Құс тұмауы адамға жұғуы мүмкін – дәрігер
Құс тұмауы адамға жұғуы мүмкін – дәрігер
Фото: Интернеттен алынды
281
оқылды

Себебі, дәрігерлердің айтуынша, бұл ауру адамға жұғады. Жоғары патогенді құс тұмауы адам үшін қауіпті, – деп жазады «Қазақпарат». Мамандардың айтуынша, негізінен ол ауру құстың еті мен жұмыртқасын пайдаланғаннан жұғады.

АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық испекциясының жетекшісі Марат Ибраев: «Қандай болмасын вирус 70 градустан артық ыстық температурада өледі. Сол себепті, шикідей піскен жұмыртқаны жеуге болмайды. Кімнің иммунитеті нашар, тыныс алу мүшелерінің созылмалы аурулары бар – олар да құс тұмауын жұқтырып, ауруы мүмкін. Бұған дейін де өңірде құс тұмауы тіркелді. Алайда әзірше адамдар оны жұқтырған жоқ», – дейді.

Құс тұмауын жұқтырған адамда оның белгілері тек үш күннен кейін ғана біліне бастайды. Құс тұмауының кәдімгі тұмаудан айырмашылығы жоқ: адамның дене қызуы көтеріледі, буындары сырқырап ауырып, тамағы қызарады, жөтел пайда болады. Кейде конъюктивит пайда болады екен.

«Ауру асқынған өкпе ісіп, пневмонияға ұласуы мүмкін. Қан тамырларының жұмысы бұзылып, іш өтеді, құсып, ми ісініп кетеді. Құс тұмауын жұқтырған адам әдеттегі тұмаудағы препараттармен емделеді», - дейді СҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Юлия Гайсина.

Мамандардың айтуынша, құс тұмауының алдын алу үшін құсты қамап ұстау керек.

«Құсқа берілетін жем-азықты жабайы құстар кірмейтіндей жабық ұстау керек. Ал құс еті мен жұмыртқасын рұқсат етілмеген жерлерде сауда жасаушылардан алмау қажет. Суды қайнатып ішуге немесе бөтелкедегі суды пайдалануға кеңес береміз. Қолды жиі жуып, маска тағыңыз және бір реттік сулықтарды пайдаланыңыз. Жалпы тұмаудан сақтанудың жақсы жолы – арнайы екпе еккізу. Ал аурудың алғашқы белгілері пайда болған жағдайда бірден дәрігерге көрінген жөн», – дейді Юлия Гайсина.

Айта кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстанда 10 елдімекен құс тұмауына байланысты карантинге жабылды.