Ботаникалық бақтағы тоқу күні
Ботаникалық бақтағы тоқу күні
– Бұл шараны Bergen әлеуметтік шеберханасы мен елордалық Мәдениет басқармасы ұйымдастырды, – деп хабар­лайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі. «Бүгінгі шараның негізгі мақсаты – тоқымамен айналысатын, үйренгісі келетін, қызығушылық танытқан адамдардың ба­сын қосып, оларға шеберлік сабақтарын көрсетіп, қолдау. Бізде ешкім тоқымайды, тоқыған күннің өзінде үйдегі үлкен әже­лерден басқа ешкім тоқымайды деген тү­сінік қалыптасып кеткен. Ашық ауада бар­лығымыз іс тоқып, жіп иіріп отырсақ, бұл стереотип бұзылады. Пандемия кезінде адамдар ішкі күйзелісті сезінсе, тоқу стресті жеңілдетудің бір әдісі. Бұл кәсіп тек тыныштандырып қана қоймай, қажет бол­ған жағдайда табыс көзі бола алады», – дейді Bergen әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы Рахима Мұқышева. Эпидемиялық жағдайды ескере оты­рып, барлық санитарлық ережелердің сақ­талуын қамтамасыз ету үшін, іс-шараға қатысушылар алдын ала тіркеуден өтті. Олар үшін кілемшелер, фотоаймақ және арнайы орындықтар дайындалды. Акцияға бүкіл отбасы мүшелерімен де келгендер бар. Іс-шара барысында қала тұрғындары да қызығып, ілмекпен тоқуға қосылған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шеберлікті игеруге ниет білдірген мектеп оқушылары тоқуға үлкен қызығушылық танытқан. Шеберлік сыныбына мүмкіндігі шектеулі әйелдер мен көпбалалы аналар да келді. Ашық аспан астында қуыршақ те­­атры қойылым қойып, филармония әр­тіс­тері әннен шашу шашты. Қонақтар үшін ойындар ұйымдастырылып, естелік сыйлықтар берілді. Тоқу мерекесіне қа­тысушылар қарттар үйіне сыйлық ретінде жылы шұлықтар тоқуға келісті. Бұл акцияға елорданың үш мектебі қосылуды жоспарлап отыр. Оқушылар үшін қосымша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ