Өзбекстан Ирак пен Сириядан 235 ел азаматын қайтарады
Өзбекстан Ирак пен Сириядан 235 ел азаматын қайтарады
88
оқылды

Өзбекстан Сирия мен Ирактан өзінің 235 азаматын қайтарады. Бұл туралы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Өзбекстанның сыртқы істер министрі Әбдулазиз Камилов мәлімдеді деп хабарлайды Azattyq.

«Бүгін Сириядан 170 адам мен Ирактан 65 бала қайтарылады деп күтудеміз. Бұл тұрғыда бізге халықаралық ұйымдар мен Таяу Шығыста болып жатқан осы процестерге тікелей қатысушы мемлекеттердің қолдауы қажет. Бұл ең алдымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелерінің көмегіне қатысты», - деп мәлімдеді Камилов.

Ол сондай-ақ Өзбекстан мұндай ынтымақтастыққа дайын екенін және қайта оралғандарды сауықтыру, дұрыс қоғамға бағыттауда тәжірибелері барын айтты.

2019 жылдың 30 мамырында Өзбекстан «Мейірім» операциясы аясында Таяу Шығыстағы соғыс аймағынан 156 ел азаматын қайтарған еді, олардың басым көбі балалар мен әйедер.

Операцияға бірқатар шетелдік ұйымдар мен мемлекеттер, соның ішінде ЮНИСЕФ пен Қызыл Крест көмек көрсеткен.

Жергілікті БАҚ таратқан ақпарға сәйкес Сириядан оралған кей азаматтар сот алдында жауапқа тартылса, қалғандары сауықтыруға жіберілген.