«Осы бастама негізінде қаншама танымал тұлғалардың қолдауымен БАҚ беттерінде сұхбат, мақалалар ұйымдастырылды. Үкімет тарапынан нақты шешім келмесе де, үмітіміз үзілмеді. Аймақ басшыларына ресми хаттар жазылды. Әуежай халықаралық дәрежеде болған соң ресми хат жолдауды тоқтатқан жоқпыз. Одан бөлек, Хиуаз апамыздың 1961-1963 жылдары екі тілде шыққан кітабын қайта құрастырып, «Хиуаз» атты кітап шығардық», – дейді бастама иегері, журналист Тұрсын Жұмабекқызы.
Air Astana әуекомпаниясы жеке ұшағына Хиуаздың есімін берді. Бүгінде әуе көгінде Хиуаздан бөлек, Зере, Дина, Әлия, Мәншүк, Роза Бағланова, Ғазиза Жұбанова, Әмина Өмірзақова есімін иемденген алып ұшақтар қалықтап жүр. Тағы бір қуаныш: өткен жылы әуежай алаңында Хиуаздың сәулетті ескерткіші орнатылды.
«Атырау өңіріне өткен жылы жұмыс сапарымен келген Президент Қ.Тоқаевқа бастамашыл топ пен қоғамның тілегін жеткізген аймақ басшысы Н.Ноғаевтың қолдауымен биылғы жылы 19 наурызда Атырау халықаралық әуежайына Хиуаз Доспанова есімін беру туралы Үкіметтің қаулысы шыққан еді. Бұл ақжолтай жаңалық халықтың көңілін серпілтіп жіберді. Батыр апамыздың есімі енді әуежай ғимаратында ойып жазулы тұр», – дейді Тұрсын Қалимова.
А. БЕКТҰР