Тиімді бастамалар мәселе шешуге ықпал етеді
Тиімді бастамалар мәселе шешуге ықпал етеді
130
оқылды
Мәселен, елорданың іргесін­де орналасқан Целиноград ау­данының тұрғындарын маза­лай­тын негізгі мәселелер прайме­ризге қатысушылардың сай­лауал­ды бағдарламаларында жарық көрді. Әр кандидат өзінің нақты шешімін ұсынса, ерей­ментаулық праймеризге қатысу­шылар ауыл шаруашылығы сала­сына көңіл бөлу керегін жеткізді. Праймеризге қатысушы­лар­дың арасында білім сала­сындағы қордаланған мәселелерді ше­шуге, Қоянды, Қосшы, Талапкер ауылдарының мәселесін, үш ауысымдағы мектептердің мә­селесін шешу бойынша ұсыны­сын айтқандар болды. Сондай-ақ жол сапасын жақсарту, таза ауызсумен қамтамасыз ету, аула­ларды абаттандыру мақсатында елімізде жоқ тәжірибелерді ұсын­ды. Ал көкшетаулық праймеризге қатысушылар облыс орталы­ғындағы ТЭЦ салу мәселесін, электр қуаты бағасының қымбат екенін, таза ауызсудың жоғын айтып, оның нақты шешімдерін ортаға салды. Пікірсайыс кезінде жұмысшы мамандығына деген тапшылық жайы айтылды. Қала ішіндегі автобустарға кәсіби жүргізушілер жетіспейтінін, аула ішіндегі балалар ойын алаңына күрделі жөндеу жүргізу керегін айтты. Жалпы, Көкшетау қаласы республика бойынша электр қуа­тына төленетін жоғарғы тари­фімен және әр пәтерде су жылы­татын арнайы аристондар­дың орнатылғанымен ерекшеле­неді. Бірнеше жылдарға созылып кеткен ТЭЦ салу мәселесі әлі де шешімін тапқан емес. Прай­меризге қатысушылардың дені үгіт-насихат жұмыстары кезінде сайлаушылармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін өз сайлауалды бағдарламасына енгізген. Шығыс Қазақстан облы­сында өткен ашық пікірсайысқа қатысушылардың бірі Дархан Абулханов ауылдық жерлерде тұратын халықты таза сапалы ауызсумен толықтай қамтамасыз ету, жол мәселесі, білім саласын­дағы түйткілдер, Денсаулық са­ла­сындағы кезек күттірмей ше­шуді қажет ететін сұрақтар осы­ның бәрін өз бағдарламамның басым бағыттары етіп алып отыр­ғанын айтты. Тағы бір Өске­мен қаласынан праймеризге қатысушы үміткер Әскерхан Хуанбай қандастарға қатысты мәселелер аз емес, азаматтық алудағы түрлі қиындықтар, бас­панамен қамту, ортаға бейімдеу жұмыстарын жүргізу сынды мәселелерді алға тартты. Атырау облысындағы Махамбет ауданында өткен прай­мериз қатысушыларының арасындағы пікірталасқа партия­ластары әлеуметтік желі арқылы сауал жолдады. Олар үміткерлерге мемлекет деңгейіндегі келелі мә­селелерді емес, ауылдағы шешіл­мей жүрген басты проблемаларға назар аударуды сұрады. Халықты таза ауызсумен қамту, кәріз желі­сін жүргізу, мүмкіндігі шек­теулі жандардың өз кәсібін ашу секілді мәселелер көтерілді. Айта кетейік, дебаттар эпи­демиялық жағдайды ескере оты­рып өткізілуде. Бөлмелерде за­лал­сыздандырғыш заттар орна­тылған. Сондай-ақ қатысушылар мен көрермендерге медициналық маска үлестіріліп, кіреберісте дене қызуы тексеріледі.