Есқұла қашан суға толады?
Есқұла қашан суға толады?
Кезінде облыс орталығы ретінде дәуірлеген, бүгінде өзге облыстың шеткері аймағына айналған Жезқазған ұзақ жылдан бері ауызсудың тауқыметін тартуда. Қарағандыдан 550 шақырым қашықтықта орналасқан Жезқазған қаласында бүгінде 100 мыңға жуық халық тұрады.

Қазіргі уақытта шаһар тұр­ғындарын ерекше толғандырып, олардың жоғары жаққа тасқындай аққан арыз-шағымдарына арқау болып отырған көкейкесті мәсе­ленің бірі әрі бірегейі – сапалы ауызсу.

Осыған орай, сенаторлар Рыс­­қали Әбдікеров пен Сергей Ер­шов Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауалмен жүгінді.

– Кеңес заманынан кер­мек судың дәмін татып, аза­бын арқалап келе жатқан жез­қазғ­андықтардың бұл түйткілін шешудің жолдары көптен қарас­тырылып келе жатқанымен, тү­бегейлі нәтижеге қол жеткізудің сәті келмей, сағызша созыл­ға­ны­на бірталай жылдардың жүзі бол­ды. Күрделі мәселені шешу мақ­сатында дұрыс та оңтайлы қадам Ауыл шаруашылығы министр­лі­гінің бастамасымен 2010 жылы жасалған, сонда жалпы жобалық-сметалық құнына сай 6 миллиард теңгеге жуық қаражатты талап ете­тін Есқұла тораптық су өткіз­гішінің құрылысы басталды, – дейді депутаттар.

Алайда олардың мәліметінше, су өткізгіш ақырында жұмыс істеп тұрған кеніштің құлау аймағына тап келуіне байланысты құрылыс-монтаждау жұмыстары 2012 жыл­дың желтоқсан айында тоқта­тыл­ған. Тиісінше, оның жобасына қа­жетті түзетулер енгізіледі. Осы­ған байла­нысты су жолы ұзарып, сме­талық құны тағы 1 миллиард 100 миллион теңгеге дейін қым­баттайды.

Жобаға иелік етуші Ауыл ша­руашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті жыл сайын жыры көбейген бұл суөткізгіш құ­рылысын 2014 жылы қайта жан­дандырады. Сол тұста жобаны 2017 жылы толық аяқтау жоспар­ланған еді. Бірақ тосыннан бас­талған сот рәсімдері ол мерзімді 2018 жылға ысырған. Кейін оның болашағына қатысты белгісіздік белең алады.

Р.Әбдікеровтің мәліметінше, 5 миллиард 164 миллион теңге қаржы игеріліп қойылған екен. Алайда жоба аяқталудан алыс: атқарылуға тиіс жұмыс көлемі жетерлік. Осылайша, 2010 жылы басталған жоба келесі жылы көңілсіз онжылдық межеге аяқ басады, ал оны іске асыру мерзімі әртүрлі себептермен ары қарай шегерілетін түрі бар.

Сондықтан жезқазғандықтар және Парламент депутаттары бұл мәселенің аса маңыздылығын ескере отырып, Үкімет басшы­сы­нан Жез­қазған каласының хал­қын сапалы ауызсумен қамта­ма­сыз етудің бірден-бір кепілі Ес­құла арнасының құры­лысын толықтай аяқтау үшін қажетті қар­жыны қосымша бөлуге пәр­мен­ді ықпал етуді сұрайды.