Фермерлер құстарынан айырылып бір шығын шексе, олардың өлекселерін жою ісіне тағы шығындалуына тура келуде. Арнайы алынған сынамалардың нәтижелері әзірге белгісіз. Сондықтан ветеринария басқармасы карантин енгізуге еш негіз жоқ деп отыр. «Егер нәтижелер індеттің келгенін көрсетсе, тиісті шаралар қабылданады. Зертханаға материал бағытталды, бірнеше дертке қатысты күдік туып отыр, оның ішінде құс тұмауы да бар», – деді «Хабар24» телеарнасына сұхбат берген СҚО ветеринария басқармасы бөлімінің басшысы Қайырлы Қазанов. Ал Якорь ауылының фермері Жаңалық Сарғалин мұның Ресейден келген кесел екеніне сенімді. «Бұл сырттан келген індет. Біз Ресейдің Қорған, Омбы өңірлерімен шектесеміз. Ресей өзінің елді мекендерін құс тұмауы жайлағанын ресми түрде жариялады. Біздің құстардың бойынан осы дерттің барлық белгілері байқалуда. Бірақ бізде оны ешкім мойындамайды. Осы үй құстарын өсіру үшін бүкіл жаз бойы тынбай еңбек еттік, енді күз келгенде оларды сатып, табыс тауып, отбасымызды асыраймыз деп отырған едік. Үйіміз банктен алған несие үшін кепілде тұр. Ертең барымыздан айырылып қалатын түріміз бар» деп назаланады фермер. Осының алдында Қазақстан Ресейде аса қауіпті H5N8 құс тұмауы вирусы тарала бастауына байланысты екі ортадағы шекарада шектеу шарасын енгізген. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның солтүстік-батыс өңірлеріндегі шаруашылықтар ерекше қауіп аймағында қалғанын ашық айтты.
Ерік ЕРДЕНОВ