2 қыркүйек күні сағат 08.00-де астанадағы Абай ескерткіші жанынан Абай еліне аттанған үш жігіт Нұр-Сұлтаннан Ерейментау қаласына дейін 7 сағат 58 минутта 165 шақырым 65 метрді артқа тастады. Мұнда оларды Ақмола облысы Ерейментау аудандық мәдениет бөлімінің басшысы, ақын Сайлау Жылқыбаев қарсы алып, «Көшпенділер» қонақүйіне орналастырды. Келесі күні ас-су ішіп, тынығып алған олар Шідерті – Екібастұз жаққа аттанды. «Екібастұзға табан тірегенде ақын, өлкетанушы Сайлау Байбосын қарсы алды. Шежіреші ағамыздың әңгімесінен рухани сусындап, демалып алған соң ертесінде сағат 9.37-де Павлодарға қарай бет түзедік. Ақын, Екібастұз қаласындағы «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Жұмағали Қоғабайұлы көлігімен жол көрсетіп, шығарып салды», – дейді велошабандоздардың бірі Дәулетқали Асауов. Велошерудің үшінші күнінде Павлодарда Қарқаралының азаматы, қазір осы шаһарда тұратын, жергілікті бизнесмендер Нұрлан Әзімбаев пен Сағидоллла Жакимов күтіп алып, жол көрсеткен. 5 қыркүйек күні Павлодар қаласынан Аққулы кентіне аттанған олар шығарда ғұлама Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітке зиярат жасайды. Жол үнемі жатық болды деуге болмайды. Қызықты сапардың қиындығы да болыпы. Аққулы ауылына аттанғанда Жасұланның велосипедінің артқы дөңгелегінің 6 шабағы сынып, соған жаңасын салып, көп бөгеледі. Қаладан шыға бергенде бұршақ аралас жаңбырдың астында қалады. Бірі талдың түбіне, енді бірі жанармай құю бекетіне, үшіншісі көпірдің астына тығылып, жаңбырдың басылуын күтеді. Ямышово ауылынан сәл асқанда Ернаттың велосипедінің артқы дөңгелегінің тысы бірнеше жерінен тесіліп, камерасы атылады. Жаңасына ауыстырады. «Аққулы кентіне таяғанда ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Лаура Құмарова, аудандық мәдениет үйінің директоры, дәстүрлі әнші Самат Момынжанов, абайтанушы-академик Ғарифолла Есімнің туған келіні, әнші Күләндә Сейітова және басқа да азаматтар күтіп алды. Бұл кісілер бізді күндізгі сағат 2-ден жол жаққа елеңдеп, күтіп жүріпті. Осындай жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді Ернат Мэлсұлы. Павлодар облысына қарасты Аққулы ауылынан басталған бесінші күнгі сапарда үшінші облыс – Шығыс Қазақстан аймағының алғашқы елді мекені Бесқарағай ауданының Қарабас ауылындағы жұрты құшақ жая қарсы алды. «7 қыркүйек күні табанымыз Семей өңіріне тиді. Қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Төлегенұлы бастаған бір топ азамат алдымыздан шығып, «Қарағайлы» санаторийіне әкеліп орналастырды. Келесі күні сағат 10.00-де «Абай-Арена» спорт кешенінің тұсында салтанатты іс-шара өткізілді. Әрі қарай Абай атамыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым еттік. Абай театрының актері Бекзат Омашев ақын рөлін әдемі сомдап, қара сөзінен үзінді келтірді. Әлихан Бөкейхан ескерткішіне де гүл шоғын қойып, «Мұхтар Әуезов – Алаш арыстары» музей-үйіне бардық», – дейді олар. Велошерудің сегізінші күнінде – 9 қыркүйекте Жидебайға жетеді. Абай елі велошабандоздарды сән-салтанатпен қарсы алып, ыстық ықыласын білдірді. Шәкәрім мен Абай мемориалдық кешеніне барып, тағзым етті. Айта кетейік, әуесқой велошабандоз Ернат Башқынов бұған дейін – 2018 жылы елорданың 20 жылдығы, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының 90 жылдығына орай 500 шақырымдық «Астана – Ақтоғай» велошеруін өткізген.
Айдана БЕГІМ