Сумма Чакрабарти: актер ма, банкир ма?
Сумма Чакрабарти: актер ма, банкир ма?
160
оқылды
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен Сэр Сумма Чакрабарти (Sir Suma Chakrabarti) Қазақстан Республикасы Президентінің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалғанын білеміз. Осыған орай, жаңа штаттан тыс кеңесшінің бұған дейін атқарған қызметі, өмірі мен еңбек жолы жайында ақпарат ұстынып отырмыз.

Ұлыбританияда мемлекеттік қызмет атқарған үнді азаматы

Сэр Сумма 1959 жылы Батыс Бенгалияда (Үндістан) дүниеге келген. Отбасы Сэр Сумма бес жаста болған кезде Ұлыбританияға көшкен. Оксфорд университетінде саясат, философия және экономика бағыттарында білім алған ол, кейін Сассекс университетінде экономика магистрі дәрежесін алады. Сондай-ақ, Сассекс және Шығыс Англия университеттері мен Бухарест экономика университетінің құрметті докторлық дәрежелерін иеленген. Сэр Сумма Ұлыбританияда мемлекеттік қызмет саласында табысты мансап жасады және халықаралық даму департаментінде (2002-2007 жылдар) және Әділет министрлігінде (2007-2012 жылдар) Тұрақты хатшы (аға мемлекеттік қызметші) болды. Актер ма,банкир ма3
«Мен алғаш рет Ұлыбританияда тиімді және бірыңғай әділет жүйесін қалыптастыру процесін басқардым. Сот жүйесін қайта құру арқылы оның тиімділігін арттыруға бағытталған бағдарлама іске асты. Сонымен бірге, Әділет министрлігінің 9 миллиардтық бюджетін ағымдағы кезеңде 25% - ға қысқарттық. Әділет министрлігі жұмысының тиімділігі нәтижесінде үш жыл ішінде үнемделген қаражат көлемі 1 млрд фунт стерлингтен асты», - дейді Сумма Чакрабарти өз резюмесінде.
Сэр Сума 2002 жылы Ұлыбританияның Халықаралық даму департаментін басқарған кезінде (бұрынғы Шетелдегі даму), Шығыс Еуропа, бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған елдер және Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкада маңызды реформалар жүргізіліп жатқан мемлекеттермен тығыз жұмыс жасады. Сэр Сумма Ұлыбританияның Орталық және Шығыс Еуропаға арналған табысты ноу-хау қорын дамытуда шешуші рөл атқарды. Еуропалық Комиссиямен Таяу Шығыста және Солтүстік Африкадағы бағдарламаларды жетілдіру бойынша тиімді жұмыс жасады.

Банктің бағын ашқан...

Чакрабартиді Еуропалық Қайта Құру және даму банкінің алтыншы президенті ретінде танимыз. Ол 2012 және 2016 жылдары бұл қызметке екі мәрте тағайындалған. Банк президенті ретінде Сэр Сумма Таяу Шығыстағы мекеме қызметінің географиясын кеңейтуге басымдық берді. Нәтижелі реформалар жүргізді.
«Менің халықаралық және ұлттық ұйымдарды басқаруда тәжірбием жеткілікті. Еуропа Қайта Құру және даму банкінің президенті, Ұлыбританияның Халықаралық қатынастарды дамыту министрлігінде тұрақты хатшы қызметін атқарған кезде нарықтық экономикаға көшу мәселелерін жетілдірдім. Банктегі бюджеттік тәртіпті күшейту арқылы нәтижелі жұмыс жасадым. Мен ұсынған «Бір Банк» бағдарламасы неғұрлым инновациялық банк, неғұрлым үнемді банк, мобильді банк және қазіргі заманғы банк болып қалыптасуға негіз болды. Банк тиімді жұмыс істеуді үйренді. Өз операция нәтижелігін сақтай отырып, сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұра алды», ̶  дейді Сумма Чакрабарти өзінің резюмесінде.
актер ма, банкир ма4 Еуропалық Қайта Құру және даму банкі Сэр Сума басшылығымен жасыл экономика саласындағы жетекші банк атанды. Оның кезінде банк бизнесте жұмыс істейтін әйелдер санын арттырып, оқшауланған топтар мен өңірлерге көбірек қолдау көрсетіліп, босқындардың жергілікті экономикаға қосар үлесін арттыруға бағытталған ілкімді бастамаларға мұрындық болды. Сумма мырзаның кезінде Еуропалық Қайта Құру және даму банкі мүшелерінің саны 71 акционерге артқан. Әсіресе сарапшылар, бұл тізімге Қытай мен Үндістанның кіруін ерекше атап өткен еді.

Қазақстанға қандай қатысы бар?

Сумма Чакрабарти Президенттің штаттан тыс кеңесшісімен қоса, «Астана» халықаралық қаржы орталығын Басқару жөніндегі кеңес мүшесі. Жоғарыда Сумма мырзаның кезінде Еуропалық Қайта Құру және даму банкіне сіңірген еңбегіне тоқталдық. Аталған банк өткен 27 жыл ішінде Қазақстанда жүзеге асқан 271 жобаға 9 млрд доллардан астам инвестиция салған. Бұл жобалар инфрақұрылым, энергетика, ауыл шаруашылығы, IT-технологиялар және коммуналдық қызметтер секторында, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталыпты. Еуропалық Қайта Құру және даму банкі еліміздегі көмекке мұқтаж екінші деңгейлі банктерге қол ұшын созуға дайын екенін жыл басында Сумма Чакрабартидың айтқаны есімізде.

«Еуропалық Қайта Құру және даму банкі портфелінде қазақстандық қаржы институттарымен жұмыс үлесі 5% - дан аспайды. Бұл өте аз. Алдымен техникалық көмек көрсету, қандай да бір зерттеулер жүргізу, Ұлттық банкпен, реттеу Агенттігімен тығыз жұмыс жасау көзделуде», ̶  деген еді Сумма Чакрабарти.

Реформашы Сумма мырза кезінде инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін Қазақстандағы банк секторына ауқымды реформа жүргізуге кеңес беріп, Еуропалық Қайта Құру және даму банкі бұл мәселеде көмек көрсетуге және өз инвестицияларын банк секторына әкелуге дайын екенін ашық айтқан-ды. Президенттің кеңесшісі алдағы уақытта қаржы саласында қандай реформалық өзгерістер әкелетінін уақыт көрсетеді.

Екі президентке бір кеңесші

Қазақстан президенті Тоқаевтың экономикалық даму және тиімді басқару мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған Сумма Чакрабарти екінші президенттің кеңесші қызметін қатар алып жүрмек. Бүгін ол Twitter-дегі парақшасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің кеңесшісі болып тағайындалғанын хабарлапты. «Қазір ғана Өзбекстан президенті мені өзінің экономикалық даму, тиімді басқару және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі етіп тағайындағанын естіп, қуанып отырмын. Оған реформалық бағдарламаларды жүзеге асыруға көмектесемін», - дейді Сумма Чакрабарти. Бұған қоса, Ұлыбританияда мемлекеттік қызмет атқарған үнді азаматы Қазақстан президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңес төрағасының орынбасары болды. Төраға қызметін Қазақстан президенті атқарады. Айта кетерлігі, Чакрабарти мырза Оксфордтың Жаңа колледжінің Құрметті стипендиясына ие. Сондай-ақ, «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл» медалімен марапатталған.