Жаңа технология барынша дамығаны белгілі. Қазір ақылды үйлер елімізде де бар. Америка енді үй құрылысына жаңа технологияны енгізбек. Мұны олар құрылыс материалдарын алдын ала дайындау арқылы іске асырмақ. Бұл арқылы үйдің нарықтағы бағасы түседі деген болжам бар. Болашақтағы lego үйлер жайлы сөз болғанымен, толыққанды мәлімет – құпия.
Америка тұрғындары жайлы үйде тұрғанды ұнатады. Кең әрі жағдайы толығымен жасалған баспананы қалайды. Сондықтан көпқабатты үйден гөрі, жер үй құрылысы көп. Мұны біз кәдуілгі кинодан байқаймыз. Жер үй салғанда да, коттеджді жөн көреді екен. Кем дегенде екі-үш жатын бөлме, үйдегілерге, қонақтарға арналған жуынатын бөлме болғаны абзал. Маңыздысы – ойын бөлмесі. АҚШ-тағылар балалардың үй ішінде емін-еркін ойнағанын қалайды. Сонымен, құрылыс жұмыстарына орташа есеппен 428 мың доллар кетеді. Оның үстіне қаншама ай бойы күтуге, құрылыс басында жүруге тура келеді. Осының бәрін есепке алған өнертапқыштар lego үй құрастыруды қолға алмақ.
Бүгінгі таңда 8,2 млн америкалық мобильді үйде тұрады. Ерекшелігі – фундаменті жоқ, жеңіл, арзан әрі көшіп-қонуға оңай. Мобильді үй – шағын. Көбінесе үй алуға, жалдауға шамасы жетпегендер мобильді үйді таңдайды. АҚШ халқының үй стандартын ескерсек, оларға мобильді үй тиімсіз. Ал lego үйде сіз қалағанның бәрі болады. Құрастырмалы үйдің бағасы да көңілге қонады.
Мұндай үйдің құрылысын бастау – не үшін тиімді? lego үй құрастыру Америкадағы басты мәселелердің бірін шешеді. Өйткені елде үй қымбат. Мысалы, Нью-Йоркте үй сатып алу 10 мыңнан 3 миллион долларға дейін барады. Чикагода орташа есеппен 50 мың долларға үй таба аласыз. 700 мың долларға Лос Анджелестен, 200 мың долларға Майамиден баспана алуға қол жетеді. Сан-Францискода үй бағасы тіпті қымбат. Үй бағасы орташа есеппен – 800 мың доллар.
Бар әлемде баспана – басты мәселе. lego үйге мамандар қолжетімді баспана деген теңеу қолданады. Болашақта Нью-Йорк сияқты халық тығыз орналасқан қаладан бастап барлық ірі мегаполисті қолжетімді тұрғын үймен қамту жоспары құрылып жатыр. Сан-Францискода үй салу құны 750 мың долларды құрайды. Бұл бағамен баспанаға мұқтаж адамдар үй сатып ала алмайды. Тұрғын жай болмауы адамдарды қаладан ығыстырады. Құрастырмалы үй тұрғызатындардың басты мақсаты – бәріне тең жағдай жасау.
Сиэттлде іске қосылған қондырғы зауытта болашақ lego үйлердің бенефисі өтті. Node – үй индустриясы мен айналысатын ірі компания. Аталған үйлердің модулі ерекше. Ультра тиімді техникамен жабдықталған. Қабырға металл жақша арқылы құрастырылады. Құрылыс жұмыстарына бұранда, шеге қажет емес. Бұл – құрылыс индустриясы үшін революция. Жалпы, үлгі Скандинавиядағы модернистік үйлерді еске түсіруі мүмкін. Кең терезе, жайлы үй мен есік эстетикалық талғаммен құрылған.
Құрастырмалы үй құрылысы негізін қалаушы әрі басқарушы директоры Бек Чапин үй технологиясы стандартты материалды пайдалануда екенін айтты. «Формуласы – ағаш, металл және оқшаулау. Сыры – бақылау мен жылдам жинауда. Үй ішінде сенсорлық бақылау жүреді. lego үйдің табиғатқа зияны жоқ. Үй ішіндегі көміртек жайын реттеп отырады. Ағаштың өзі азот деген сөз. Күн панельдері үйді қуаттауға көмектеседі. Арнайы жасалған жақшалар үйді бірнеше күн ішінде жинауға болатынын көрсетеді. Сондықтан біз бұған lego үй деген атау бердік» дейді басқарушы директор.
Чапин Сан-Францискода өткен V Combinator көрмесінде lego үйлерді таныстырды. Node lego үйді ең көрікті жерде құрастыруды қалайтынын жеткізді. Әзірге екі жатын бөлмесі мен бір моншасы бар, ауданы 400-1000 шаршы метрді құрайтын үйлер жақсы сатылыпты. Алғашқы 11 үйді 2,7 млн долларға сатыпты. Сонда бір үйдің орташа құны – 250 мың доллар. Америкадағы тұрғын үй нарығы үшін бұл тиімді баға.
Қызығы, үйдің көп бөлігі зауытта жасалады. Арнайы орын таңдалған соң, жұмысшылар барып құрастырады. Су мен газ кіргізу, үйдегі ұсақ-түйек жұмысты да зауытта орындау іске қосылған. Бек Чапин мұның бәрі құрылыс индустриясындағы бағаны төмендететініне сенімді. АҚШ-тағы үй дағдарысы үшін 3D баспана жүйеге енгізілмек.
Осыған ұқсас мобильді үйдің құрылысы Украинада қолға алынған. Құрастырушы Максим Гербуттың айтуынша, сіз үйді кез келген жерде тұрғыза аласыз. Тауда, орманда, теңіз жағасында. Кейін орын ауыстыруға да болады. PassivDom компаниясы әзірге бір үйді жасап шығарған. Оның өзін сатып алу үшін кезекте тұрғандар көп. Бір бөлмелі үй – 37 шаршы метр. Болашақта екі бөлмелі 74 шаршы метрлік үй моделі дайын тұр екен.
Мұндай үйлер орталық жүйеге қосылмаған. Яғни, су, газ бен интернет желісі мобильді қосымша арқылы беріледі. Жиһаз заманауи стандартқа сай лайықталған. Тұрмыстық техникаға келсек, асүй толығымен жабдықталған әрі рекуператоры бар желдету құрылғысы орнатылған. Үй іші технологияға толы болғандықтан, кіріп-шығу үшін саусақ ізі керек. Үйде 24 инженерлік жүйе жұмыс істейді. Мұндай үйді құрастыру үшін 9 адамға 13 күн қажет болған.
Максим Гербут таныстырылым жасағаннан кейін, 12 мың адамнан ұсыныс түскен. Компания келесі жылы 100 үй жасап шығармақ. Одан кейін «1 күнде 1 үй» стратегиясы жүзеге асады. Яғни, 365 күнде 365 үй сатылымға шығады. Ішіндегі техника мен мобильді жүйесі үшін баға талапқа сай – 90-199 мың доллардың арасында. PassivDom-ға АҚШ-тан 70 пайыз тапсырыс түседі екен. Сәйкесінше, Канада мен Франциядан мобильді үйге қызығушылық танытқандар бар.
АҚШ нарығына кіру үшін компания жұмыс істеп жатыр. Жақында PassivDom-ға Невада, Калифорния мен Аризона штатында жұмыс жүргізу үшін сертификат беріледі. 5-6 жыл ішінде Еуропа елдеріне тауар жеткізу – компанияның алдағы мақсаты.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ