«Оқымаған адам – ойсыз» – Сенаторлар Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады
«Оқымаған адам – ойсыз» – Сенаторлар Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады
© Ғазиза Құдайберген
345
оқылды

Сенат депутаттары Үкімет басшысы Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы aikyn.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтей отырып хабарлайды.

Сенатор Нұртөре Жүсіп ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруда білімді, көзі ашық, парасатты, іскер, қайратты қазақ жастарының өркендеуі қажет екенін айтып, бүгінгі таңдағы ел тұрғындарының кітап оқудан қалып бара жатқанын жеткізді. Қазақстанда шамамен 4 мыңға жуық кітапхана бар. Ал ондағы кітап қорының саны – 112 млн дана. 19 миллионға жуық халқы бар Қазақстан ұшін бұл аз қор емес. Десе де осы кітаптардың басым бөлігі сөреде түртусіз тұр. Себебі үлкен қалалардағы ірі кітапханалар болмаса аудан-ауылдағы кітапханаларға оқырман сирек баратын болған. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншіден, интернет қарыштап дамығандықтан жастар барлық мәліметті смартфонға телміріп отырып табады. Кітапханада олардың қызығушылығын оятатын заманау шығармалар некен-саяқ. Екіншіден, аға буын Кеңес кезінде жазылған барлық роман шығармаларды оқып тастаған. Ал жаңа шығармалардың бар-жоғын олар білмейді. Сондықтан оқырманның назарын, қызығушылығын ояту үшін кітап оқыту жүйесіне жаңашылдық қажет. Сенат депутаттары бұл тұрғыда Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған Ұлттық бағдарлама қабылдау керек деп ойлайды. Олар алдымен кітап саудасының прогрессивті формаларын енгізуді, түрлі әдеби конкурстар мен байқаулар өткізуді қолға алу керек деп есептейді. Сондай-ақ жастардың басым бөлігінің интернетте отыратындығын ескере отырып аудиовизуальды және мултимедиалық материалдарды көбейту қажет деп санайды. Кітап саудасының тұралап қалғандығынан облыс пен аудан орталықтарындағы кітап дүкендері жаппай жабылды. Тек ірі мегаполистерде ғана кітап дүкендері жұмысын жалғастыра алды. Оның өзінде бірен саран оқырманды есептемегенде тек оқушылар мен студенттердің қажеттігін өтеу мақсатында ғана жұмысын жүргізе алды. Сондықтан сенаторлар кітап басу және кітап саудасы мамандарын даярлау уақыт талабы екенін еске салды. Төменде бір топ сенатордың атынан Нұртөре Жүсіптің Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалын толықтай жарияладық.  

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Ұ. Маминге

Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жақында ғана жасаған Жолдауында «Ұлттың жаңа болмысы» деген мәселеге ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы «Қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Ұлтымыз жаңа сапаға көшуі үшін біздің күнделікті өмірлік ұстанымдарымыз да өзгеруі керек. Қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу», - деп атап көрсетті. «ХХІ ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн» деген қағиданы бәріміз қолдаймыз. Бірақ қазір жұрт кітап оқудан қалып барады. Кітап оқымаған адам қалай білімді болады? Кітап оқымайтын қоғам қалай рухани кемелденбек? Кезінде Сократ, Платон, Сенека, Дидро сияқты данышпандар адамның рухани кемелденуіне кітап оқудың қандай пайдасы бар екенін айтып кеткен. Қазір тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кітап оқу үрдісі дағдарысқа тап болды. Соның салдарынан «вторичная неграмотность» деген ұғым пайда болып отыр. Халықаралық PISA және PIAAC зерттеулерінің қорытындысы Қазақстандағы мектеп оқушылары мен ересектердің білім сапасы сын көтермейтінін айғақтайды.
Нұртөре Жүсіп

Оқымаған адам – ойсыз. Мәдениетсіз адам – мыйсыз. Ойсыздар мен мыйсыздарды көбейткеннен еш мемлекет опа таппайды!

Ұлттың интеллектуалдық потенциалын арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде – кітап оқу өте маңызды. Интернет, телевидение, радио секілді ақпараттық құралдар арқылы алған ақпарат толыққанды білім негізін құрай алмайды. Сол себептен әлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік және қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта Ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық және балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Көрші Ресейде, 2014 жылы «Мемлекеттің мәдени саясатының негіздері» атты В. Путиннің Жарлығы шыққан. Осы жарлыққа сәйкес «Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқу бағдарламасының тұжырымдамасы» қабылданған. Онда құжаттық және ресурстық база, істің идеологиясы мен негізгі басымдықтар мен міндеттер толық айқындалған. Ресей Федерациясының әр субьектісінде осындай мазмұндағы арнайы бағдарламалар қабылданғанын айтқымыз келеді. Қазақстан Президенті еліміздің интеллектуалды потенциалын дамыту, адамдық ресурстардың сапасын, яғни халықаралық деңгейде бәсекеге төтеп бере алатын жастарды қалыптастыру міндетін алға қойып отыр. Осы мақсатқа жетудің бірден-бір жолы – жастардың ғылыми және көркем әдебиетке деген қызығушылығын арттыру. Жастар  дүниежүзілік және отандық көркем шығармалардан хабардар болуы керек. Осыған орай Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған  Ұлттық бағдарлама қабылдау керек. Онда:
  • Әлеуметтік маңызы бар кітаптарды сапалық тұрғыда жақсарту;
  • Кітап саудасының прогрессивті формаларын енгізу;
  • Кітап оқуға ынталандыру үшін грант-конкурстық жүйе енгізу;
  • Білім беру құрылымдарының әлеуметтік әріптестігін дамыту;
  • Азаматтардың ғылыми, әлеуметтік, техникалық, көркем шығармашылық қабілеттерін дамыту;
  • Кітапханалар қорын қағаз және электронды басылымдармен толықтыру;
  • Аудиовизуальды және мултимедиалық материалдарды көбейту;
  • Түрлі әдеби конкурстар мен байқаулар өткізу;
  • Кітап басу және кітап саудасы мамандарын даярлау;
  • Ұлттық интеллектуальдық және адами әлеуетін арттыру шаралары қарастырылуы қажет.
Кітап оқу мен оны дамытудың Ұлттық бағдарламасында отбасы тәрбиесінде отбасылық кітап оқу дәстүрін жаңғырту ісіне баса көңіл бөлген дұрыс. Кітап оқуды қолдау және дамыту – жалпыұлттық міндет болуы тиіс. Бұған мемлекет те, қоғам да бірінші кезекте мүдделі болмайынша алға өрлей алмаймыз. Ұлттың жаңа болмысын білімді, көзі ашық, парасатты, іскер, қайратты қазақ жастары қалыптастырады. Осыны есте ұстау керек! Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 27-бабына сәйкес, Сізден, жоғарыда көтерілген  мәселелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймыз.

Құрметпен, Н. ЖҮСІП М. БАҚТИЯРҰЛЫ А. ҚАПБАРОВА Д. НӨКЕТАЕВА А. НҰХҰЛЫ

 

P.S.: 1995 жылы Франция астанасы Париж қаласында өткен ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында 23 сәуірді "Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні" деп жариялағаны белгілі. Бұл күнді атап өтудің мақсаты – адамзатты әрқашан кітап оқуға шақыру, авторларды құрметтеу, ой иелерін ұлықтау. Бұл арқылы әлем елдері кітаптың адамзат дамуындағы рөлі мен мән-маңызын әлдеқашан мойындағанын білуге болады.