Бұл туралы Атырау облысы әкімінің төрағалығымен өткен өнеркәсіп басшылары арасындағы мәжілісте айтылды. «Теңізшевройл» ЖШС бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС компаниясынан биылғы жылдың ақпан айында пандемия басталған сәтте 45 мың адам жұмыс істеген. Сәуір айында коронавирус таралуының алдын алу мен жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында, сондай-ақ өндірістің тоқтап қалмауы үшін бірінші қажеттіліктегі емес саланың 27 мың қызметкері Теңіз кен орнынан шығарылды. Бұдан кейін кеніште «таза» және «лас» аймақтар жасақталып, санитарлық талаптар сақталған соң тамыз айында 17 мыңнан астам адам қайтадан вахталық жұмысқа жұмылдырылды. Олар арнайы ПТР-тестен өткізіліп отырады. Жағдай тұрақтанған соң жаңа жылдан кейін қырық мыңнан астам адам Теңіз кенішіне алынып, жұмыстарына кіріседі. Жұмыстан қысқарту мәселесі туындамайтын болады. «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас менеджері Ырзабек Артығалиевтің мәлімдегеніндей, әлемде мұнай бағасының арзандауы да компания жұмысына еш кедергі келтірмейді. Қазіргі күні компания басшылығы пандемияның «екінші толқынына» толық дайын.
«Пандемия басталғалы бері компанияда санитарлық талаптар толықтай сақталуда. Жұмысшыларымыздың вахтаға бару, келу жағдайында ПТР сынамасы міндетті түрде алынады. Қазіргі уақытта «Теңізшевройл» ЖШС-іне қарасты инфекциялық стационарда коронавирус симптомымен 35 науқас ем алуда. Пневмония жұқтырғандар жоқ», – деді Ырзабек Артығалиев.Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетов жиын соңында еңбек тұрақтылығын сақтай отырып, жұмысшылардың қауіпсіздігін де қамтамасыз ету керегін айтты.
«Құрылыс жұмыстарына көптеген азамат тартылуда. Сол себепті біз қандай мамандар қызмет ететінін алдын ала біліп отыруымыз керек. Қажет болса, қай ауданның, қай жердің тұрғыны екенін анықтап, дұрыс жоспарлаған жөн. Жыл басына дейін 40 мыңнан астам адам жұмысқа тартылатын болса, олардың арасында қауіпсіздік шараларын сақтап, санитарлық талаптарды басты назарда ұстаған жөн», – деді облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов.Пандемия салдарынан экономиканың құлдырап жатқан сын уақытта аймақтың экономикалық жағдайын бағдарлаған жиында халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі айтылды. Бұл мәселе қазіргі күні әлем елдерін толғандырып отыр.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, «Атырау облысы