«Қапшағай су арнасы» қалалық коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, егер Қапшағайдағы су деңгейі шекті межеден төмен түсіп кетсе, онда қалада төтенше жағдай режимін енгізуге тура келеді. Себебі шаһарда ауызсу тапшылығы басталмақ. «Қапшағай су арнасының» басшысы Мәди Темірәлиев ондағы су деңгейі күн сайын 3-4 сантиметрге төмендеп жатқанын мәлім етті.
«Сындарлы межеге жеткен кезде біз төтенше жағдай жариялайтын боламыз және жаңа сорғы стансасын орнату үшін шұғыл түрде құрылыс-монтаждау жұмыстарына кірісеміз. Жаңа станса су қоймасындағы су деңгейіне тәуелсіз жұмыс істей береді», – деді журналистерге М.Темірәлиев.Қапшағай қаласының күні осы жалғыз су қоймасына қарап отыр, кәусар табар басқа қайнары жоқ. Мамандар ондағы су әрі қарай да азая берсе, қаланың қазіргі сумен қамту жүйесін түбегейлі қайта құруға тура келетініне сенімді.
«Жерасты ұңғыларын бұрғылап, су іздеуге мәжбүр боламыз. Сонымен қатар қаланың әр жерінде таза су сақталатын резервуарлар орнату қажет болады», – деді «Қапшағай су арнасы» кәсіпорнының басшысы.Рас, оның дерегінше 2014 жылы су бұдан да төмен деңгейге дейін құлдыраған екен. Сонда тұйықтан 2011 жылы тұрғызылған сорғы стансасы шығарыпты. Қапшағай әкімдігі қала мүлдем ауызсусыз қалмауы үшін 2021 жылы қалада алғашқы жерасты ұңғысын қазу жұмыстары жоспарланып отырғанын жеткізді.
Елдос СЕНБАЙ