«Қазір бәрін таныс шешеді» – облыс әкімінің туысынан жапа шектім деген орманшының жанайқайы
«Қазір бәрін таныс шешеді» – облыс әкімінің туысынан жапа шектім деген орманшының жанайқайы
Фото: Интернеттен алынды
Телеарнаның хабарлауынша, Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркінде екі жылдан бері қызмет пен ерекше қорғалуы тиіс ағаштардың саудасы қызған. Орманшының айтуынша, оларға тосқауыл болатын құзырлы орган оңтүстікте жоқ. Себебі, Сырдария-Түркістан саябағы басшысының орынбасары Ақыл Әбдіқадыров – облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің туған күйеу баласы, ал филиал директоры Нұржан Полатов – Отырар ауданында талай жыл әкім болған, қазір Созақ ауданының әкімі Салыхан Полатовтың ұлы. Үш жыл орманшы болған Абылайхан Шалдаровтың айтуынша, мұндағы Қызыл кітапқа енген тораңғыл мен жиде ағаштары жаппай қырқылып жатыр. Тоғайды қорғауы тиіс инспекторлары басшылардың пәрменімен ағаш саудагеріне айналғанын айтқаны үшін жыл басында жұмыстан кетіпті. Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі басшысының орынбасары мен парк филиалы директоры келгелі «өміріміз тіпті тозаққа айналды» деп күйінеді.

Бұрынғы орманшы Абылайхан Шалдаров: «2018 жылдан бері осы екі кісі келді. Полатов Нұржан мен Әбдіқадыров Ақыл деген. Ылғи сонымен қыз әкеп демалады. Бізді шақырып алады, «ойбай, тез, қой әкеліңдер, мына жерге шашлык істеуіміз керек. Коньяк, кальян шегуіміз керек». Әкелмесең, ертесіне сені заңмен жұмыстан шығарады», – дейді.

Орманды отап, ағашы отын ретінде сатады деген орманшы жанайқайын астандағылар тыңдаса дейді. «Әр түскен теңгені аға орманшының қалтасына басып, одан қалса, Нұржан Полатов пен Ақыл Әбдіқадыровтың жын-ойнағына саламыз» – деп ашынған орманшылар осыны басшыларға айтып, басы дауға қалған.

Бұрынғы орманшы Абылайхан Шалдаров: «Е, мынау не десем», Нұржан Полатовтың айтуы: «Ойбай, Абылай, сенің шаруаң болмасын, мына жұмыстан кет, мен сені істетпеймін, шық, болды, ары қарай еңбек қорғау бөліміне жазасың ба, қаржы полициясына жазасың ба, прокуратураға жазасың ба, мен өзім шешіп аламын. Қазір, Абылай, таныс шешеді. Ақыл (Әбдіқадыров – ред.) да: «Менің қайнағам тұрғанда, ешкім ештеңе істей алмайды», – дейді.

Ал осы мәселеге қатысты Сырдария-Түркістан саябағы басшысының орынбасары Ақыл Әбдіқадыров «мұның бәрі жала» дейді. «Орманшылардың өзі қылмыспен айналысып жүрген соң, қызметке келе сала, тәртіпке келтіреміз деп, ұнамай қалдық», – дейді Ақыл Әбдіқадыров.

Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі КММ бас директорының орынбасары Ақыл Әбдіқадыров: «Ағаш шаптыру, демалу, қой сойдыру дей ме... Қыздармен демалу деген сияқты...  Жоқ, қыздар жоқ ол жерде. Соның бәрі жала. Өйткені ондай тірлік болмаған. Жала-жабу, ар-намыс таптау көп қой ол жерде. Өзіміз ол жерде заңмен шешеміз ғой».

Басшы енді өз қызметкерлерін сотқа бермек. Ал әділдік іздеген орманшылар Түркістан облысында тоғайда болып жатқан көлеңкелі бизнеске тосқауыл қою үшін астанадағы шенеуніктер ақ-қарасын айтар деп үміттенеді.