. Осылайша, екі­жақты кикілжің тууда. Бірақ об­лыс әкімдігі тарапынан аудан басшылары  мен байланыс опе­раторларына бірлесе жұмыс істеу туралы нақты тапсырма берілді. Сондықтан алдағы уақытта бұл мәселе шешімін табады де­ген үміт басым, – дейді Облыстық  бі­лім басқармасының білім бе­рудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев. Өңірде 300-ден аса  ауыл бол­са, соның 130-да интернет баяу немесе мүлде жұмыс істе­ме­й­тіні айтылды. Бұл елді ме­кен­дерге әр үй 35-40 мың теңгеден тө­ле­се, байланыс желісін  жеткізіп беру туралы  ұсыныс жасаған  ком­паниялар болған көрінеді. Алай­да бұл соманы екінің бірінің қалтасы көтермеуде. Тағы бір деректерге сүйенсек, байланыс операторлары алты аудандағы 12 елді мекенді өздері аралап шыққан екен. Нәтижесінде қай ауылдарға байланыс бағаны қойылатыны айқындалған. Қол­да бар ақпаратқа көз салсақ, Жам­был ауданындағы Қаратау ауылындағы интернет желісін жақсарту жоспарланса, Жуалы ауданындағы Көлтоған, Ертай, Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған  ауылдарына да ғаламтор желісін жүргізу қажет. Қордай ауданында Соғанды, Шарбақты және Көк­төбе ауылдары тізімге еніп отыр. Мойынқұм ауданында Ақбақай, Қарабөгет, Құмөзек, Сарыөзек, Көкжелек, Назербеков және Ұл­анбел ауылдарына ғаламтор ауадай қажет болуда. Сарысу ау­данына келер болсақ, Ұзақбай Сыздықбаев,  Ақтоғай, Шығанақ, Жайлаукөл, Буденное және Дос­бол ауылдарына желі жүргізу көз­делуде. Талас ауданында Бөл­тірік шешен, Көшек батыр, Есей би, Қараой, Қасқабұлақ, Тұрымкүл, Сейілбек, Аманкелді ауылдарының тұрғындары интер­неттен таршылық көруде. Осы си­яқты Меркі ауданында Ақжол ауылы мен Шу ауданындағы Эспе стансасына да ғаламтор желі­сін жүргізу мәселесі қаралуда. Атал­ған ауылдарға Kcell мен Beeline байланыс операторлары интернет тартады деп күтіліп отыр. Ал «Қа­з­­ақтелеком» АҚ болса, ан­тенна және қажетті желіні қамтуға келісім беруде. Міне, осылайша байланыс операторлары «жұмыла көтерген жүк жеңіл» қағидатымен тірлікке жең түре кірісуде. Енді тек жер­гілікті билік өкілдері қажетті жер­­мен қамтамасыз етіп берсе бол­ғаны. –  Kcell компаниясының өкіл­дері ауданға арнайы келіп кетті. Олардың «+250»  атты жобасы бар екен. Осы жоба арқылы биылға жоспарланған жұмыстарымен та­ныс­тырды. Одан бөлек, Қы­зыл диқан мен Арыстанды ауыл­дарына да ин­тернет желісін жүр­гізетін болып шешілді. Мектеп ау­ласынан тыс байланыс бағанын орнатуға қажетті жерді белгілеп бердік. Ауылдарға интернет осы қазан айының ая­ғына қа­рай  жетіп қоятын болса, қал­ған ауылдар жыл соңына дейін то­­лықтай интернетке қосылады, – дейді  Сарысу ау­данының әкімі Бақытжан Жақсы­лық­ов. Осылайша, аудан әкімі жа­ғым­ды жаңалықты бөлісті. Демек, байланыс операторлары  «+250»  жобасы арқылы жұмысты бас­тап кетті деген сөз. Мұндай  тірлік Мойынқұм ауда­нында да байқалады. Жергі­лікті билік өкілдерінің айтуынша, барлық ауылдағы мектептерде интернет бар екен. Алайда баяу жұмыс істейді. Тұрғындар бұл олқылықтың орны Жолдау жүкте­ген міндеттен кейін толады деп  қуанып  отыр. Десе де, аудан орта­лығынан 260 шақырым қашықта жатқан Мыңарал ауылдық окру­гінің тізімге мүлде енбей қалғаны жанға батып тұр. – Округке қарасты Мыңарал, Қашқантеңіз ауылы мен Мыңарал стансасы бар. Мыңаралда 889 адам тұрып жатса, стансада 721 тұрғын қоныстанған. Ал Қаш­қан­теңізде 220 адам бар. Округте Beeline байланыс желі­сінің бағаны қойылды деген аты болмаса, интернет мүлде тарт­пайды. Қашқантеңіздің жағдайы тіпті мүшкіл. Ғаламтор желісі дұрыс жұмыс істемегеннен кейін амалсыз барлық оқушылар дәс­түр­лі түрде оқуда. Қашыққа жі­бер­ейін десек, интернетіміздің жағ­дайы мынандай. Егер бізге жақсы интернет желісін  қосып берсе, өзімізді айдала қалған ауыл ретінде сезінбес едік, – дей­ді Мың­арал ауылдық округі әкім­інің міндетін атқарушы Қуат Ембер­ген­ов. Бүгінгідей заманауи техно­логия­лар қарыштап дамыған ке­зеңде көштен қалып қою жақсыемес. Қашқантеңіз ауылы тұр­ғындарының саны 250-ге  жетпей қалғанына да  кінәлі емес шығар. Сондай-ақ 1 000-ға жуық тұрғын тұрып жатқан Мыңарал ауылы мен Мыңарал стансасын да назардан тыс қалдыруға әсте болмайды. Бұл мәселеге ең бірінші аудан әкімдерінің өздері  көңіл бөліп, елді мекендерге ғаламтор тарт­қызуға құлықты болуы керек. Әйт­песе, «бізде интернет бар» деп «сұлу» статистиканы сөйлетіп, жоқ­ты жасыру  әкімдердің  өзіне жақ­сылық әкелмейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бұл мәселеге жіті кө­ңіл бөліп жатқанда, ұтымды сәтті тиімді пайдалану қажет. Себебі «байланыс аясынан тыс жерде» қалып кету сізге де, бізге де абырой емес.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы