Олар бірінші кезеңде нақты елді мекендердің мәселесін шешу бойынша пікірлерін білдірді. Ал екінші кезеңде бір-бірінің сұрақтарына жауап беріп, түрлі тақырыпта ой өрбітті. – Праймеризге Ақтөбе облысынан тіркелген 486 кандидат 7 қыркүйектен бастап партияластарымен бетпе-бет және онлайн әдісімен кездесулер өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Енді міне, жария пікірсайыстарға қатысуда. Олар өңіріміздің өзекті мәселелерін ашық көтеріп, нақты ұсыныстарды ұсынуы тиіс. Осындай түрлі ой-пікірдің тоғысынан келелі ой, кемел идеялар туындайды, – деді партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов. Праймеризге қатысушылардың арасында білім саласындағы қордаланған мәселелерді шешу, экологияны жақсартуға байланысты ұсынысын айтқандар болды. Сондай-ақ кандидаттар жол сапасын жақсартуға жаңа технологияларды пайдалану, аулаларды абаттандыру мақсатында елімізде жоқ тәжірибелерді ұсынды. Айта кету керек, жария пікірсайыс 30 қыркүйекке дейін облыс бойынша 16 жерде 87 рет өтеді. Барлық кандидат үшін жария дебаттарға қатысу міндетті. Орал қаласы бойынша да праймеризге қатысушылар арасында алғашқы пікірсайыс өтті. Аталған іс-шарада Мержан Әбілқас, Айнұр Арыстанова, Айгерім Ералиева, Медхат Қамбетов, Шаттық Өтебалиева өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ортаға салды. Дебат кезінде алғашқы болып сөйлеу жеребе тарту бойынша анықталды. Әр қатысушы өзінің бағдарламасымен таныстырып, халықпен кездесу барысында тұрғындарды мазалайтын сұрақтарды талқылады. Спикерлер қоғамның барлық саласына қатысты көптеген мәселені қозғады. Көпбалалы отбасыларға берілетін жеңілдіктер, білім беру жүйесі, кәсіпкерлікті қолдау тақырыптары күн тәртібіндегі негізгі мәселеге айналды. Дебатта көтерілген тағы бір маңызды әлеуметтік тақырып ол – ерекше қажеттіліктері бар адамдарға қолдау көрсетіп, жұмысшы мамандығының беделін көтеру. Саяси пікірталас екі турдан тұрды, жалпы ұзақтығы 90 минутты құрады. Бірінші кезеңде праймеризге қатысушылар аймақтың дамуындағы мәселелерді шешу жолдарымен бөліссе, әрі қарай пікірталас сұрақ-жауап форматына көшті. Дебат әлеуметтік желіде тікелей эфир арқылы да көрсетілді. Пікірсайысты тамашалауға әрі қатысушыларға қолдау білдіруге қоғамдық ұйымдардың, жастар бірлестіктерінің өкілдері мен партия мүшелері келді. Орал қаласы бойынша праймеризге 103 үміткер тіркеліп, дебатқа қатысу үшін олар 18 топқа бөлінді. Атырауда да праймеризге қатысушы кандидаттар арасында пікірсайыс басталды. Дебаттың алғашқы күнінде 18 үміткер бақ сынады. Олар өңірдің экологиялық проблемасы, кәсіпкерлерді қолдау, жастар арасындағы жұмыссыздық, сыбайлас жемқорлықпен күрес, мектеп оқушыларын тегін интернетпен қамту және кадр мәселесі сияқты тақырыптарда өз ойын ашық түрде ортаға салды. Сөз сөйлеушілерге шектеу қойылған жоқ, ашық микрофон ұсынылды. Пікірсайыстар Атырау мұнай өңдеу зауытының ғимаратында және Н.Балғымбаев орталығында өтті. Ал Павлодар облыстық «Nur Otan» партиясының кадрлық резервіне 612 үміткер бар, олар өзара 89 топқа бөлінді. Аймақтағы партияішілік іріктеуге түскен кандидаттардың алғашқы пікірсайысы «Колос» мәдени-ойын-сауық орталығында ұйымдастырылды. Үміткерлер өздерінің сайлауалды бағдарламаларын ортаға салып, жиылған қауымды толғандыратын сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ сайысқа қатысушылар өзекті мәселелер бойынша да пікір алмасты. Негізінен, айтылған пікірлердің дені облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты болды. Кандидаттар тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. Атап өтсек, жас отбасылардың баспана сатып алуына несие ставкасын төмендету және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша қолдау көрсету. Аймақтарда өткен барлық пікірсайыстың толық процесі «Nur Otan» партиясы филиалдарының ресми аккаунттарында тікелей эфирде көрсетілді. Тараз қаласындағы жария пікірсайыс «Гаухартас» мейрамханасында өтті. Оның ашылу салтанатына «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Балабек Нарбаев қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Жария пікірсайыс кезеңінде үміткерлер аянып қалған жоқ. Белгіленген ережеге сәйкес жария пікірсайыстар екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде кандидаттар 5 минут уақыт аралығында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, мәнді мәселелерге тоқталды. Екінші кезеңде сұрақ-жауапқа кезек берілді. Сонымен қатар жиналғандар тарапынан да кейбір үміткерлерге сауалдар қойылып, нақты жауаптар берілді. Айта кетейік, 30 қыркүйекке дейін Жамбыл облысында 164 дебат ұйымдастырылады. Қарағанды қаласы бойынша да «Праймериз – 2020» қатысушыларының жария пікірсайысы басталды. Кандидаттар «Қала проблемаларын шешудің нақты жолдары мен мүмкіндіктері» тақырыбында сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді талқылады. Дебатта негізінен қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, білім сапасы, денсаулық, экология, спорт саласы, сонымен қатар жастар мәселелері қамтылды. Кандидаттар пікірсайыс барысында өзара сұрақтар қойып, көрермендердің сауалдарына жауап берді. Естеріңізге сала кетейік, праймеризге қатысушылар арасындағы дебат 14-30 қыркүйек аралығында өтіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфирде көрсетіледі. «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысушыларға дауыс беру 1-3 қазан аралығында өтеді.