Елордада медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарына тіркелу науқаны басталды. Бұл туралы aikyn.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтей отырып хабарлайды.
15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өз таңдауыңыз бойынша тұрғылықты ауданыңыздағы қалаған емханаңызға тіркелуге болады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Медициналық сақтандыру қорының медициналық қызмет жеткізушілерінің арасында 35 ұйым алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетеді. Олардың 15-і – мемлекеттік, қалғаны – жекеменшік клиникалар. Тіркелген пациенттердің денсаулығын дәрігер үнемі бақылай алуы үшін емхананы тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау ұсынылады. Осылай еткен жағдайда, емхана дәрігерлері қажет кезінде пациенттердің үйіне барып қарай алады, бұл әсіресе пандемия кезінде өте маңызды. – Белгіленген науқан аралығында емханаға (медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) көрсету ұйымдарына) тіркелген азаматтар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмек ала бастайды. Бұл ретте медициналық ұйым Қормен алдағы жылға арналған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және МӘМС жүйесінде алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек қызметтерін көрсетуге шарт жасасуы тиіс. 2021 жылға арналған қаржыландыру, тұрғындардың медициналық ұйымдарға бөліну (тіркелу) көрсеткіші ескеріліп, яғни, тіркелу науқанының қорытындысына қарай жоспарланады. Қор медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүргізетіндіктен, дерекқордың нақтылығына, дұрыстығына мүдделі, өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін төленеді, – деп түсіндірді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.