Елде 123 мыңнан аса үй пеш жағады
Елде 123 мыңнан аса үй пеш жағады
424
оқылды
Халықтың пеш жағу мәде­ниетін арттыру мақсатында жылы­ту маусымына дайындық кезеңінде, 15 тамыз – 15 қыр­күйек аралығында өрт қауіп­сіздігі айлығы өткізіліпті. Төтен­ше жағдайлармен күресушілер әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының, жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың үйлерін аралаған. «Халықтың әлеуметтік жа­ғы­нан осал топтарына, яғни аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарт­тарға, мүгедектерге баса назар аударылады. Мәселен, бүгінде елде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын және пеш жағылатын 123 157 жеке тұрғын үй есепке алынды. Соның іш­інде 106 482 үйді аралап шық­тық. Оның барысында 280 693 азаматқа кеңес-нұсқау берілді.  71 568 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталды, оның 29 668-і орнында жойылды», – деді ТЖМ. Газбен уланудан немесе өрттен болатын қайғылы оқиға санын азайту мақсатында жер­­гілікті атқарушы орган­дар­дың қаражаты, сондай-ақ демеушілік көмек есебінен 2020 жылғы 1 маусымнан бері 6 437 датчик сатып алынып, орнатылыпты. Соның ішінде 3 122-сі – табиғи газдың ағып кетуін, 3 222-сі – улы газ­дың та­рауын, 93-і түтіннің жайы­луын анықтауға арналған. Ор­нату барысында тұрғындарға датчиктерді жұмысқа жарамды күйде ұстау ережелері түсін­діріледі: үй иелері бұл үшін сен­­­сор­лардың батареяларын уа­­­қытылы ауыстыруы керек. Осы датчиктер газдың шекті нормадан асуына дер кезінде үн қатуға, қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді. Мысалы, 2019 жылғы жылыту кезеңінде 58 адам тұратын тұрғын үйлерде 15 датчик дабыл қағып, уақытылы хабар берген, қаншама адамның өмірін құтқарған. Тексерушілер пеш жағы­латын үйлердегі азаматтардың ыс қаупіне бейқам қарайтынын айтады: «Адамдардың көпшілігі ондай жағдайға ұшырамаймын деп жағдайды жете бағаламайды, осылайша қарапайым өрт қа­уіпсіздігі талаптарын елемей, қайғыға ұшырауы ықтимал. Тұрғындарға пеш жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын тағы да еске салғымыз келеді, оларды сақтау сіздің және жа­қындарыңыздың өмірі мен ден­саулығын сақтайды. Жылыту пештері мен жүйелерінің тү­тін мұржалары және басқа эле­­менттері тікелей жылыту мау­­сымы басталар алдында, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде жылыту пештерін 3 айда бір рет, үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтарды 2 айда бір рет күйеден тазартып тұру қажет», – деп ескертті ми­нистрлік. Бұдан бөлек, біріншіден, жанып жатқан пештерді қарау­сыз қалдыруға, сондай-ақ ол­ар­ды қадағалауды балаларға тап­сыруға; екіншіден, қатты отынмен жанатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қол­дануға; үшіншіден, жанғыш зат­тар мен материалдарды, мысалы аяқкиім, киім, отынның өзін пеш пен түтіндіктердің бетінен 0,5 метрден жақын жерде кеп­тіруге болмайды. Сондай-ақ жобалау нор­ма­ларында көзделмеген ысыр­маларды (жапқыштарды) пай­да­лануға; диаметрі 15 мил­лиметр кем саңылауы бар жапқыштарды пайдалануға жол берілмейді. Ақаулары бар, жарылып кет­кен пештерді жағуға тыйым са­лынады.  

Айхан ШӘРІП