Көкшетаулық праймеризге қатысушылар облыс орталығындағы ТЭЦ салу мәселесін, электр қуаты бағасының қымбат екендігін, таза ауыз судың жоқтығын айтып, оның нақты шешімдерін ұсынды.
Бүгін праймеризге қатысушылар арасында өткен дебат кезінде әр кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.
Мәселен, жұмысшы мамандығына деген тапшылық жайы айтылды. Қала ішіндегі автобустарға кәсіби жүргізушілер жетіспейтіндігін, аула ішіндегі балалар ойын алаңына күрделі жөндеу жүргізу керектігін айтты. Жалпы, Көкшетау қаласы республика бойынша электр қуатына төленетін жоғарғы тарифімен және әр пәтерде су жылытатын арнайы аристондардың орнатылғандығымен ерекшеленеді. Бірнеше жылдарға созылып кеткен ТЭЦ салу мәселесі әлі де шешімін тапқан емес. Праймеризге қатысушылардың дені үгіт-насихат жұмыстары кезінде сайлаушылармен кездесіп, олардың ұсыныс –пікірлерін өз сайлауалды бағдарламасына енгізген.