Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек партияның қоғамдық қабылдау кеңселеріндегі жұмысына тоқталды. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
– Жыл басынан бері Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау кеңселеріне еліміздің барлық аймағынан 140 мыңнан астам азамат өтініш білдірді. Көтерілген мәселелердің басым бөлігі жергілікті жерде шешілді. Қаралып жатқан өтініштер негізінде әр аймақ үшін жүйелі шешуді қажет ететін проблемалық мәселелердің картасы жасалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласынан келіп түскен шағымдардың басым бөлігі қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты болды, – дейді Бауыржан Байбек.
Ол сонымен қатар азаматтардың тұрғын үйлердің құрылыс сапасына, қызмет көрсету ұйымдарына көңілі толмағанын жеткізді.
– Мемлекеттік қолдау шаралары мен инвестицияларды тартудың арқасында өткен жылы ғана елордада 140-тан астам көппәтерлі тұрғын үй салынды. 35 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Азаматтардың көпшілігі құрылыс сапасына, қызмет көрсету ұйымдары мен ПИК жұмысына шағымданып отыр, – дейді ол.
Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қоғамдық қабылдауда көтерілген барлық мәселеге тиянақты қарау керек екенін айтты.
Осыған байланысты, Nur Otan партиясының елордалық филиалы бұл мәселені бақылауға алып, мемлекеттік органдардың жауапты өкілдерімен, құрылыс жүргізген және басқарушы компаниялармен, ПИК басшыларымен кездесіп, көтерілген проблемаларды талқылап, олардың шешу жолдарын қарастыруы керек. Тиісті материалдардың бәрі Nur Otan партиясының Орталық аппаратына жіберілді, – деп жазды Бауыржан Байбек.