Теннис: Путинцева мен Рыбакина Римде өзара кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады
Теннис: Путинцева мен Рыбакина Римде өзара кездесіп, ширек финал жолдамасын сарапқа салады
© Сурет ғаламтордан
Қазақстандық Юлия Путинцева Рим WTA турнирінің үшінші айналымына шықты. Дүниежүзілік рейтингте 30-орында тұрған Ю.Путинцева екінші айналымда әлемнің 16-ыншы, осы айтулы доданың 8-ракеткасы, хорватиялық Петра Мартичпен шеберлік байқасты. П.Мартич рейтингі жоғары болғандықтан, жарысқа екінші айналымнан қосылды. Жуырда Ю.Путинцева US Open турнирінің төртінші айналымында хорватиялық теннисшіні қапы қалдырып, өз спорттық жолында алғаш рет АҚШ ашық чемпионатының ширек финалына өткен болатын. Қазақстандық теннисші бұл жолы да матчты қарқынды бастап, бірінші партияда есепті 5:1-ге жеткізді. Бұдан кейін П.Мартич есепті қысқартқанымен, Юлия екінші рет сетке доп бергенде, мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:3. Екінші сетті Ю.Путинцева брейкпен бастағанымен, қарсыласы есепті теңестірді – 1:1. Бұдан кейін Юлия қатарынан төрт гейм алып, есепті тағы да 5:1-ге жеткізді. Жеңіс бір табан жақын қалғандай көрінген. Алайда хорватиялық теннисші таразы басын теңестіріп қана қоймай, тай-брейкте табысты ойнады – 7:6 (7:2). Үшінші, шешуші партияда қарсыластар алғашқы төрт геймде брейкпен алмасты – 2:2. Есеп 5:4 болғанда, қазақстандық теннисші брейк жасап, матчты сәтті түйіндей білді – 6:4. Аса тартысты өткен бәсеке 3 сағатқа жуық уақытқа созылды. Ю.Путинцева ширек финалға шығу үшін отандасы, әлемнің 18-інші, осы турнирдің 10-ракеткасы Елена Рыбакинамен таласады. Италия астанасындағы дода 21 қыркүйек күні мәреге жетеді. Өткен жылы бұл жарыста чехиялық Каролина Плишкова жеңімпаз атанған еді. Ол финалда ұлыбританиялық Йоханна Контаны 6:3, 6:4 есебімен ұтқан болатын. Биыл турнирге әлемнің екінші және төртінші ракеткалары, румыниялық Симона Халеп пен К.Плишкова бастаған мықты теннисшілер қатысуда.