Ахуалың қалай, аударма?
Ахуалың қалай, аударма?

Әлем әдебиетін қазақ тілі­не аударуда мәселе жоқ. Қазақ әдебиетін өзге тілге аударуда ақсап тұрғанымыз қалай? Осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жоба­сымен Ұлттық аударма бюросы қазақ антологиясын БҰҰ-ның алты тіліне аударды. Бұл – көңіл сүйсінерлік жағдай. Одан бөлек, аударма ісінде қандай көкейкесті мәселелер бар? Қаламгер қауым бұған не дейді?

Әдеби аударма арқылы бірін-бірі білмеген халықтар бір-біріне тіл қататыны белгілі. «Халықтар бір-бірінің қуанышын, мұңын біледі. Әдебиет арқылы халықтар бір-бірінің жанын ашады. Демек, халықтар бір-біріне жақындай түседі. Өкінішке қарай, мұндай мүмкіндікке қолы жеткен халықтар соншалықты көп емес. Соның бірі – қазақ халқы. Сондықтан біз бүгінде әдеби аудармаға ерекше мән беріп отырмыз. Әдебиетіміздің озық үлгілері әлем оқушыларына жетсе екен дейміз. Егер бұған дейін қазақ ПЕН клубы санаулы ғана кітаптарды ағылшын тіліне аударған болса, соңғы жылы Қазақстан Үкіметі бұл істі өз қолына алды. Қазақ әңгімелері мен өлеңдерінің екі томдық антологиясын БҰҰ-ның алты тіліне аударып, жарыққа шығарды. Жазушылар бұл жобаға үлкен үміт артып отырмыз», – дейді белгілі жазушы Смағұл Елубаев.

Қазір «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­­лық» жобасы аясында Ұлттық ау­дарма бюросы құрылды. Бюро әлем­нің ең озық 100 кітабын қазақ тілі­не аударуға кірісіп кетті. Жоба аясын­да оқулықтардың алғашқы легі оқырма­нына таныстырылып та үлгерді. Одан бөлек, қазақ антологиясын шет тіліне ау­да­ру мәселесін де қолға алғаны бел­гілі.

Жазушы: «Олар әлемнің үл­кен тілдеріне аударатын тә­жіри­белі аудармашыларды биыл Ал­матыға шақырды. Біз олармен жүз­бе-жүз кездестік. Жұмыс жү­ріп жатыр. Алайда бұл ком­мер­ция­лық жоба емес. Екі томдық анто­логия әлем кітапханаларына және гуманитарлық универ­си­тет­терге таратылмақ. Алда қазақ әде­­биетін коммерциялық мақсат­та аудару жобасы күтіп тұр. Осы орай­да, біз отандық аударма бю­ро­сына бір идеяны айтумен ке­ле­міз. Ол қандай идея? Ол әдеби агент­тік идеясы батыста ком­мер­ция­лық жобалармен тікелей тә­жі­рибелі агенттер айналы­са­тыны бел­гілі. Олар шығарманың ком­мер­циялық тағдыры қай елде қа­лай қалыптасады? Соны алдын ала болжайды. Белгілі бір тілге бел­гілі бір кітапты аударуға кеңес бе­реді. Әрі кітаптың сол тілге са­палы аударылуын қадағалайды. Кі­тап басылып шыққаннан кейін оның таралуын қолға алады. Яғни, кітаптың коммерциялық тағдырына жауап береді. Әрбір ел­дегі оқырмандар талабын жетік бі­летін осындай әдеби агент­тер­мен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана біздің кітаптардың шетелдегі коммерциялық тағдыры дұрыс қалыптасады. Аударылған кітап шы­ғатын елдің осындай тәжі­ри­белі агенттерімен қоян-қолтық жұмыс болмаса, біздің кітап­та­ры­мыз ауаға атылған оқтай құр бос­қа кетуі мүмкін. Мұны неге айтып отыр­мыз? Біз осындай бір келең­сіз аударманы көргеннен кейін ай­тып отырмыз. Егер де, бұл ау­дарма ісін о бастан испандық әде­би агент қадағалаған болса, мұн­дай нонсенс болмаған болар еді. Бұл нені көрсетеді? Бұл бел­гі­лі бір шығарманы таңдау және оны белгілі бір тілге аудару про­це­сін сол тілдің нағыз маманы – әде­би агенттер қадағалауы керек еке­нін көрсетеді. Өйткені на­рық­та аударылған кітаптың ком­мер­ция­лық   тағдырына әдеби агент­тер тікелей жауапты. Өкінішке қа­рай, Қазақстанда әдеби агент­тер дегенді әлі білмейді. Бұл инс­ти­тут әлі қалыптаспаған. Сон­дық­тан да бізде кітап нарығы қа­лыптаспай отыр. Бізге осындай инс­титут қалыптастыру керек» де­ген пікірді алға тартты.

Аударма мәселесінде шынайы ау­дармашылықпен айналысатын мамандар жоқтың қасы. Бұл – басы ашық мәселе. Өзге тілдерге а­ударуда шет тілін білетін ма­ман­д­арға жүгінері анық. Бірақ олар әдеби тілдің заңдылығын сақтай ала ма? Мәселе – осында. Әлем әде­биеті қазір табыс көзіне ай­нал­ған. Мұндай коммерциялық жо­баның басы-қасында әдеби агент­тер жүр. Аударма ісімен де, са­тумен де айналысатын – агент­тер. Олар кез келген әдеби шы­ғар­мадан табыс табуды көздейді. Оның өзінде сұранысқа ие бо­латын жобалар болмаса, барлық көр­кем туынды табыс көзіне ай­налады деу қиын. Кейде кітаптың шет тіліне аударылуының өзі – үлкен олжа. Өйткені қазақ әде­биетін ағылшын, француз, неміс оқырманы тани түссе, қаламгер­дің ұтқаны дер едік.

Көрнекті жазушы, Мем­ле­кет­тік сыйлықтың иегері Дулат Иса­бековтің «Гауһартас», «Біз со­ғыс­ты көрген жоқпыз» повестері ағыл­шын тіліне аударылды. Пье­салары да ағылшын төрінде қойыл­ды. Жазушының бұл шы­ғар­маларын ағылшын тіліне ау­дару­да әдеби агенттердің еңбегі зор. «Аударма ісі – өте күрделі мә­селе. Әсіресе, қазақ әдебиеті үшін күрделі болатындай да жөні бар. Кез келген көркем туындыны өзге тілден қазақ тіліне аударғанда кем­шілік болмауы мүмкін. Түп­нұс­қаны жақсы оқи алатындар көп. Ал қазақ тілінен өзге тілге аударылғанда мәселе туын­дауы­ның бір себебі – шығарманың де­ні орыс тілінен алынады. Кейде орыс тіліндегі нұсқасына көңі­лі­міз тола бермейтіні бар. Орыс ті­ліндегі нұсқасы сапалы болмаса, өз­ге тілге қалай дұрыс аударыл­мақ? Ал менің аударма жөнінен орыс тіліндегі нұсқасына айтар өк­пем жоқ. Шығармаларымның бар­лығы дерлік орыс тіліне са­палы аударылды. Ал ағылшын тілінде жарияланған нұсқасын оқи алмағандықтан, оған пәлен деп айту қиын. Бар сеніміміз – әдеби агентте. Әдеби агентім – Айт­матов академиясының прези­денті Рахима Абдувалиева. Ол орыс­ша да, қырғызша да, ағыл­шын­ша да жақсы біледі. Сон­дық­тан әдеби агентім тауып берген аудар­машыларға сендім. Сенетін де жөнім бар: «Біз соғысты көр­ген жоқпыз» кітабы ағылшын ті­лінде шыққаннан кейін Лон­донда тұсаукесерін өткіздік. Шара барысында аудармашым жиылған қауымға үзіндісін оқып берді. Жи­налған көпшілік ықыласпен тың­дап, ризашылық білдіріп жат­ты. Егер шығарма өз дең­гейін­де аударылмаса, ағылшын оқыр­маны тарапынан мұндай ықы­лас болмас еді. Сол себепті, шы­ғармаңның тағдыры – аудар­ма­шының қолында. Қазір «Гауһар­­­тасты» швед тіліне аудара­мыз деп, шведтер арнайы келіп кетті. Швед тіліндегі нұсқасы қалай болатынын уақыт көрсетер. Бір білерім – олардың аудармаға жоғары талап қоятыны» дейді.

Жақсы шығарманың өзге тіл­ге аударылғаны қажет-ақ. Бірақ шығармаға қойылатын талап қан­дай?! Кез келген шығарма ағыл­шын, француз оқырманына же­те бере ме? Талапқа сай келетін шы­ғарманы қалай анықтаймыз?


«Қазір аудармашыға қойы­латын талап та өзгерді. Аудар­ма­шы ең алдымен сол елдің азаматы әрі аудармашы деген сертификаты болуы тиіс. Яғни, ағылшын тілін­де түс көретін адам ғана жақсы ау­дарма жасай алады деген сөз» дей­ді қаламгер.

Аударманың сәтті шығуы – ау­дармашыға байланысты. Ал ау­дармашының бәрі бірдей мық­ты ма? Арасында тілді жетік біл­ге­німен, аударма саласында тә­жір­и­бесі жоқ маман болуы да мүм­кін. Сонымен, аударма ісінде қан­дай проблема бар дегенге, Ұлт­тық комиссия жанындағы Ор­фографиялық жұмыс тобының мүшесі, аударматанушы Нұрсәуле Мақсұтқызы «Біздің ең бірінші проблемамыз – науқаншылдық» дейді. «Автордың ерекшелігін көр­сете алмасақ, не халқымыздың жұрт сүйсінетін бір қасиетін бере алмасақ, қаржыны қайда шашып жатырмыз? Мақсат не? Аударма – шығарманың өзі іспетті жылдап жа­зылатын дүние. Жақында Әлі­бек Асқаровтың «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» деген біраз оқыр­манға жақсы таныс романы­ның ағылшын тіліндегі аударма­сын қарап шығамын деп, жаға ұстадым. Маған да түпнұсқасымен салыстыра тексермек түгілі роман­ды оқып шығуға да жетпей­тін уақыт берілді. Амал қанша, осы саланың маманы болған соң қарауым керек. Баспаға кетіп бара жатқан еңбектің ағылшын тіліндегі нұсқасын сипаттауға тіл жетпейді.

Орысшадан Google-ге салып алғандары сол күйі көрініп тұр. Машина аударманың бірін түз­етсе, бірін түзетпеген. Ұлттық мәдени ұғымдарымыз шала-шар­пы, кейбірі қате түсіндірілген, онда да бірі болса, бірі жоқ. Әй­теуір түсіндіру керек дегенді бі­летін тәрізді. «Асар»-ды бүкіләлем бірігіп жасайтын бизнес дей ме, «мал сою» дегенді «малды пышақ салып өлтіру» деп аударып кете берген. Ономастикалық атаула­ры­мыз әркелкі жазылғанымен қоймай, орысша Semirechiye, Semipalatinsk, Ust-Kamenogorsk, Yableneva (Алмалы дегендері) болып жазылған, одан қалса, Amira, Kaysekena деп орысша жал­ғауларын қалдырмай ертіп жүр. Не жоқ десеңізші ішінде, тыныс белгі, басқа ұсақ-түйегін айтпай-ақ қояйық, ең қызығын айтайық, «сәуегейлік, көріпкел­дігі бар кісі» дегенді «Пайғамбар» деп қойып қалады.

Бұрын «Көшпенділер» трило­гиясының аудармасын басқалар аударып, бізге осыншама зиян кел­тіріпті деп жазып едік. Енді мы­наған не айтарымызды да біл­мей қалдық.

Айтпақшы, бұл аударманы Әлі­бек Асқаров ағылшын тілінің өзі­нің өкілі оқып шықсын деп Еу­ропаға да жіберіп алған екен. Бірақ әлгі тексерген кісі әр жері­нен бір түртіп, түзете алатын қа­те­ле­рін де түзетпепті.

Біріншіденаудармашылар­дың орысшадан аудару себебі – мәтінді Google-ге салып алса, көп жеңілдік тудырады. Ғаламтор орыс­шадан жақсы аударады. Өз басым, ағылшын-қазақ, қазақ-ағылшын онлайн аудармасын же­тілдіруге үлес қосып жатқан жоқ­пын, уақытым жетпейді.

Екіншіден, шетке шығып жат­қан аударманың артында қа­лың елім тұр деп, жанын шү­берекке түйіп отыратын аударма­шылар жоқ десек қате болар, аз да болса бар шығар. Бірақ біз оларды таба алмаймыз, жақсылап іздемейміз.

Үшіншіден, білім мен білікті­лік жетіспейді. Ағылшын тілінде осындай жұмыстарды атқара алатын мамандарды кәдімгідей қолға алып, сақадай сай қылып қоятын уақытымыз еді қазір. Кез келген аударма саласына маман­данған аудармашы ақпарат­тық стильде жазылған мәтіндерді аударып кете алады. Ал көркем әде­биетке келгенде, мәселе бас­қаша екені белгілі. Көркем туын­дыны түпнұсқа авторына бер­гісіз етіп, шебер ғана аудара­ды. Сөзге ұсталықтан кенде қалмаған үлкен халық болсақ та, шынайы маман­дар­ды іріктеуге келгенде, ұсақта­лып кетіп, тамыр-таныстыққа жол беріп алып отырған жоқ па екен­біз деген ойымды да жасыр­майын.

Төртіншіден, ізденіс жетіс­пей­ді. Керек болатын болса, бір сөй­лем аудару үшін де зерттеу жұ­мысын жүргізуіміз керек.

Осы аталғандарға енді сол нау­қаншылық деген нәубетті қо­сыңыз. Сонымен, сапалы аударма қай­дан болсын?! Айта берсек, ау­дармаға жол ашу деген сөз – Но­бель сыйлығын алатын шығар­маларымызға жол ашу деген сөз емес пе?» дейді.

Сауатты аударма жасау үшін сауатты маман қажет. Мықты ау­дармашыларды тәрбиелеп шы­ғаратын уақыт жетті. Бұлай кете бер­се, ұлттық болмысымызды та­ны­татын көркем дүниелер өзге тіл­ге шала-шарпы, олпы-солпы қал­пында жететін болады.