Полицей жас жігітті құтқарып қалды

Полицей жас жігітті құтқарып қалды

«Қол астымда қызмет ететін қыз­мет­керлерім маған қоңырау шалып, қонақүй өртеніп жатқанын хабарлады. Мен жұмысқа тез келдім, арнайы қызмет өкілдері шақы­рылды. Осыған орай, ерекше ризашы­лы­ғымды білдіргім келеді. Кеше көшеде өтіп бара жатқан жігіт бөлмеде ұйықтап жатқан жас жігітті құтқарып, өз өмірін қатерге тікті. Кейін белгілі болғандай, бұл – Алатау ауда­нының полиция қызметкері екен», – деді қонақүй кешенінің иесі. Әңгіме Алатау ауданы ПБ бастығының орын­басары Жансерік Мыңжасаров туралы болып отыр. Өрт шыққан кезде ол «Шаңырақ» шағын­ауданына кезекшілігіне бара жатқан. «Мен Солтүстік айналма көшесімен оңтүстік бағытта келе жаттым. Қонақүйден шығып жатқан түтінді көрдім. Дереу кө­лігімді қоя салып жүгірдім. Ғимараттың алдында 10 шақты адам болды. Мен әкім­шіден «ішінде адамдар бар ма?» деп сұрадым. Ол 108-бөлмеде ер адам бар екенін және оның қалың ұйқыда жатқанын айтты. Сосын бірден екінші қабатқа көтерілдім, түтін тым қою екен. Есікті сындыруға тура келді. Амалын тауып, әлгі адамды көшеге алып шық­тым», – дейді подпол­ковник Ж.Мыңжасаров. Құтқарылған адам Алма­ты­ға іссапармен келген. Ол өмірін құтқарған полицейге алғысын айтты.