Құлдық қамытын кигендер
Құлдық қамытын кигендер

Халықаралық Walk Free Foundation қорының мәліметінше әлемде 40 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр. Олар ауыр жұмысқа күштеп жегіліп не тән саудасымен айналысуға мәжбүр. Құлдар саны жөнінен Солтүстік Корея – бірінші орында. Ал алғашқы ондық құрамына Эритрея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкістан, Иран мен Камбоджа кіреді. Біздің елде де құлдыққа ұшырағандар жетерлік. Соңғы он жылда Қазақстанда 1,5 мың адам құлдыққа түскен.

Құлдықпен күресетін халықа­ралық ұйымдардың дерегінше, жыл сайын 800 мың адам құлдық саудасының құрбаны болады. Заң­сыз бизнестің жылдық айналымы 9 миллиард долларға жуықтайды. Адамды ұрлап әкетіп құлдыққа сатумен қатар өз еркімен жұмыс істеймін деп барып артынан не жалақыға, не ішер асқа зар болып, құлдық қамытын «өз еркімен» киетіндер де бар.

2006 жылы Қылмыстық ко­дексте «Адам саудасы» деген жаңа бап пайда болды. Конститу­ция­мызда «Адам саудасымен айналы­су – аса ауыр қылмыс» деп жазыл­ған. Заң актілеріне сәйкес, қазақ­стандық сот адам саудасымен ай­налысқандарды 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айырады.

Былтыр ІІМ-нің «Стоп-тра­фик» жедел алдын алу операциясы кезінде адам саудасына байла­ныс­ты 100-ге жуық қылмыс анық­тал­ған. Анықталмағаны қаншама?!

Біздің елдегі құлдық, негізінен ауылдық жерлерде мал бағу мен құрылыста кездеседі. Жақында отыз жылға жуық Қазақстанда құл­дықта болған Ресей азаматы қа­мытын шешті. Жарты ғұмырын жат жерде өткізген Дмитрий Қос­танайдағы қоғамдық қордан қол­дау іздеп келген көрінеді. Әлім­жет­тік көріп, әбден жасқанып қал­ған Дмитрий құлдықтан құ­тылса да әлі күнге бәзбіреулерден қорқатынын айтады. Осыдан 29 жыл бұрын Көкшетау жаққа жұ­мыс іздеп кел­ген ол құлдық құрығына ілігіпті. Кейін оны қожайыны Алматы жақ­қа апарған. Онда 11 жыл бо­йы­на біреудің малын бағып, отын жаққан. Айтуынша, ешкім ұрып-соқпаған. Тек еліне қайтарамыз деген құр уәдемен тегін жұмыс істеткен.

Ал Жамбыл облысы Байзақ ауданының бір бұрышындағы бел­гісіз фермада 11 жыл бойы құл­дықта болған Бейсен Анарбековті қой жайып, қора сыпырып жүрген жерінен әпкесі тауып алыпты. Бейсен болса: «Бір тиын ақша төлеместен, малайлыққа ұстап отыр мені. Ішіп алғанда ұрады. Қашып кетейін десем, қорқытады. Осы жерді жалғыз өзім қараймын, үйге баруға қорқамын. Бармаймын. Ол құжатымды бермейді. Өлтіреді» деп зар жылаған.

Ұрып-соғып мал соңына сал­ған­дардан зәрезап болып қорқып қалғандар болса өздерін қанаған­дардың аты-жөнін айтуға қорқады.

11 ай бұрын із-түссіз ке­тіп та­былған Ақтөбе қаласының тұр­ғыны Жангелді Міржақып Те­мір ауданы Кеңқияқ ауылында құл­д­ықта болған. Орталық базарда жүрген оған бөгде адам келіп ұсы­ныс білдірген. Сөйтіп, ол айына 30 мың теңгеге мал бағуға келіскен. Осы келісіммен Жангелді Мір­жақып ауылға барып, ірі қара мал мен қой баққан. Бірақ шаруа­шы­лық иесі оған жалақы төлемей қой­ған. Кейде ұрып, жазалап кел­ген. Отбасы құрмаған, ағаларының жанында тұратын Жангелді Мір­жақыпқа бірнеше ай бұрын іздеу жарияланып, Ішкі істер орган­да­рының жоғалғандар тізіміне қо­йылған. Қойды қозысына қоса алмаған кезде шаруашылық иесі оны кезекті рет соққыға жыққан, сол жерде сауыншы болып жұмыс істейтін ауыл тұрғыны полицияға хабар береді.

Құқық қорғау орындары тек­серу барысында еркінен тыс жұ­мысқа жегілгендер де табылып жа­тады. Олардың көбі жаңа сөз бол­ған Жангелді сынды іздеу жа­рияланып, жоғалып кеткендер ті­зіміне енгендер. Осындай тексеріс кезінде 59 жастағы қарағандылық азаматты Ақтоғай ауданында қыс­тақтың бірінде мал бағып жүрген кезде тапқан. Құлдықта үш жылын өткізген Михаил қашып кетуге мүмкіндік болғанын, бірақ қыстақ облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқандықтан, жолда ұсталып, тепкінің астында қалудан қорыққанын айтады.

Балалықтың қызығын көрме­ген, мектеп табалдырығын да ат­тамай, төрт жасынан бөгде адам­дардың малын бағып жан сақтап жүрген әйел Түркістан облысында жұмыс істеп жүрген жерінен та­былған. Бейбақ өзінің ұлтын да біл­мейді. Өзін бірде қазақпын десе, енді бірде тәжік немесе қыр­ғызбын деген. Ал «Қорғау-Астана» же­ке­меншік қорының жетекшісі Анна Рыльдің айтуынша, жалшы әйел өзінің жасын да толық біл­мейді екен. «Қазақстанда әркімнің қыстағында жұмыс істегенін ай­тады. Оны жас кезінде тұрмысқа берген, екі баласы бар. Үлкені 10-да болса, кішісі – 5-те. Олар да ше­шесінің кебін киіп, ауыр жұ­мысқа жегіліп, мал бағып, қора тазалап жүрген жерінен табыл­ды. Бұл балалар да әлі мектепке бармаған болып шықты» дейді Анна Рыль.

Айта кету керек, елімізде бас­қаның еңбегін қанау құрылыста да кең түрде белең алған. Өзбек­стан­ның Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, 20 өзбек азаматы Қазақстанның Алматы облысы Қаскелең қаласындағы уақытша орында тұрып жатыр. Мәлімет бойынша, 23 маусымда консулдық қызметкері Алматы облысы Жам­был ауданы Мыңбаев ауылына барған. Сол ауылда Өзбекстанның Хорезм облысынан келген 20 аза­мат анықталған. Олар кірпіш за­уытында жұмыс істеген болып шықты. Мигранттардың төлқұ­жат­тарын алып қойғаны анық­талды. Өзбек азаматтары жұмыс беруші айлық төлемеген соң, жергілікті құқық қорғау орган­дарына шағымданған. «Шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа сал­ғаны үшін қылмыстық іс қозғалды» деп хабарлады Өзбекстанның Сырт­қы істер министрлігі.

Ал Қырғызстандағы Қарасу ауданының тумасы Элзада Му­ми­нова 2004 жылы 15 жасында Қазақ­станға жұмыс істеуге келіп, құл­дыққа түскен. Еліне жуықта ғана бір баласымен оралған оның екі баласы Қазақстанда қалған. «За­мандас» қауымдастығының Қа­зақстандағы өкілі Алтынбек Сы­дықовтың айтуынша, Қырғызстан билігі мен қоғамдық ұйымдары Элзада Муминова жайлы алғаш Жамбыл облысы Ақтерек ауылы имамынан естігеннен кейін оны құлдықтан босатқан. «Әке-шешем жоқ. Мұндай күйге түсетінімді білсем, «өлтіремін» десе де, Қазақ­станға кетпей, өз елімде қалар едім. Олардың мені құлдыққа қа­лай сатып жібергенін тіпті түсінбей де қалдым. Мені 1972 жылы туған бір кісіге 150 мың теңгеге бергенін Жаркентте бір-ақ білдім. Ол «сені сатып алдым, қа­шып кетуге ты­рыссаң, түрмеде ші­рітем» деп қор­қытты. Бұған қат­ты ашуландым, бірақ қарсыласуға қорықтым. Сөй­тіп, әлгі жігіттің әйе­ліне ай­налып, екі ұл таптым», – дейді Элзада. Ол Қазақстанға 7-сыныпта оқып жүр­генде бала бағу үшін кеткен. Оны Рахат есімді шала та­ныс әйел алдап әкетіп, шекарадан құжатсыз өткіз­ген. «Қазақстанға 2004 жылы Қа­ра­су ауданынан кеттім. Елге сол кез­ден бері қайта алмай, жуырда әрең босадым. Құл­дыққа қалай түстім дейсіз бе? Қыр­ғызстанда Рахат есімді әйел мен оның Ұлан деген күйеуін тани­тынмын. Әке-шешем қайтыс бол­ғаннан кейін күн көру қиындап жүрген кезде екеуі «Жұ­мыс істеуге барасың ба?» деп сұ­рады. Бұл ұсынысқа қуана ке­ліс­тім. Ол кезде 7-сыныпты әрең бі­ті­ріп, каникулда жүргенмін. Рахат «15 мың теңге төлеймін, тамақтан тарық­тырмай, баспанамен қамта­масыз етемін» деп уәде етті. Менің құ­жат­тарым жоқ болатын, бірақ олар кү­тіп алған адамдарға 10 мың теңге беріп шекарадан өткізді. Жам­­был облысындағы Айнабұлақ ауы­лы­на осылай тап болдым» дейді ол.

Жоғарыда айтылғандар – біз­дегі құлдықтың бірсыпырасы ғана. Ал әлем ғана емес, өз елімізде бо­лып жатқан мұндай құқық­бұ­зу­шы­лықтарды сағаттап айтуға болар. Қазақстан адам саудасына қарсы заңды күшейтіп, осындай қылмыс құрбандарын қорғауды жақсарт­қанымен, мемлекет ішін­дегі адам саудасы әлі де үлкен мәселеге ай­на­лып отыр. Бұл ту­ралы АҚШ мемлекеттік департ­а­ментінің әлем елдеріндегі адам сау­дасы туралы жариялаған 2017 жылғы есебінде: «Қазақстан Үкіметі адам саудасын жоюдың ең төменгі стандарттарына да сай келмегенімен, соған тыры­сып жатыр. Үкімет адам сауда­сымен айналысқандарды қудалап, соттау және адам саудасы құрбан­дарын қорғауға кәдімгідей күш салуда» делінген. Олай болса, еш­бір адам өмірге «құл болам» деп кел­мейді, соны ұмытпайық!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ