Май ауданында мал басын арттыруды қолға алған кәсіпкерлер Цифрландыру бағдарламасының оң нәтижесін көруде, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн режимде өткізген баспасөз конференциясында Май ауданының әкімі Марат Ақтаев мәлім етті.
- Малдарға чип тағу жобасы былтырғы жылы қолға алынған болатын. Бүгінде шаруа қожалықтары оң нәтижесін көріп отыр. Чип орнатылғаннан кейін олар бұрынғыдай малды іздеп жүрмейді. Жауын-шашын кезінде үйден смартфон немесе ноутбук арқылы малдардың қайда жүргенін бақылап отырады. Ақшиман ауылдық округінде тағы екі шаруа қожалығы чип тағу тәжірибесін пайдалануға көшті. Осылайша Цифрландыру бағдарламасы жұмысты жеңілдетуде, - дейді Марат Ақтаев.Аудан әкімі суармалы жерлердің көлемі мен мал басын арттыру басты назарға алынғанын айтады.
- Мал шаруашылығын дамытуға ниет білдірген азаматтарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетіледі. Техника сатып алуға, вагондар орнатуға, инфрақұрылым тартуға субсидия мен жеңілдіктері бар несие беріледі. Бұдан кейін қайта өңдеу және экспорт туралы ойлануға болады. Биылғы жылы 15 шаруа қожалығы жаңа алаңдарды ашуға өз қаржысын салды, - дейді Марат Ақтаев.