Парламенттің әртүрлі шақырылымдарында сенатор болған белгілі тұлғалар қайтадан Жоғарғы палатаға оралды. Мұны Сенаттың қазіргі төрағасы Дариға Назарбаева «жұлдызды құрам» деп атады. Парламент ғимаратына шабыттана кірген қонақтарды осылай емен-жарқын қарсы алған Дариға Нұрсұлтанқызы Жоғарғы палатаның жалпы отырыс залында «Сенаторлар кеңесінің» бірінші құрылтайын өткізді.
«Саммитке» экс-сенаторлар Қуаныш Сұлтанов, Өмірбек Бәйгелді, Ғани Қасымов, Мұхтар Алтынбаев, Бексұлтан Тұтқышев, Жабал Ерғалиев, Бірғаным Әйтімова және басқалары шақырылды.
Қатысушыларға жүгінген спикер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Стратегиясы және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасы мен халыққа тұңғыш Жолдауы қоғамның және биліктің барлық органдарының алдына кең ауқымды әрі күрделі міндеттер қойып отырғанын ескертті.
– Елдегі осы жаңаруларда Парламент пен өңірлік мәслихаттарға ерекше рөл беріледі. «Біздің мемлекеттік биліктің формуласы: күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» деді Қ.Тоқаев. Сондықтан Сенатты күшейту, оның қызметін жаңа да заманауи мазмұнмен толтыру, палатаның және оның депутаттарының қоғамдық және әлеуметтік-саяси үдерістерде анағұрлым белсенді ұстаным ұстануы – біздің тікелей міндетіміз! – деді Д.Назарбаева.
Ол Ата заңға сәйкес, Парламенттің Жоғарғы палатасы салмақты өкілеттіктерді иеленгенін еске салды.
– Мемлекеттегі басты кадрлық тағайындаулар Сенатқа тәуелді. Ол ел бюджетін қалыптастыру және бекіту, сондай-ақ бюджеттің орындалуына бақылау жасау кезінде шешуші сөзге ие. Сенат Қазақстан ауыл-аймақ атынан өкілдік етеді және өңірлік мәслихаттардың дауысы саналады. Дәл біздің палата өңірлердің мүдделерін республикалық заңнамалық деңгейде барынша жақсы, толыққанды әрі конституциялық рәсімделген түрде ұсынады, – деді спикер.
Оның байламынша, Сенат – мемлекеттің берік қаңқасы. Ол мемлекет пен қоғам үшін маңызды тұрақтандырушы функция рөлін атқарады. Дариға Назарбаева өңірлердің республикалық деңгеймен диалогі және аймақтардың өзара сұхбаттастығы осы Жоғарғы палатада жүруге тиіс деген тың ой айтты.
Бұрынғы және қазіргі әріптестеріне қайырылған Д.Назарбаева еліміз өрлеуі және ілгері жылжуы үшін дұрыс, сарабдал шешімдер керек екенін, ал ол шешімдерде заманауи жасампаздық пен даналық, инновациялар мен тәжірибе өзара үйлесім табуға тиістігін атап өтті. Сенаторлар кеңесі құрылып, оған ақсақалдардың шақырылуы да осыдан.
Палата басшысының мәліметінше, Сенаторлар кеңесі – Жоғарғы палата жанындағы консультациялық орган. Спикер оның мүшелерінің міндетін түсіндіре кетті.
– Кеңес даналықты, тәжірибені, байсалдылық пен тұрақтылықты паш етуге тиіс. Біз оны тікелей диалогке көкейкесті проблемаларды талқылауға, оларды шешу бойынша ұсынымдар түзуге арналған ашық алаң ретінде көреміз. Кеңес мүшелері іс басындағы депутаттық корпусқа жақсы қолғабыс болады деген үміттеміз. Бізге сіздердің тәжірибелеріңіз, жігерлеріңіз, белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз қажет. Өйткені биік мақсатымыз бір, ол – қоғам мен мемлекет мүдделеріне қызмет ету, – деді Дариға Назарбаева.
Бұрынғы депутаттар Сенат қызметін, жұмыс регламентін өзгертуге және басқасына қатысты бірқатар ұсыныстар берді. Олардың барлығы мұқият зерделеніп, ескерілетіні мәлімделді.
– Сенаттың өзгеріп жатқан жаңа әлемдегі, алмағайып ахуалдағы рөлін түсініп алу керек. Регламент – бірінші кезекте палатаның қоғам, ел және мемлекет алдындағы жауапкершілігінің, өкілеттігінің, құқықтарының арақатысы саналады. Ендеше оны жаңғыртқан жөн. Сонымен қатар өкілеттіктер мен жауапкершілік деңгейін қайта қараған абзал. Оның барлығы регламентте бекітілуі тиіс, – деді Ғани Қасымов.
Отырыс барысында Сенаторлар кеңесі төрағасының орынбасары болып, бұрынғы депутат Бірғаным Әйтімова, ал хатшысы болып, қазіргі сенатор Нұрлан Қылышбаев сайланды.
Жиын соңында жаңа кеңесші органның жұмыс жоспары бекітілді.