Халықтың пеш жағу мәдениетін арттыру мақсатында жылыту маусымына дайындық кезеңінде, 15 тамыз – 15 қыркүйек аралығында өрт қауіпсіздігі айлығы өткізіліпті. Төтенше жағдайлармен күресушілер әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау органдарының өкілдерімен бірлесіп халықтың әлеуметтік осал топтарының, жетім балалардың, көпбалалы отбасылардың үйлерін аралаған. «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына, яғни аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты қарттарға, мүгедектерге баса назар аударылады. Мәселен, бүгінде елде халықтың әлеуметтік осал топтары тұратын және пеш жағылатын 123 157 жеке тұрғын үй есепке алынды. Соның ішінде 106 482 үйді аралап шықтық. Оның барысында 280 693 азаматқа кеңес-нұсқау берілді. 71 568 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық анықталды, оның 29 668-і орнында жойылды», – деді ТЖМ. Газбен уланудан немесе өрттен болатын қайғылы оқиға санын азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қаражаты, сондай-ақ демеушілік көмек есебінен 2020 жылғы 1 маусымнан бері 6 437 датчик сатып алынып, орнатылыпты. Соның ішінде 3 122-сі – табиғи газдың ағып кетуін, 3 222-сі – улы газдың тарауын, 93-і түтіннің жайылуын анықтауға арналған. Орнату барысында тұрғындарға датчиктерді жұмысқа жарамды күйде ұстау ережелері түсіндіріледі: үй иелері бұл үшін сенсорлардың батареяларын уақытылы ауыстыруы керек. Осы датчиктер газдың шекті нормадан асуына дер кезінде үн қатуға, қайғылы жағдайды болдырмауға мүмкіндік береді. Мысалы, 2019 жылғы жылыту кезеңінде 58 адам тұратын тұрғын үйлерде 15 датчик дабыл қағып, уақытылы хабар берген, қаншама адамның өмірін құтқарған. Тексерушілер пеш жағылатын үйлердегі азаматтардың ыс қаупіне бейқам қарайтынын айтады: «Адамдардың көпшілігі ондай жағдайға ұшырамаймын деп жағдайды жете бағаламайды, осылайша қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын елемей, қайғыға ұшырауы ықтимал. Тұрғындарға пеш жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын тағы да еске салғымыз келеді, оларды сақтау сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды. Жылыту пештері мен жүйелерінің түтін мұржалары және басқа элементтері тікелей жылыту маусымы басталар алдында, сондай-ақ жылыту маусымы кезінде жылыту пештерін 3 айда бір рет, үздіксіз жұмыс істейтін пештер мен ошақтарды 2 айда бір рет күйеден тазартып тұру қажет», – деп ескертті министрлік. Бұдан бөлек, біріншіден, жанып жатқан пештерді қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды қадағалауды балаларға тапсыруға; екіншіден, қатты отынмен жанатын пештерді жағу үшін тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтарды қолдануға; үшіншіден, жанғыш заттар мен материалдарды, мысалы аяқкиім, киім, отынның өзін пеш пен түтіндіктердің бетінен 0,5 метрден жақын жерде кептіруге болмайды. Сондай-ақ жобалау нормаларында көзделмеген ысырмаларды (жапқыштарды) пайдалануға; диаметрі 15 миллиметр кем саңылауы бар жапқыштарды пайдалануға жол берілмейді. Ақаулары бар, жарылып кеткен пештерді жағуға тыйым салынады.
Айхан ШӘРІП