Сыра жарнамасы сыйақыны арттыра ма?
Сыра жарнамасы сыйақыны арттыра ма?
201
оқылды

Алкоголь сусындары жарнамасы отандық БАҚ-қа қосымша табыс табуға жол ашады. Мұндай пікірді БАҚ саласындағы мемле­кеттік саясат депар­та­мен­тінің директоры Бақнияз Қарашина мәлімдеді.

Бақнияз Қарашина «Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заңнамалық акті­леріне ақпарат мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасаған еді. Баяндамасында: «БАҚ туралы» заңға өзге­ріс – Қазақстан аумағында өндірілген сыра мен шарап атауы немесе тауар белгісін жарнамалауға рұқ­сат берілмек. Бұл ережені ұсынбас бұрын біз халықаралық тәжірибе мен қазіргі медиасаланың жағ­дайын зерттегенімізді атап өткім келеді. Мәселен, Ресей, алыс жә­не жақын шетелде сыра мен ша­рап жарнамаланып жатады. Ал біздің отандық бұқаралық ақпарат құралдарымыз мұндай қосымша табыс көзінен қағылып отыр. Біз бұл мәселені жан-жақты зерттеп, салауатты өмір салтын қалып­тастыруға зиян тигізбеу жағын да қарастырдық» деп өзгерістің шетін шығарды.

БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директоры сөзінің жаны бар. Мұндай заң жобасы алыс-жақын шетелде де жүзеге асқан. Мысалы, Ресейде 2012 жы­лы сы­ра мен шарап жайында жарнамаға тыйым салынды. 2014 жылы қай­та қаралып, 2019 жылға дейін тек спорт телехабарлары мен радио­стансаларында жарнамалауға рұқсат берілді. Бұл 2018 жылғы Әлем чемпионатына байла­ныс­ты. Өйткені Anheuser-Busch InBev сыра компаниясы чемпионат­тың бас де­меушісінің бірі болды. 2019 жылдың ақпа­нында Ресей­дің Мем­лекеттік думасында біз­дікіне ұқсас заң жобасы талқы­лауға түс­ті. Маусым айында ве­дом­ство жар­нама ту­ралы заңға өзгертулер енгізетін федералдық заң жоба­сы­мен жұмыс істейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін Ақпарат және қоғамдық даму министрлік басшылығы осы заң жо­ба­сы төңірегінде мәлімдеме жасады. Ол елі­міздегі «Жарнама туралы» заң 2004 жыл­дан бері алкоголі аз ішімдіктерді жарна­малауға тыйым салғанын алға тарт­қан. Ұсынылған заң жобасы­ның БАҚ-қа берері барын нық­тады. Өйткені БАҚ субъек­тілері жарнама арқылы жұмыс істей­ті­нін қосты. ЕАЭО елдері, атап айт­қанда, Ресей, Бела­русь, Ар­ме­ния мен Қырғыз­станда алкоголі аз өнімдерді БАҚ-та жар­на­малауға тыйым салынбайды екен. Осы­лайша, бұл жағдай алкоголі аз ішімдік өн­діретін отандық кә­сіпкерлерге де, отандық БАҚ-қа да жағдай жасайтынын айтты.

Кезекті қағи­даттар орындалса, жар­нама бе­руге болатынын ескертті. Аталған сусындардың жарнамасы газеттің бірінші және соңғы бетінде, журнал мұқабасында көрініс таппауы керек. 22.00 мен 06.00-де телеарналар шарап пен сыраны жарнамалай алады. Қарашинаның айтуынша, заңға сәйкес бұл уа­қытта балалар теледидар көрмей­ді-міс. Алкоголь өнімдерін жар­на­малағанда зияны баяндалатын бейнеролик көрсетіледі екен.

Бақнияз Қарашина баянда­ма­сында: «Біз бұл тұста балаларды зиянды ақпараттан қор­ғау туралы заңды ескеріп отырмыз. Заң­ға сәйкес, балалар осындай уақытта те­ледидар алдында болмауы тиіс. Сәйкесінше, мұндай жарнама көрсетілімі оларға зиян келтір­мейді. Жарнаманы трансляциялау кезінде алкоголь сусындарының зияны туралы міндетті түрде ес­кертіледі және одан кейін сала­уатты өмір салтын қалыптастыру жайлы әлеуметтік ролик көрсе­тіледі» деп толықтырды.

Осыған қосымша Ақпарат және қоғам­дық даму министрі заң жо­басының ішімдік жарнамасына қатысты бөлігін Ішкі істер министрлігімен бірге зерт­тегендерін айтты. Мұн­дай жарнама­лардың көрсетілуі қыл­мыстың өсуіне әсер етпей­тінін қосты. Сон­дай-ақ жарна­мадан түскен табыстан әлеу­мет­тік жарнама саны артатынын жеткізді.


Бі­рақ жарнаманың адам психоло­гия­сына әсерін есте ұстағанымыз жөн. Қызығы, ин­тернет желісі мен қоғамдық ортадан, те­ле­дидар мен газет-журнал беттерінен бай­қаған жарнама адамды көзсіз еліктеуге алып келеді. 


Жарнама – табыс көзінің не­гізі. Google-дің 2018 жылғы нә­ти­жесі сөзімізге дәлел болады. Ком­пания жарнамадан 116,3 млрд доллар пайда көрген. Табыстың 32 пайызы цифрлы жарнамадан түскен. Жарнаманың әлеуметтік желіден басқа таралу аймағын зерттейтін Kantar Media компа­ниялар­дың шығынын есептеп шықты. Мысалы, ­Procter & Gamble жылына жарнамаға 2 млрд доллар жұмсайды екен.

Статистика көрсеткендей, жарна­маның БАҚ-қа пайдасы бар. Бі­рақ жарнаманың адам психоло­гия­сына әсерін есте ұстағанымыз жөн. Қызығы, ин­тернет желісі мен қоғамдық ортадан, те­ле­дидар мен газет-журнал беттерінен бай­қаған жарнама адамды көзсіз еліктеуге алып келеді. Жігеріміз жоқ де­генімен, бей­са­на­да­ғы ахуал мүлдем өзге­ше. Психологтың ай­туын­ша, жарнаманың аты – бәрібір жарнама.

Жарнаманың адам психоло­гиясына қалай ықпалы зор. Кез келген адам теме­кінің қорабын қолына ұстап оқып көрген болар. Қораптың сыртында темекі шегу денсаулыққа зиян, түрлі ауруға әкеледі деген ескерту жазба бар. Сыра мен шарапта да мөлшерден тыс пайдалану – денсау­лы­ғыңызға зиян деген ескерту бар. Ақыл-есі сау адамға бұл нәрсе дұрыс болып көрінеді. Түсінікті тілде зиян екені ескертіліп тұр. Бірақ адамның «сен оған жолама» деген нәрсеге жоламай бұрылып кеткен кезі болды ма? Тіпті бір мысал айтайын: «бұл әлі кеппеген, ұстама» деп ескерту жасағанда, сол ескертуге құлақ асып мектепте немесе үйде сырлап қойған есік, үстел немесе пар­таны ұстамай кеткен адам жоқ. Сол адамның көзін ала бере кепкен-кеппегеніне көз жет­кізу үшін саусақпен түртіп көреміз. Сыра мен шарап та сол секілді. Өйткені алғашқы адам пайда болған заманнан бастап адам психикасының құрылымы еш өзгерген жоқ. Тағы бір мысал: екі жеткіншек көшеде келе жатыр, жол шетіндегі бил­бордта «Есірткі пайдаланбау керек» деген жазу тұрады. Есірткі туралы ақпараты жоқ жеткін­шек­терде «бұл не нәрсе екен?» деген қызығу­шылық пайда болады. Адамның пси­хикасының құры­лымын жетік білме­гендік­тен, «иә, бұл дұрыс» деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде адамға мұның бәрі теріс әсер бе­реді. Сондықтан адам са­насына ықпал ете­тін эмоциялар жарнаманың ны­санасына ай­­налады. Формуласы қарапайым: бірін­шіден, адам көбінесе эмо­цияны түсін­бейді. Сол себепті сатып алушының «көзіне» жар­на­маның әсері жасырын болады. Екіншіден, әсер еткеннен кейін, бейсаналық адам психикасына «қысым жасай» бас­тайды, осы­лайша, сатып алушыға тауарды сатып алуға ынта­ландыру пайда болады. Өйткені санаңызды антагонистік түрде қа­былдау қиын бол­майды. Ал қазіргі уа­қытта кез кел­ген өнім шығаратын өндіріс, кор­порация және ком­паниялар адамның бей­са­насына әсер етіп, өнімін жылдам сатуды бірінші орынға қояды» дейді психология ғы­лым­дарының докторы Балабек Сақтағанов.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ