Әлеуметтік-экономикалық салаға басымдық берілді
Әлеуметтік-экономикалық салаға басымдық берілді
Қазіргі таңда коронавирус пандемиясының өршіп тұрғаны белгілі. Бүгінде індетті жұқтыр­ғандар саны 30 миллионға жа­қындап, соның 900 мыңы бұл өмірмен қоштасты. Шартарап­тың түкпір-түкпірінде енгізілген локдаунға байланысты әлем елдері бұрын-соңды кездеспеген эко­номикалық қиындыққа тап келді. Кәсіпорындар мен кәсіп­керлердің жұмысы тоқтап, бүкіл сала тоқырауға ұшырады. Ішкі жалпы өнім көлемінің өсуі баяу­ласа, кей мемлекетте, тіпті кері құлдырады. Мұның бәрі, әрине жаһан­дық ахуалға бейім­делген жаңа эко­номикалық даму жоспа­рын жасаудың қажетін туын­датты. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­тың Жол­дауында бұл ба­ғыт­та атқа­рылатын іс-шара­лар толық­қанды қамтылды деп айта аламыз. Мәселен, Президент өнер­кә­сіптік әлеуетімізді толық пай­далануды міндеттеп отыр. Осы­ған байланысты ұлттық эконо­ми­каның стратегиялық қуатын арт­тыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа сала­ларын дамытуға тапсырма берді. Яғни, қара және түсті металлур­гия, мұнай химиясы, көлік құрас­тыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларға алдағы уақытта тың серпін бе­рілмек. Экономикалық дамудың тағы бір бағыты шағын және орта бизнес өкілдерін қамтымақ. Локдаун кезінде зардап шеккен 700 мыңнан астам кәсіпкерге салық жеңілдіктері берілді. Төлем мерзімі кейінге шегерілді, несиені жеңілдікпен қайта қар­жы­ландыру мүмкіндігі ұсыныл­ды. Дегенмен мұның бәрі эко­но­микалық қиыншылықты ең­серуге жеткіліксіз. Соған байла­нысты Мемлекет бас­шысы эко­но­миканың зардап шеккен сала­ларындағы кәсіп­керлердің қа­зіргі барлық не­сиелерінің 6 па­йызға дейінгі жылдық мөлшер­лемесі бойын­ша мемлекеттік субсидия беруді тапсырды. Бұл да шағын және орта бизнесті қолдауға жасалған зор көмек. Шағын және орта бизнестің айналым қаражатын көбейтуге бағытталған арнаулы бағдарлама 2021 жылдың соңына дейін созылмақ. Осыған орай қосым­ша 200 миллиард теңге бөлу қажет. Сол арқылы бағдарла­маның жалпы құны 800 мил­лиард теңгеге дейін жетеді. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Жол­дауда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік секторға тие­сілі жылжымайтын мүлік ны­сан­дарын жалға алып отырған ша­ғын орта бизнес өкілдерін жыл соңына дейін жалдау ақысын төлеуден босатуды тапсырды. Қысқасы, экономи­каны жан­дан­дыру үшін ат­қарылған жұмыс­тардың нәти­жесінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнім­дегі үлесі 2025 жылға қарай 35 па­йызға дейін, ал жұмыспен қам­тыл­ғандардың саны 4 мил­лион адамға дейін көбеюі керек. Бұдан бөлек, Мемлекет бас­шысы ауыл шаруашылығын жолға қоюды, көлік-логистика кешенін дамытуды, ақша-несие саясатын қайта қарауды тап­сырды. Қорыта айтқанда, Пре­зидент Қ.Тоқаевтың Жол­дауында халықтың әл-ауқатын арттырып, мемлекет дамуына қажетті басым бағыттар айқын көрсетілді. Ен­дігі міндет – Жол­дауда айтыл­ған тапсыр­ма­лардың үдесінен шығу.  

Тарас ХИТУОВ, Мәжіліс депутаты, «Nur Otan» партиясының фракция мүшесі