Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой: «Біз қазір болжам жасап жатырмыз. Жағдай да бақылауда. Дәл болжам екі апта ішінде жасалады. Қазіргі күнделікті көрсеткіш әртүрлі. Дегенмен қараша-желтоқсан айларында науқастар саны өсуі мүмкін. Бұл екінші толқынның болуына байланысты, сондай-ақ жедел респираторлық инфекция мен тұмаудың да белең алатын кезі», – дейді.
Еуропада екінші толқын басталып кетті
Инфекцияның екінші толқыны Испанияда басталып кетті. Қазір Испанияның барлық аймағында санитарлық талап күшейген. «Елдің бірнеше аймағында коронавирустың екінші толқыны басталды, бірақ ол біріншіге қарағанда, жеңілдеу болады», – дейді микробиолог, Наварра университеті медицина факультетінің профессоры Гильермо Мартинес де Техада. Испанияда COVID-19 пандемиясы басталғалы бері ауырғандар саны 412 мыңнан асты, 30 мыңға жуық адам қайтыс болды. Премьер-министр Педро Санчес елдегі коронавирусқа қатысты жағдай «алаңдаушылық туғызады» деп мәлімдеді, бірақ бұл наурыз айындағы жағдаймен салыстырғанда аса ауыр емес деп отыр. Қазір бүкіл испаниялықтарды бетперде киюге міндеттеуде. Жаппай тест тапсыруды бастап кетті. Тамыз айының өзінде 500 мыңнан астам адам сынақтан өткен. Денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының директоры, бельгиялық дәрігер және қоғамдық денсаулық сақтау маманы Ханс Анри Клуге: «Адамдар дәл қазір мұндай жағымсыз жаңалықты естігілері келмейді, оны жақсы түсінемін. Бірақ қазан мен қараша айларында өлім-жітім өсуі мүмкін» деген болжам айтып отыр. Ол бұл мәлімдемені 13 қыркүйек күні жасаған. Дәл сол күні әлем бойынша 308 мың адамнан вирус анықталған. Бұл – пандемия уақытындағы ең жоғары рекордтық көрсеткіш. Вирус жұқтырғандардың көпшілігі – Үндістан, АҚШ және Бразилия елдерінен. Испания – 4-орында. Салыстырмалы түрде, испаниялықтардың саны үш елге қарағанда өте аз. Екінші толқынның басталғанын Австрия канцлері Себастьян Курц те мойындап отыр. «Біз қазір бастан кешіп жатқан нәрсе – екінші толқынның бастауы», – дейді ол. Екі апта бұрын елде 350-ге жуық адам инфекция жұқтырған болса, қазір бұл көрсеткіш 850-ден асты. Канцлер күніне 1 000 адамның инфекция жұқтыратынына күмәнданбайды. Германияда жағдай аздап тұрақталған секілді. Дегенмен тәулігіне инфекция жұқтырғандар саны 1 000-1 900 адамға жетіп отыр. Наурыз-сәуір айларында бұл көрсеткіш тәулігіне 6 000-нан асып кеткен еді. Екінші толқынның жылдамдығы Чехия денсаулық сақтау министрі Адам Войтекті де алаңдатып тұрғандай. Соңғы екі аптада бұл елде вирус жұқтырғандар саны өсіп кеткен. Прагада шығатын «Господарски новины» газеті «Біз жаңа шектеулермен, яғни екінші толқынмен бетпе-бет келетін секілдіміз» деп жазды. Израильде де жағдай қауіпті. Қазір инфекция жұқтырғандар саны тәулігіне 4 000-ға жетіп отыр. Израиль үкіметі кең көлемде шектеулер қоюға мәжбүр. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху жексенбі күні телеарнадан сөйлеген сөзінде мектеп, балабақша, мейрамхана, сауда орталықтары мен ойын-сауық орындары үш аптаға жабық болатынын мәлімдеді. Тұрғындарға үйлерінен 500 метрден артық шығуға тыйым салынды, көшеде 20-дан артық адам жүру шектелді. Жабық бөлмелерде 10-нан астам адамның жиналуға болмайтынын ескертті. Ал Армения үкіметі 11 қыркүйектен 11 қаңтарға дейін шектеу шараларын ұзартты. Осылайша, әлемде екінші толқын басталып кетті.Вакцина қауіптің алдын ала ма?
«Орташа есеппен 1 миллион адамды қамтуға жететін дәрі қоры түзіліп жатыр. Ал медициналық мекемелер бір мезгілде 70 мыңнан астам төсек-орын дайындауға қауқарлы болады», – дейді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов. Қазір инфекциялық және провизорлық орталықтарда 3 379 өкпені жасанды желдету аппараты бар, қосымша 2 619 бірлігі сатып алынған, оның 1500-і – отандық өнім. Министрлік жыл соңына дейін жедел жәрдем қызметі де 1 167 жедел жәрдем көлігімен жабдықталады деп отыр. «Екі айға қор дайындау үшін жалпы сомасы 8,2 млрд теңгеге халық арасында жоғары сұранысқа ие 44 дәрі-дәрмек түрі сатып алынуда. Бұл ауруханаларда шамамен 60 мың науқасты емдеуге жеткілікті. Сонымен қатар амбулаторлық деңгейде де дәрі-дәрмектің тізімі көбейеді. Орташа есеппен 1 миллион адамды қамтуға жететін аурудың алдын алуға ауадай қажет 5 түрлі дәрі сатып алынды», – дейді ресми өкіл. Еліміз сонымен қатар коронавирусқа қарсы екпенің 5,5 млн дозасын сатып алмақ. Қазір осыған байланысты бірнеше елдермен келіссөздер жүргізіліп жатқан секілді. Бірақ әзірге нақты қай елдің вакцинасын алатыны белгісіз. Белгілісі – алдымен сапасына мән берілмек. Терапевт дәрігер Қарлығаш Исламқызы: «Бұл вирусқа әлемнің өзі қарсы тұруға қауқарсыз болып тұр. Екінші толқынға дайындық жүріп жатыр. Оның қарқыны қандай боларын тап басып ешкім айта алмайды. Бір Алла біледі. Дәрігерлердің қолынан келері – науқасқа көмек көрсету. Дәрі-дәрмек жетіп тұрса, көп қиындық болмауы тиіс. Бұл вирусты тек иммунитет жеңе алады. Сол үшін иммунитетті көтерген ләзім», – дейді. Министр Алексей Цой қазір «ахуал тұрақты» екенін айтып отыр. «Көршілес елдерде, әсіресе Еуропа өңірінде, ТМД елдерінде ауру өсімі байқалады. Сондықтан біз үшін осы ахуалды ұстап қалу өте маңызды. Көрсеткіштер жақсы болғанына қарамастан төсек-орын қорын ұлғайтып, дәрі-дәрмек сатып алып жатырмыз», – дейді министр. Дегенмен екінші толқынның болмағаны маңызды. Ол үшін бетперде тағып, арақашықтықты сақтаған дұрыс. «Індет толқынының болу не болмауына біз өзіміз ықпал етеміз», – дейді министр. Сондықтан ең маңыздысы – әлеуметтік арақашықтық және бетперде. Сол үшін де сақтанайық, өзімізді сақтайық!